Page 29 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.бжезинский. ҰЛЫ ШАХМАТ ТАҚТАС

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Бұл кәдімгі көпірме сөз. Алайда іс жүзінде Құрама Штаттар соншалықты айқын,
соншалықты табанды емес. Вашингтон Еуропадан шынында да әлемдік істердегі нағыз
тең дәрежелі әріптесті көргісі келе ме немесе оның көңілі тең емес одаққа ауа ма?
Мысалы, Таяу Шығыста, географиялық тұрғыдан Америкадан гөрі Еуропаға жақын
орналасқан және онда бірнеше еуропалық мемлекеттің ежелден өз мүдделері бар аймақта
- Құрама Штаттар көшбасшылықты Еуропамен бөлісуге дайын ба? Бірден Израильге
байланысты мәселелер еске түседі. Иран мен Ирак жөніндегі АҚШ пен еуропалық елдер
арасындағы алауыздықтарды Құрама Штаттар тең әріптестер арасындағы мәселе сияқты
емес, бағынбау мәселесі ретінде қарастырады.
Еуропаның бірігу процесін американдық қолдау дәрежесі жөніндегі екіұштылық сондай-
ақ еуропалық бірлік қалай анықталуға тиіс екендігі туралы мәселеге де, және әсіресе
біріккен Еуропаны қай ел басқаруы керек (жалпы, мұндай ел болуы керек пе) деген
мәселеге де таралады. Вашингтон Еуропаның кірігуі мәселесіндегі Лондонның
ыдырататын позициясына тіпті де қарсы емес, дегенмен Еуропада француз
көшбасшылығынан гөрі герман көшбасшылығын анық артық көреді. Француз саясатының
дәстүрлі бағытын ескергенде, бұл түсінікті де, алайда бұл таңдаудың да белгілі бір
салдарлары бар, ол салдарлар Германияға қарсы тұру мақсатындағы француз - британ
тактикалық келісімдерінің дүркін - дүркін пайда болуынан, сондай-ақ американ-герман
коалициясына қарсы тұру мақсатындағы Францияның әр кезеңде Мәскеуге
жалбақтауынан көрінеді.
Нағыз біртұтас Еуропаның дүниеге келуі - әсіресе, егер бұл сындарлы американ көмегімен
жүзеге асуға тиіс болса - Америка мен Еуропа арасындағы негізгі байланыстырушы буын
ретіндегі НАТО блогының құрылымы мен процестерінде елеулі өзгерістердің жасалуын
талап етеді. НАТО Еуропа істеріндегі американдық ықпалдың жүзеге асырушы негізгі
тетігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, саяси тұрғыдан келгенде аса маңызды американ
әскерлерінің Батыс Еуропада орналасуының негізі де болып табылады. Алайда еуропалық
бірлік осы құрылымның, дәстүрлі терминологиямен айтқанда, гегемон және оның
вассалдары болатын альянс орнына, азды-көпті тең екі әріптеске негізделген альянстың
жаңа болмысына бейімделуін талап етеді. 1996 жылы НАТО шеңберінде Батысеуропалық
одақтың (БЕО) - Батыс Еуропа елдерінің әскери коалициясының - рөлін арттыруға
бағытталған болмашы шараларға қарамастан, бұл мәселеге көп жағынан күні бүгінге
дейін көңіл бөлінбейді. Осылайша біріккен Еуропа пайдасына нақты таңдау НАТО-ны
мықтап қайта құруды талап етеді, мұның өзі альянс шеңберінде Американың басшылық
ролінің төмендеуіне сөзсіз жетелейді.
Қысқасы, Еуропаға қатысты ұзақ мерзімді стратегиясында американ жағы еуропалық
бірлік және Еуропамен нақты әріптестік мәселелерінде өз орнын анық белгілеп алуы тиіс.
Еуропаның біртұтас, демек, неғұрлым тәуелсіз болуын шын қалайтын Америка өзінің
бүкіл беделімен Еуропаның саяси һәм экономикалық кірігуін шын жақтайтын еуропалық
күштерді қолдауға тиіс болады. Сондай-ақ бұл стратегия АҚШ пен Ұлыбритания
арасындағы ерекше қатынастардың бір кезде батасы берілген соңғы белгілерінен бас
тарту деген сөз болуға тиіс.
Біріккен Еуропа құру жөніндегі саясат сондай-ақ - еуропалықтармен бірге болса да -
Еуропаның географиялық шекаралары туралы өте маңызды мәселеге де көңіл бөлуге тиіс.
Еуропалық Одақ шығысқа қарай қаншалықты кеңеюі тиіс? ЕО-ның шығыс шегі НАТО-
ның шығыс шекарасымен доп келуге тиіс пе? Осынау екі сұрақтың алғашқысы - ол
бойынша шешім, Еуропаның өзінде қабылдануға тиіс, алайда бұл мәселе турасындағы
еуропалық елдердің пікірі БАТО- ның шешіміне төте ықпал етеді. Екінші мәселе бойынша