Қазақстанның ашық кітапханасы
Американың Қиыр Шығыстағы рөлін сөз жоқ түбегейлі өзгертер еді, осылайша
Жапонияның да рөлін өзгертер еді. Мұның үстіне Оңтүстік Кореяның өсіп келе жатқан
экономикалық қуаты да оны өздігінен неғұрлым маңызды "кеңістікке" айналдырады, ал
оны бақылап отыру барған сайын құнды бола түседі.
Жоғарыда келтірілген геостратегиялық қарекет жасайтын күштер мен геосаяси
орталықтардың тізбесі тұрақты да, өзгермейтін де нәрсе емес. Кезі келгенде кейбір
мемлекеттер оған енгізілуі немесе одан шығарылуы мүмкін. Сөз жоқ әлдене тұрғыдан
Тайваньды немесе Таиландты, Пәкстанды немесе, мүмкін, Қазақстанды яки Өзбекстанды
да соңғы санатқа кіргізу қажет болатындай жағдай қалыптасуы ғажап емес. Алайда
аталмыш белесте жоғарыда айтылған елдердің әрқайсысының төңірегіндегі ахуал бізді
соған мәжбүрлемейді. Олардың кез-келгенінің статусындағы өзгерістер елеулі оқиға
болып, күштердің орналасуындағы кейбір өзгерістерді балалатар еді, бірақ олардың
салдары тым шығандап кетуі күмәнді. Егер әлдебіреу Тайваньды Қытайдан бөле-жара
қарастыратын болса, онда әлгі қатарға қосылмайтын бірден - бір ел сол болар еді. Бірақ
тіпті сол кезде де бұл мәселе, егер Қытай Құрама Штаттарға қыр көрсете отырып және
осы арқылы Американың Қиыр Шығыстағы саяси беделіне кең көлемде қатер төндіре
отырып, өзінің елеулі күшін аралды басып алуға пайдаланса ғана, күн тәртібіне қойылар
еді. Оқиғалардың бұлай өрбуінің ықтималдығы шамалы секілді көрінеді, бірақ Қытай
жөніндегі АҚШ саясатын қалыптастыру тұсында осынау пайымдауларды бәрібір назарда
ұстаған абзал.
МАҢЫЗДЫ ТАҢДАУ ЖӘНЕ ЫҚТИМАЛ ПРОБЛЕМАЛАР
Негізгі қарекет жасайтын күштерді және өзекті орталықтарды анықтап алу жалпы
американ саясатының дилеммаларын анықтауға және Еуразия суперконтинентінде ірі
проблемалардың туындауының алдын алуға көмектеседі. Кейінгі тарауларда барлық
осынау сәттерді талқылауға дейін, оларды төмендегі бес негізгі сұраққа саюға болады:
- Америка үшін қандай Еуропаның болғаны дұрыс, демек, ол қандай Еуропа құруға
жәрдемдесуге тиіс?
-
Американың мүдделеріне сәйкесу үшін Ресей қандай болуы керек, және бұл үшін
Америка нені және қалай істеуі керек?
-
Орталық Еуропада жаңа "Балқандардың" пайда болу перспективалары қандай және
соның нәтижесінде пайда болуы мүмкін қауіпті барынша азайту үшін Америка не істеуі
керек?
-
Қытайдың Қиыр Шығыстағы қандай рөлін көтермелеу керек және мұның
салдарлары тек Құрама Штаттар үшін ғана емес, Жапония үшін де қандай болуы мүмкін?
-
Құрама Штаттардың мүдделері үшін аса қауіпті болуы мүмкін қандай еуразиялық
коалициялар ықтимал және олардың пайда болуының алдын алу үшін не істеу қажет?
АҚШ өзінің біртұтас Еуропа құру ісін жақтайтынын әрқашан мәлімдеп келді. Сонау
Кеннеди әкімшілігі басқарған заманнан бері "тең әріптестікке" шақыру дағдылы ұран
болып табылады. Ресми Вашингтон Еуропаны әлемдік көшбасшылықтың жауапкершілігі
мен ауыртпалығын Америкамен бөлісу үшін жеткілікті қуатты, біртұтас құрылым ретінде
көргісі келетінін ұдайы мәлімдеп келеді.