Қазақстанның ашық кітапханасы
79
Бастаудан сынмен сыдырылып алынған фактілер, оқиғалар барысын оқта-текте болмаса
онша анықтай бермейді, өйткені әрдайым көптеген маңызды оқиғалар бастауда айтылмай
қалады да, елеусіз бір оқиғалар бадырайып шыға келеді. Бұған Інжілдің Көне өсиеті
мысал бола алады. Егер соның өзін ғана оқысақ, онда Таяу Шығыстың біздің заманымызға
дейінгі алғашқы мыңжылдықтағы бүкіл тарихы Израиль мен Иудеяның төңірегінен
айналып шықпай қойғанына ешбір күмән келтірмейсіз. Ал, іс жүзінде, қазір өзіміз анық
біліп отырғанымыздай-ақ, Израиль мен Иудея Таяу Шығыс әлемінің шет аймағы болған,
олардың тарихи тағдырларын сол дәуірде мүлде басқа халықтар мен мемлекеттер белгілеп
беріп отырған.
Тап осы сияқты «Роланд туралы жырдан» Ұлы Карлдың 778 жылы Испанияға жасаған
бірінші жорығының басты оқиғасы қалың маврға қарсы аз күшпен соғысқан Роландтың
ерлікпен қаза тапқаны екенін түсінеміз. Бірақ ондай соғыстың мүлде болмағаны және шын
мәнінде Роландты өлтірген маврлар емес, Ронсельван шатқалында оны баскілердің
өлтіргені елге мәлім. Алайда оқиғаларды тап осылай ашықтан-ашық бұрмалау «Роланд
туралы жырдың» бірінші дәрежедегі тарихи бастау болып қала беруіне ешбір бөгет
жасамайды, сол сияқты «Игорь полкі туралы жырда» жазылған князь Игорьдің 1185 жылы
қыпшақтарға жорығы «эпоста» баяндалғанынан мүлде басқаша болып өтсе де, «Сөз де»
тап сондай бастау болып қала береді. Сондықтан да тиянақты талдау қажет және сол
талдауды фактілерді синхрондық іріктеп алу жолымен жүргізген жөн, соның нәтижесінде
бастаулардың асырып немесе кемітіп айтқандарын, сол сияқты жалпы суреттегі
«ақтандақтарды да» табуға болады. Бастаулардан алынған оқиғалардың әуел бастағы
сорабын себеп-салдарлық байланыстар негізінде, тек интерполяциялық жолмен ғана
анықтап, «ақтаңдақтар» орнын толтыруға болады. Интерполяцияны қолдану кезінде,
әлбетте, дәлдік дәрежесі төмендеп кетеді, бірақ ауытқу аз болады да, жалпы заңдылық
бұзылмайды, әйтпесе ол тіпті құрып кетеді. Келесі операция — синтезі алынған тарихи
оқиғалар сорабын сабақтас ғалымдардан тап осындай жолмен алынған, осы тәрізді
фактілер тізбегімен салыстыру. Синтез — фактілердің бірігуі мен ажырасуы және
солардың екеуін де түсіндіру, зерттеудің мақсаты да, міне, осы.
Сонымен, методикалық тізбек төрт буынды: I. Қалай (жазылған)? 2. (Шын мәнінде) не
болған? 3. Неге (тап осылай болған)? және 4. Ненің неге қатысы бар — нәтиженің
біржолата шығуы.
Менің әдісімді шала түсінуден әр түрлі сын тууы мүмкін екенін, тіпті сөзсіз туатынын
алдын ала ескертіп, бір жайтты айтпақпын. Мен ежелгі текстерді қайта аударуға қарсы
емеспін, ол ол ма — мен оны қолдаймын да, бірақ мен мұндай орасан зор және күрделі
жұмыстың нендейі нақты нәтиже беретінін ой безбеніне салып, салмақтап көрмеу
кешірілмейтін ағаттық деп білемін. Әрбір аудармашы текстің өзі байқаған эстетикалық,
стилистік және мағыналық аса нәзік ерекшеліктерін береді. Бұл арада қосарланушылық
болмайды, өйткені көркем аударма әманда түпнұсқадан да, қайта жасалған аудармадан да
өзгелеу болады — әсіресе аударма ондаған жылдар бұрын жасалған болса. Бұл арада
елестету мен рефлекстер жүйесі — тілдің айрықша мәні бар, өйткені біз ата-
бабаларымыздың, аздап та болса, бізден өзгешерек сөйлегенін білеміз.
Ал іскерлік аударманың жөні басқа. Іс терминологияға барып тірелмейтін жерде,
стилистика текстің мағынасын да, маңызын да өзгертпейді. Мәселен, орыстардың Калка
өзені бойында жеңіліп қалғанын қандай әуенмен айтсаң да — одан факті өзгермейді,
өлген князьдер тірілмейді. Біздің талдауымызға осы аударманың өзі жетіп жатыр, кімнің
жақ, кімнің қарсы екенін салқын сабырмен салмақтауға мүмкіндік алу үшін тіпті сонымен
шектеліп қойғанның өзі дұрыс.