Қазақстанның ашық кітапханасы
78
Қорытынды жасауға қажет материалды екі жолмен табуға болады: 1. Тікелей
бастаулардан, яғни сол кездегі оқиғалар замандастарының шығармаларынан және 2.
XIX—XX ғғ. тарихи әдебиеттер жиынтығынан алуға болады. Екінші әдістің біраз артық
жері бар: ол көп еңбекті керек етпейді; ортағасырлық текстер мен версиялар сын-сынақтан
өткізілген, жеткілікті бір негіз болмаса, енді оны қайталап жатудың ешбір мәні жоқ;
оқиғалардың себеп-салдары анықталып, бір қатарға түзілген, бұл біздің міндетімізді —
тексттерді талдап түсіндіруді жеңілдетеді және ең бастысы, оқырман ешбір қиналмастан
біздің ой толғамымыздың барысын, жасаған қорытындыларымыздың дұрыстығын тексере
алады. Бірақ, не шара, бұл әдіспен тоқтап қалуға болмайды, өйткені тарих ғылымындағы
бар мәселе сәтімен шешілген болса, онда біз өзіміз айналысқан мәселе тәрізді және әлі де
талай рет жолығатын проблемалар пайда болмас еді. Сол себепті де біз бастауларды тағы
да қайта-қайта ақтарыстырып қараймыз, сонда текстологиялық немесе әдебиеттану
тұрғысынан емес, әлде сенімсіздік тудыратын мәліметтердің рас өтірігін тексеру үшін
қараймыз. Бастаутанушы филолог «зерттелетін автор не айтады?» деген сауалға жауап
беруге тырысады. Ал, бастаутанушы — тарихшыны «автор айтқан жайттардың қайсысы
— шын, ол нені тастап кетті, оқиға шын мәнінде қалай болып еді?» деген сұраулар
қызықтырады. Аспектінің әр түрлі екені айдан анық.
Бізде қорытындының қателігі немесе шалағайлығы бастауларды үстірт қалқи зерттеуден
шығады деген пікір кең жайылған. Ғылыми айналымда жүрген бастауларда пәнді кәміл
білуге қажет нәрселердің бәрі болады — деген пікірді жұрттың бәрі үн-түнсіз
мойындайды. Аталмыш туындыға байланысты кез келген мәселені шешу үшін, сол
ортағасырлық автор туындысын мейлінше дәлме-дәл етіп аударсақ, әйтпесе өз сөзімізбен
айтып берсек — соның өзі жетіп жатыр. Бұл пікір ешбір жерде қағида етіліп арнайы
дәйектелмеген, бірақ ол өзінен өзі түсінікті, қайта қарауды қажет етпейтін нәрсе деп
танылады. Бірақ бұл арада бір жайт назардан тыс қалады — бастауға көзсіз ере берген
тарихшы, істің шын мәніндегі жай-жапсарын емес, тек қана бағзы заман авторының
көзқарасын қайта тірілтеді, ал істің шын мәніндегі жай-жағдайы көбінесе ең ежелгі
автордың өзіне анық мәлім бола бермеген. Бұл ыңғаймен іске кіріссек, бастауды сынау
оның түпнұсқа екенін анықтаумен шектеліп қалады, ал шын екеніне ешбір күмән жоқ
бірнеше бастаулардың қарама-қайшылықтары кейде өткел бермес бөгетке айналады. Егер
бұл іс үшін, мәселенки, біздің өз шаруамызды алсақ, Монғолияның тарихы жөніндегі
бүкіл ескі, тіпті жаңа зерттеулерді түгелдей жоққа шығару, араб, парсы, грек, қытай,
монгол, латын, грузин мен армян тілдеріндегі бастауларды жаңадан аудару жүктелсе және
осыны орындау үстінде, бұрынғылардың бірде-бірін қайталамау ісі тапсырылса, ең
соңында өткендерден артық болатынына көзің анық жетпесе де, тағы бір ғылыми болжам
жасау керек болса, ол бөгеттен қалай ғана қарғып өтерсің.
Бұл жолдың мені қызықтырмаған бір себебі, бәрінен бұрын мен өз аудармам (егер оны
жасай қойсам) аса білімді, тамаша филологтар жасаған аудармадан жатық та дәлірек
болады деп мәлімдеуге батылдығым жетпей қойды. Бұған керісінше, өзіндік көзқарасы
бар тарихшы әманда аударманы өз көзқарасына лайықтап бейімдей аударады. Мұнда ол
өзіне қолайлы варианттарды саналы түрде іріктеп ала ма, әлде оның тап солай екеніне
шын көңілден сене ме — оның бұған ешбір қатысы жоқ. Тіпті бұл істе сөзбе-сөз аударып,
сірестіріп қоюдан да пайда жоқ, өйткені сіреспе аударма көп ретте дәлме-дәл аударма
болмайды, өйткені әдеби шығармада етістіктің түрлері мен сөйлемнің синтаксистік
құрылысынан гөрі, әлдеқайда мәндірек болып табылатын мағыналық және интонациялық
сарындар түсіп қалады.
Бірақ бұл әдістің ең басты кемшілігі сол, затты мұқият зерттеу ісі, сол затты сөз ететін
текстерді оқып үйренумен алмастырылады. Ал бізді қызықтыратын нәрсе — несториан
мәселесі туралы замандастары айтқан пікір емес, сол мәселенің тап өзі ғой.