Қазақстанның ашық кітапханасы
77
«пірәдар патша Иоанға» тапсыр деп лейбмедик магистр Филиппке ұзақ-сонар сәлемхат
береді. Осы хатты алған елші тап сол күні Венециядан аттандырылады. Бірақ қайда? Қиыр
Шығыстағы ұланғайыр христиан патшалығының мекені беймәлім болатын, ал оны іздеп
табуға тырысқан қам-харекеттің бәрі зая кетеді. Иә, оны іздеп табу мүмкін емес-ті —
шығыс христиандар патшалығы атымен жоқ еді.
Еуропалықтар көпке дейін үміттерінің тап осылай үзілгеніне көнгісі келмеді, бірақ лаж
қанша, көнуге тура келді. Соншама егжей-тегжейіне дейін сипатталған Иоанн
патшалығына ұқсайтын бірдеңе Индиядан да, Абиссиниядан да, Қытайдан да табылмады.
Отсыз түтін шықпайды, ал сол сыбыстың шығуына себеп болған шын мәніндегі оқиға
екеніне қазір ешбір күмән-күдік тумайды: ол-Кидань гурханы Елу Даши біріктірген
ортаазиялық тайпалар қалың қолының селжүк сұлтаны Санжардың әскерін 1141 жылы
Қатуан жазығында талқандауы . Әсілі, несториандар көшпелі жұрт арасында да болған
секілді, бірақ Елу Дашының өз басы бір дінді белгілі дәрежеде тәуір көрсе, буддизмді
тәуір көрген. Оның әскері Тигрге дейін жете алмаған, тіпті соған жеткісі де келмеген,
оның хандығы тек Жетісу өңірін, Жоңғарияның бір бөлегі мен Алтайдың оңтүстік
жоталарын қамтып жатқан шағын ғана хандық болған; Кидань билеушілерінің арасында
Иоанның есімі кездеспейді, орта ғасырдағы еуропалықтардың әлгі ойдан шығарылған
өтірігіне ұқсайтын бірдеңе Азиядан табылмаған. Міне, енді осы арадан келіп, екі бірдей
үлкен мәселе туады: 1. Сонда іс жүзінде не болған? 2. Нағыз бастау әуелден-ақ жалған
мәлімет береді екен, ендеше, біздің жалпы бастау атаулыға сенуге хақымыз бар ма, ал егер
жоқ болса, онда біз ең сенімді мәліметтерді қалай табамыз? Біз өз кітабымызбен осынау
екі сауалға жауап беруге тырысамыз.
Туындайтын қиындықтар
Біздің бақытымызға орай, бұрынғы оқымыстылар орта ғасырлар тарихын әжептәуір
зерттеген. Мұның мәнісін былай түсіну керек: саяси тарих оқиғалары көпшілігінің желісі
реттеліп, бір ізге түсірілген, соғыстар, келісімдер, елшілік және әлеуметтік одақтар, заң
актілері мен әлеуметтік реформалар уақыты белгіленіп қойылған. Басқаша айтсақ, арқауы
тартылған, енді оған қалаған ою-нақышты сала беруге болады, түкке тұрмайтыны көзге
ұрып тұрған жалған мәліметтерге — оның ішінде «пірәдар патша Иоанн» туралы хикая да
бар — күмәндану немесе оларды жоққа шығару үшін оны емін-еркін пайдалануға да
болады.
Бірақ сонымен бірге оқиғалардың көптігі сондай, оларды көзбен шолу немесе еске алып,
жадында сақтап қалу мүмкін еместі. Әдетте мұндай кезде маманданудың тар жолымен
жүру — елдің қысқа бір дәуірдегі тіршілігін зерттеу әдетке айналған. Орта ғасыр
шежірелерін Иоанн жөніндегі қисынсыз мәліметті қабылдауға жетелеп әкелген де тек осы
жол ғой, бұл мәлімет Византия мен ежелгі орыс ғылымының қоймасында тұрақтай
алмаған, өйткені қоныстанған жерлері Азияға жақын жатқан гректер мен орыстар,
өздерімен замандас немістер мен француздарға қарағанда, Азияны жақсы білген. Демек,
тар мамандық жолы зерттеуші көзіне шор байлайды да, алдындағы алыс қиыр
көрінбегесін, мәселеге терең бойламаған кісі тәрізденіп, қате-кемшілікке барып ұрынады.
Сосын біздің тақырыбымыз үшін несториан діні туып, дамып барып жоқ болған елдердің
тарихын, яғни Азияның Мәрмәр теңізінен Сары теңізге дейінгі аралығының мың жылға
жуық мерзімдегі тарихын кең көлемде алып қарау керек. Өзіміз ділгер болып отырған
тақырыпқа байланысты барша оқиғаларды, осы тақырыпқа әдейі бейімделіп жасалған
белгілі бір жүйеге салғанда ғана есте сақтап қалуға болады. Ал, ондай жүйе жоқ
болғандықтан да, оны ойлап табу керек, бірақ сонымен бірге оның тек көмекші құрал ғана
екенін естен шығармаған жөн.