Қазақстанның ашық кітапханасы
75
Хош, сонымен несін жасырайын, күндердің бір күнінде мен Монғолияның шол даласында
Шыңғысханның құдіретті империясы қалай пайда болды және ол араға жүз жыл салып
қалай тез құлап қалды дегенді білуге есіл-дертіммен құмар болдым. Әрине, мен табанда
кітап іздеуге кірістім, бірақ ондай кітаптардың көптігі сондай, оның бәрін оқып шығуға
өмірім де жетпейтінін, сонда да сауалыма жауап таба алмайтынымды білген кездегі тауым
шағылып, жасығанымды көрсеңіз.
Менің бұлай деуге хақым жоқ екенін білдіріп, қарсы дау айтушылар да табылар, өйткені
сол кітаптардың бәрін түгел оқып шыққан жоқпын деп өзім мойындап отырмын ғой. Бірақ
сәті түскенде, бізге ортағасырлық схоластикадан мегземе мен сілтемелер жүйесі мұра
болып қалған. Шолу еңбектерді оқығанда сол сілтемелерге қарап, ненің қайдан көшіріліп
алынғанын біле қоясың. Шолу еңбектердің авторлары — қазымыр кісілер. Егер олар
әлемдік империяның құрылу себептерін анықтай түсетін бағалы мәліметтерді бір жерден
көшіріп алғандай болса, оны көшіріп ала қояр еді. Бірақ бір өкінішті жері, ондай нәрсе
жоқ. Қайтейін, содан кейін текстерді өзімнің аударыстырып қарауыма тура келді.
Бірақ мені мұнда да реніш аңдып тұр екен. Кейбір бастаулардың авторлары Азияда
монғол империясы құрылғанға дейін үлкен христиан патшалығы болған деп хабарласа,
басқа бір бастаулардың авторлары ол жөнінен жұмған аузын ашпайды. Менің тіпті есім
шығып кетті. Өзімнің ынтызар болып жүрген нәрсеге құмарымды басу үшін, күллі
шаруамды бір шетке ысырып қойып, көшпелілер тарихымен шындап шұғылдануыма тура
келді.
Бірақ тарих — аса нәзік нәрсе. Егер әр түрлі бастаулар мәліметтерін қалай болса солай
жинай салсақ, онда олар бәрінен бұрын бір-біріне қарама-қайшы болып шығады. Егер
өзара үндесіп, үйлесетін бастауларды іріктеп алсақ, олар пирамида сияқты етіп тұрғызған
болат шарлар секілді шашылып кетеді. Оларды бекітіп, цементтеп тастауға болар еді,
бірақ ештеңе жоқ қой. Міне, сол арада мен мынадай бір ойға қалдым: ендеше, мен
Шыңғысхан болған және оның империясы да өмір сүрген деген даусыз дұрыс пікірге, ал
пірәдар Иоан «Үш Индияда» патшалық еткен — деген сөзсіз шүбәлі пікірге тоқтайын да,
оларды шендестіріп көрейін, бұдан не шығар екен дедім. Кенет осындай үйлестіруден
өзінен-өзі байырғы бір концепция туар, өйткені менің қолымда жағымды және жағымсыз
шамалар пайда болады. Мен солай жасадым да. Енді менің сол талабым қаншалықты сәтті
болды —оның төрелігін оқырманның өзі айтар.
Әу бастағы өтірік
1145 жылы Батыс, романды-германдық, феодалдық және католиктік Еуропада сұмдық бір
сыбыс тарады, ол корольдер мен прелаттар қиялына, серілер мен көпестердің, дегдар
ханымдар мен сұлу бикештердің, уәлаяттардың дөкір барондары мен Генуянын, Венеция
мен Пизаның Жерорта теңізіндегі флоттары теңізшілерінің — қысқасы, сол кездері
әзірленіп жатқан екінші крест жорығына, тіпті көлденең де болса қатысы бар кісілердің
бәрінің де қиялына қанат бітіріп, дүр сілкінтті.
Аса көрнекті герман тарихшысы, бүкіләлемдік хроника «Қос мемлекет туралы кітап» пен
«Император Фридрихтің (Барбаросса) іс-әрекеті» атты тарихи еңбектің авторы Оттон
Фрейзингенский мынадай жазба қалдырған: «...Біз сонымен бірге жақында ғана қасиетті
эпископ шенін алған, Сириядан шыққан Габульскиймен жолығыстық... Ол, осыдан
бірнеше жыл бұрын Персия мен Арменияның ар жағында, Қиыр Шығыста және христиан
дінінің несториандық тармағын ұстайтын бір халықтың әрі патшасы, әрі священнигі Иоан
деген біреудің, Мидия мен Персияның патшалары, ағайынды Самиардтарға қарсы соғысқа
шыққанын, сөйтіп, олардың астанасы Экбатаны (?!) жаулап алғанын айтады... Жеңіске
жеткеннен кейін, аталмыш Иоан Қасиетті шіркеуге медеу болу үшін, одан әрі қарай