Қазақстанның ашық кітапханасы
73
Даланы тоз-тоз етпей, дәстүрін сақтап қалмақшы болып жанталасқан соңғы батыр —
Шыңғыс тұқымынан тарайтын хан емес, Темір әскерінің талқысында шындалған дала
қолбасшысы Едіге еді. Бірақ, бұрынғы жаужүрек арынынан танған мына даланың
сылбырлығына оның қамшысы дарымады. Құлдырап құрудың емі болмады.
Ортақ мақсаттың жоқтығы, бұрынғыша айтқанда, идеалдың жоқтығы Көк Орданы
территориялық тоз-тоз болуға ғана емес, идеялық құлдырауға әкеп соқты. Тұтас бір
тарихи кезеңнің өн бойында құбыжық-химераның шылауында болудың (бұл сұмдық
орыстарды да үйіріп әкете жаздады ғой) нәтижесі, міне, осы. Құбыжық-химераның
артында қалған тобыр шілдің қиындай шашырап этностарға бөлінді де, Еділ бойына,
байтақ дала төсіне, тұс-тұсқа тентіреп кетті. Алайда XIV ғасырдың соңында, XV
ғасырдың басында 1380 жылғы орыстардың жеңісі себепші болған бөлшектену тірі қалған
этностардың, бұл күндері Кеңестер одағының канатының астына топтасқан этностардың
бәріне де жақсылықтың баспалдағындай болды. Еділ бойының тұрғындары Жерорта
теңізіндегі саудагершіл католиктік және Таяу Шығыс әлемінің зорлықшыл жат
принциптерінен сытылып шығып, өз алдына шаңырақ көтерді, өз дәстүрлерін тірек етіп
қайта топтасты.
Ел-жұрттың бір бөлігі ислам мәдениетіне деген діндар ниеттің етек алғанын желеу етіп,
қалауына қарай ғұмыр кешуге ден қойды. Міне, бұлар өзбектер деп аталды.
Ал Еділ бойының басқа тұрғындары құбыжық-химераның індетімен ауырып тұрған соң
Россиямен жақындасудың қисынын іздеді. Осынау орыстарды жақтайтындар Еділ
бойындағы, Оңтүстіктегі, Орал мен Сібірдегі ел-жұрттың қалғаны татарлар деп аталды.
Бұл атау ғасырлар қойнауынан бастап, күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Енді өзгенің
салтын өбектеп кеткен татарларға өзбекпен қатар өмір сүру қиынға соқты. Содан, XVI
ғасырдың соңында, қашан Ермак Сібірді бағындырғанша, мына далада біресе қызған,
біресе бықсыған ұзақ соғыс тоқтаусыз жүріп жатты.
Алайда бұған дейін, XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында орыстар ешқандай
дипломатияны қаперіне ілместен, Еділге жойқын шабуылдар жасап, Еділ бойындағы
қалалардың берекесін алды. Өзбектердің тоз-тозы шығып, Еділ бойындағы отанын тастап,
Орта Азияға серпілді. Мұнда олар дәстүр бойынша монғолдар деп аталатын Темірдің
ұрпағын тас-талқан етті, сөйтіп, жаңаша, бірақ өздерінің тарихи талайына жуық ғұмыр
жолын бастады.
1380 жылғы дүние дидарын өзгерткен жағдайдың түйіні — Бабыр сұлтанның өз
моғолдарымен бірге Ферғанадан Үндістанға кетуі болды. Темір тұқымының соңғы ұлы
ұрпағы, әрі ақын, әрі жауынгер Бабыр өзбектердің қарсылығын серпе отырып, түбінде өз
Самарқанымды қайтарамын деген үмітпен аттанды. Бірақ айтқанын істетіп үйренген
патша баласы түптің-түбінде өзінің еңбек етуіне қолайлы жаңа тұрақ іздеді. Сол ниетпен
1525 жылы Дели сұлтаны Ибрагимді қаусата жеңіп, Үндістандағы, бізге белгілі, Ұлы
моғолдар империясы деп аталатын жаңа мемлекетін құрды. Бабырдың жүрегі Кабулдың
топырағын жамылды. Ол жаңа мәдени дәстүрдің тұғыры болып, Аралық және Орта Азия
халықтарының талайының баянды бірлік құруына, сөйтіп, Үндістанда XVIII ғасырда
пайда болған ағылшындарға қарсы байырғы дәстүрді тірек ете қарсылық көрсетуге ықпал
етті.
Енді Москваға қайтып оралайық. Өзбектердің шегінуі Көк Орданы әлсіретіп кетті, енді
Москваның салық төлеп тұруының қисыны жоқ еді. 1480 жылы Иван III салық төлеуді
біржолата тоқтатты, сонымен бірге 1395 пен 1480 жылдар аралығындағы «езгі деп айтуға»
тұратын сергелдең қамытын да сыпырып тастады. 1480 жылдан бастап Иван III үшін
Орданың ұлы ханы Ахметке салық төлеуден гөрі, өзінің сыралғы татарларына, Қырым