Page 70 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
70
Бұған дейінгі оқиғаларға біз байтақ дүниенің ығында отырып, белінде тұрып зер салдық.
Енді етекке түсіп, жанаса жақындап, Москвада не болып жатқанын байқайық.
Мынаны қараңыз, орыстардың жеңісі, бейне бір, бұрынғы ұтылыс, сәтсіздік, ру араздығы
атаулының бәрін сыпырып тастаған секілді. Ал ондай кемшіліктер XII, XIII ғасырларда
шаш етектен еді ғой. Мұны көзі көрген замандастары «орыс жерінің опат болуына»
себепші деп есептеген.
Сонда, көршісімен азу тісі айқасқан бәсекелестікте Москваның жеңіп шығуы қалай?
Мұны білу үшін жаяу және атты армияның, Дмитрий Донской бастаған ондаған мың
еріктілердің Коломна түбіндегі Окадан өтіп, шекарадағы тыңшылардың белгісін естіген
соң, дұшпанның даласына тұяқ іліктірген сәтінен бастаудың қажеті жоқ, осының бәріне
себепші жағдайдан бастау керек. Сондықтан да жеңіс атаулының қайнар көзі болған
этностардың іңгәсінен бастаймыз.
Ұлы істерді тындырар күш орыс жерінің тұңғиық тереңіңде бұғып жатқан. XIII ғасырда
монғолдар келген кезде жалын тілі шалатынның бәрі де жанып кеткен-ді. Адамдардың
сезім-түйсігі де, үміт-тілегі де күлге айналған. Вятичтер, драговичтер және древляндар
көршілес финн-балтық тұрғындарымен мидай араласып, жаңа дәстүрі, жаңа мекен-жайы
мен шекарасы, жаңа тұрмыс-салты және өз күшіне деген жаңа сенімі бар этногенез
басталды.
Орыстар XIII және XIV ғасырдың орта тұсында Ұрым мәдениетін меңгеріп, бойына
сіңіріп те үлгерді. Бірақ Ұрымның отауы болған жоқ, өз алдына бөлек этнос ретінде
шаңырақ көтерді. XIV ғасырдың жуан ортасына дейін этногенетикалық ыдырау процесі
ырық берместен жүріп жатты. Бірте-бірте ашық алаңқайда, өзен жарасындағы
жазықтарда, орман шеті мен орманды далада өз этносының нәрестесін дүниеге келтірген
москвалықтар, нижегородтықтар, рязандықтар, новгородтықтар, Еділ сыртындағы
вяткалықтар бірінен соң бірі еңсе таныта бастады. Небір алашабыр аймақтарда өзгеше
субэтностар, этнос болуға ден қойған шағын ғана панасыз топтар дараланыпты. Дон
бойында XV ғасырда казактар деп аталатын жаңа субэтнос құрылды. Бұлар хазарлар мен
орыстардың қоныс аударушылары — Чернигов жерінің солтүстігіндегі байырғы
тұрғындар мен вятичтер болатын.
Сондай-ақ Солтүстікте де поморлар деп аталатын орыстың өзгеше субэтносы пайда
болды.
Субэтностардың барлығы да бірінен-бірі болмашы айырмашылықтармен дараланып,
мұның өзі олардың әрқайсысына өзін-өзі айрықшамыз деп есептеуіне себепші болды.
Қайталап айта кету керек, олардың өмірінде бірін-бірі бауыр санап, бірі үшін екіншісі
жанын қиятын дәстүр енді ғана басталған. Ал уақыт шіркін өтіп жатты. XIV ғасырда
Ордаға қарсы пиғыл Русьта ширыға түсіп, қуатты күшке айналды. Этногенездің осынау
жаңа дүмпуін Сергей Радонежский бастады. Орыс адамдарын Куликово даласының от-
жалынына бастап келген де сол болатын.
Енді Батыс-Шығыспен қатарынан болған қаһармандық соғыста Русьтің жеңіп шығуына
қандай күш себепші болды. Ол жана күш пен жаңа сапаны дүниеге әкелген этногенездің
табиғи тегеуріні еді. Сол тегеурін адамдарға өзін-өзі танып-түсінуге дем берді. Рас,
әлеуметтік күштер бұрынғысынша пышыраумен күн кешіп келе жатқан. Дербес
феодалдық құрылыс қанат жайып, кнәздіктер құлдырай бастады. Енді, этногенездік
заңдары қалай көрініс тапты деген сұрақ туады. Ондай заңдар ап-айқын көрініп тұр,
тіптен зерттеушілерге жаңадан беймәлім құжаттарды ақтарып та керегі жоқ.