Қазақстанның ашық кітапханасы
68
Татар батырлары болса орыстардың әскер басына (воевода) айналды. Алғашқыда олар
там-тұмдап келе бастаған, содан аласапыран басталған кезде Москваға қарай әскери істің
маман батырлары лек-легімен ағылды. Өз ісінің сайып-қыран шеберлеріне Сарай хандары
қандай қысас көрсетсе, Ягайла да қол астындағы православиелерге сондай қысас көрсетті.
Сонсоң олар да безініп, жөнелді. Батыстан да, шығыстан да, әсіресе Еділ бойынан
Москваға қарай ақша үшін адал қызмет етіп, аянбай соғысуға белін бекем буғандар шұбап
келіп жатты.
Кешікпей-ақ Алтын Орда ұлысының салт атты жауынгерлері өзіміз болып шыға келді.
Оның үстіне, бұлардың дені сонау X ғасырдан болмаса да, XI ғасырдан бәрі қарай
байырғы орыстар сияқты христиандар болатын. Әрине, тіл табысып келуінің бір себебі де
сондықтан. Тіптен, оларды шоқындырудың да қажеті болмады. Егер орыс дворяндарының
кітаптарын ашсаңыз, Русьта шоқынғаны айтылмаған толып жатқан боярдың да, кнәздің де
түркі тектес фамилиясына көзіңіз сүрінер еді. Бұдан шығар қорытынды қандай?..
Қорытынды сол — олар бұрыннан-ақ христиандар болған, әйтпесе шоқынған соң
иемденген жаңа есімі тіркелер еді ғой. Жазба шежіреге сену қажет, тіптен кейде
жалтақтығы сезіліп тұрса да, шежіренің аты шежіре.
Сөйтіп, батырлардың бір бөлігі Дмитрий Донской жағына шықса, екінші бөлігі Еділ
бойындағы Ақ Орданың далалық ханы Тоқтамысты жақтады. Орыстардың бір бөлігі
бұрынғысынша Сараймен санасты. Алайда орыс кнәздіктерінің дені ұлттық тұтасу, нығаю
жолына түсті. Олардың алтын қазық ұйтқысы Москва болды. Осынау өмірдің өзі
көлденең тартқан ұлттық күрес дегеніміз, сайып келгенде, орыстардың, Қара теңіз
жағалауындағы половшылардың, қам халықтары мен татарлардың өздерінің басына қатер
төндірген құбыжық-химераға қарсы этностардың күресі еді.
Сондықтан да сұрапыл дауыл алдында Москваның күш біріктіруін татарлар мен татар
рухына қарсы жүргізілген ұлттық пиғыл еді деп ойлауымызға ешқандай негіз жоқ. Бұл
орыстар мен татарлар арасындағы соғыс емес, болашақ Россияның оңтүстігінде өмір үшін
өткелектен өткен этностар арасындағы соғыс болатын. Еділ бойындағы құбыжық-
химераға қарсы соғыс дегеніміз осы. Құбыжық-химераның қауіптілігі Таяу Шығыс
суперэтносын еліктіре білгендігінде емес, өзінің құбыжық-химералығымен, көршілес
көктеп келе жатқан халықтарды аздырып-тоздырып, тұқымын құрта тоқыратып, тозаңға
айналдырып жібере алатын болмысымен қауіпті еді.
Осынау ащы шындық аясындағы екі жақты алапат айқасқа орыстар да, татарлар да,
литвалықтар да, гректер де катысты. Мамай жойдасыз жайылған әскерін алып шықты.
Әскер сапында ондаған шайқаста сыннан өткен монғолдар, литвалықтар, Дмитриймен
қастасып татарларға қосылған орыстар келе жатты. Олармен қанаттасып Мамайдың
армяндардан, генуялықтардан, осетиндерден, черкестерден тартқан жалдамалы
корпустары жүріп отырды. Келесі қанатта сайыпқыран салт аттылар, техникалық
бөлімдер, сұрыпталған жаяу әскерлер, шетелдік легиондар мен сырттай бақылаушылар
келе жатты. Орыстар да аянып қалған жоқ, қолынан келгенінің бәрін істеп, еркек кіндік
атаулының тең жартысы — 150 мың адамды сапқа тұрғызды.
Екі жақтың әскері қыркүйек (сентябрь) айының сегізінде Тула даласының жазығында
түйісті. Шайқас таңғы сағат 6-да басталып, күн бата аяқталды Мамай әскерінің үштен
бірін орыстың бас корпусы мен татардың сайыпқыран салт аттыларының соққысына
тастап, өзі қашып кетті. Ұрыс тағдырын шешкен Москваның атты әскері болды. Алайда
одан да зор рөл атқарған жағдай — далалықтардан дарыған орыс стратегиясы екенін айту
керек. Мұның үлгісі Мамайдың атты әскерін қолайсыз алаңқайға тықсыра қойған сәттен
көрінеді. Ал торуылшы полк лап қойған кезде мамайлықтардың есі шыға тым-тырақай