Қазақстанның ашық кітапханасы
67
организмнің алауыздыққа ұрынатынын танып-білу үшін қолданып отырмын. Алтын
Орданың әлеуметтік организмі нақ осындай еді. Ішкі элементтердің бір-бірімен ара
қатынасы мейлінше ширыққан, әбден мұқалған, енді қайтып бірін-бірі түсінуден,
кешіруден қалған күйде болатын.
Түптеп келгенде, 1312 жылдан бастап Еділ бойындағы мұсылман сұлтандығы жаңағы
айтқан құбыжық-химераның кейпінде еді. Сауда қалалары мен қырық ру көпестерге деген
қамқорлық мәдениеттің тамырына нәр берудің орнына этникалық, әлеуметтік, мәдени
элементтердің өзімен-өзі судай сапырылысуына әкеліп соқты. Патриотизм, шыншылдық,
дәстүрді қастерлеу дегеннің орнына құлқынның құлы болушылық етек алды. Ал
құлқынның құлы болған жанды соңына қайыршыдай сүмеңдетіп ертіп алу оп -оңай.
Сондықтан да Сарайдағы бірде-бір хан өзінің жақтастарына арка сүйей алмаған. Себебі
қарсыластары «қалаған» адамына асыра ақы төлеп, соңынан ілестіріп кете берген.
Отанға қызмет ету дәстүрі — этностың моральдық принципі қолы ашық қожайынмен
айырбасталды. Дәл осы жағдайды тегеурінді де тәуекелшіл, алаяқ та айбарлы түмен басы
— Мамайдың болмысынан көруге болады. Ол кездің мұсылмандандыру дегені көпестер
озбырлығының сыпайы бүркеніші ғана ғой. Дәлірек айтқанда, күре жолдар мен құл
саудасын тәртіпке келтіру, генуяның делдал базарына жанды товар жеткізу, сөйтіп,
халықаралық алып-сатарлардың айын оңынан тудыру. Сонда құбыжық-химера дегеніміз
шым-шытырық әлеуметтік және мәдени қарым-қатынас болып шығады. Ал татар
батырлары тәу еткен далалық ар-иманның жұқанасы жұртта қалғандай күй кешті.
Қысқасы, құбыжық-химераның ылаң салып, ойрандамаған жері қалмады. Ал «тәртіп»
орнатқысы келген Мамай болса тарихи тағдырдың қолындағы қуыршаққа ұқсады. Оның
тегі түркі-монғол этносынан шықпағанын жоғарыда айтқан болатынмын. Сондықтан да ол
өз Ордасын Дон мен Днепрдің арасындағы бұрынғы половшылардың, кейінгі
ноғайлардың жеріне қоныстандырды. Міне, дәл осы жерде оның саяси және
экономикалық мақсаты Литва сарайындағылармен қойындаса кетті. Құбыжық-химераның
тұрақсыздығы, тексіздігі деген осы. Мамай одақтастарын Батыстан тапты және
православиенің (Ұрымның да) қарсыластарына біржолата бет бұрды, бара-бара Мысыр
мұсылмандарымен ауыз жаласты.
Жазатайым 1380 жылы Мамай жеңгенде бүткіл Шығыс Еуропа католик-елдердің ойнағын
салатын алаңына айналар еді. Бұл, әрине, оңтүстік орыс даласына жайылған мұсылман
сеніміне қарамастан жүзеге асуы ықтимал. Өйткені XV ғасырда әлемнің көптеген
елдерінде діннің хұқы экономикалық пайдамен қатарласа алмайтын. Рас, мұндай жағдай
барлық жерге тән емес. Айталық, Москвада басқаша болатын.
Москваның рөлі туралы кейіндеу тоқталамын, ал қазір Мамайдың осынау әрекеттеріне
Ұлы даладағы түркі-монғол деп аталатын тұрғылықты татарлар қалай қарады деген
мәселені сөз етелік. Адамдар мұндағы арсыздықтан, зорлық-зомбылықтан, сатқындықтан
ығыр болып, тұс-тұсқа қашып жатты. Олар Сарайдан да, астанадағы құбыжық-химераның
індетінен де, Мамайдың қала мен даладағы ставкасынан да безінді. Қазанды да, Мордва
жерін де, Қырымды да, Астраханды да, Кавказды да, Жайықты да, Башқұрт даласын да
түңілу мен тоқырау жайлады.
Өзбек салған ылаң мен төңкерістен бас сауғалаған монғолдар Русь жеріне қашып барып,
орыс кнәздерінің атты әскерін толықтырды. Олардың ұрпақтары жуан сіңір дворяндар мен
сарай тұрғындары болып, орыстың оңтүстік-шығысындағы әскери шекарасын қорғау ісіне
адал, сеніммен қызмет етті.