Қазақстанның ашық кітапханасы
62
бозбала мәдениеті және мұсылмандықты қанжығасына шала жансар күйінде бөктерген
дәстүрлі далалық мәдениет шарпысқа түсті. Бұл дегеніңіз пәтуаға келмес төрт күш еді.
Олар бір-біріне қайсысы бұрын қансырар екен деп көз алартумен болды.
Батысеуропадағы суперэтникалық тұтастықтың бір артықшылығы бар еді. Ол — католик
шіркеулерінің ебін пайдаланып, саясатына небір алаяқтық жасай алудың мүмкіндіктері
болатын. Жерорта теңізінің аясында католиктік крес жорығына қатысушылар сәтсіздікке
ұшыраған соң, шіркеулер енді тіс қаққан тегеурінмен бар күшін Балтық жағалауының
шығысына салды. Осынау күтпеген жағдайдың нәтижесінде крес жорығына қатысушы
күштер Литваға қарсы өре түрегелді. Сондықтан да біз әңгімемізді Литвадан өрбітіп,
Москваға сонан соң ойысайық.
Шығысқа шүйілген Шығыс Еуропаның көш басында бірімен-бірі алакөз екі күш бар еді.
Ол — Польша мен крес жорықшыларының Ливон ордені болатын. Орденнің күші
жойдасыз мол еді, өйткені XIV ғасырдан бастап Балтық жағалауы бүткіл еуропалық
селтең-серіліктің шаршы алаңына айналған. Литва және Батыс, Литва және Русь — осы
арнаның біздің региондағы XIV ғасыр жағдайын түсіндіруде, Куликово шайқасының отын
тұтатқан себепті білуді, Русьтың Литвадан қалай жырылып шыққанын пайымдауда
айрықша мәні бар.
Орден мен крес жорықшыларына қарсы күресте Русь пен Литваның одақ болуына табиғи
жағдай бар еді. Себебі, орыстың княгиналары мен бояр қыздарына үйленген литва
ақсүйектері, жауынгерлері өзінен-өзі православие дінін қабылдап, «мылтық кезенбей-ақ»
Волын, Белоруссия сияқты орыс кнәздіктерін қосып алды. Гедимин, Ольгерд, Литва
кнәздіктері орыс кнәздіктерінің оңтүстік-батыстағы байтақ өңірін бағындырып алды.
Мұның өзі жауынгер мәжусилік Литваның православиелік Литва-Орыс мемлекеті болып
шыға келуіне себепші болды. Литваның осынау ондаған жылдар бойы жаугершіл
тұғырынан түспей, жүрегіне жігер толған, дұшпан атаулыға табанды тойтарыс беруге
құлшынған зар күйін — батысынан тықсырмақ болған немістерді қалай қайырып
тастағанынан көреміз. Вильна төңірегіне түрлі этностардың топтасуы Литваның орыс
жеріне, татар даласына, Днепр етегі мен одан әрі Қырымға дейін белсенді шығыс
саясатын жүргізуіне жағдай тудырды.
Алайда католиктік ықпал Литва жеріне Ордан арқылы емес, Польша арқылы енген.
Сөйтіп, 1380 жылға қарай Литва жерінде батысқа бүйрегі бұрар әлеуметтік-мәдени топ
қалыптаса бастады, Ольгердтің ұлы Ягайланың да аңсары Батысқа ауған. Осы орайда
алдын ала айта кетуге болады — Куликово шайқасы өткен соң алты жылдан кейін Ягайла
Польшаның король әйелі Ядвигаға үйленіп, өз ықыласын латын сеніміне аударды.
Кешікпей Ягайланың өзі де католик дінін ұстап, Польшаның королі болады. Ол кезде
Белоруссия мен Днепр етегіндегі православие дінін ұстайтындардың көрген күні қараң
еді.
Осынау аласапыран оқиғалардан қалың жұрт қалыс қалды деп ойлауға болар ма еді? Рас,
аңысын аңдап аяғын тартып басқандар болды, алайда күреске құштар, жігері жалтақсыз
литван-пассионарилердің басым бөлігі бала-шаға, бау-шарбағымен, кейде жалғыз-жарым
болып Москваға қарай шұбырды. Литвалықтардың қайсы біреулері орыс ақсүйектерінің
қатарына қосылды — әйгілі Гедиминовичтеріміз солар. Рюриковичтер әулетінен өрбитін
пассионарилердің бір бұтағы — Чарторижскілер, Вишневецтердің біразы, Сангуштар
Польшадағы ең бір қиянат католиктер болды.
Осынау шиеленісте ширыққан жағдайдың ортасында Русь та құлшына көтеріліп келе
жатты. Ока, Еділ, қос өзенінің ортасына Москва мен Москва кнәздерінің төңірегіне
Александр Невский сарбаздарының пассионар ұрпақтары — еті тірі боярлар, шекараның