Page 60 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
60
бұл ұрыста жеңіс дабылын қақтырған судай төгілген қан мен стихияға толы серпін еді.
Менің ойымша, Куликово шайқасы — дүние дидарына «орыстық» деген ұғымды
орнықтырып, сол ұлтқа катысты қасиет атаулының тұсауын кескен, орыс тарихындағы ең
құдіретті уақиға. Еуразияны ен жайлаған халықтың мемлекет болуы, әскери даңқы,
мәдениеті, өнері, саяси философиялық ой толғамдары Куликово даласынан бастау алды.
Тоқсан тарау пікірдің тобықтай түйініне дес берсек: бұл шайқаста орыс этносы дүниеге
келді.
Мен неге, бұл күнде өсіп, өркен жайып бара жатқан этносты дәл сол Куликово даласының
төсіндегі дүбірлі жылдарда басталды деп сеніммен айтып отырмын? Осы орайда, тарих
деп аталатын тайғанақтау атауы бар ғылымды қысқа-қайырым тілмен сөз ете кеткен жөн.
Мен білімім бойынша тарихшымын, қажеттілік бойынша этнолог болған жанмын. Жер
бетіндегі халық атаулының, тек қана казіргі бары емес, құрып кеткен халықтардың да
баршасының тарихын уақиға қуалап жазатын дәстүрлі тәсілмен зерттеу мүлде мүмкін
емес. Осыдан кейін, тәжірибе немесе үлгі алу десе де болар, географиялық цикл аясында
қойындасып жатқан жаратылыс тану ғылымдарына жүгінуге мәжбүр болдым. Халықтар
тарихының — ғылыми тілмен айтсақ — этностар тарихының дәстүрлі тарихнама
(историография) аясына сыймайтынын жаратылыс тану ғылымдарының арқасында
түсіндім, әрі қарай бұл жөнінде бірнеше кітап та жаздым. Демек, менің түсінігім
бойынша, этнология — әрі тарих, әрі география, әрі этнопсихология материалдарынан нәр
алған айрықша ғылым. Мені осы тұрғыда танып-түсініңіздер.
Әрине, халықтардың өткенін зерттеп зерделеудің басқа тәсілдерін жоққа шығармаймын.
Алайда, этногенез тұрғысынан — барша халықтардың «бастау» жолын жеке, әрі қарай
өсіп-өркендеуін зерттеуде байламды пікір айтуға болады. Айталық, орыс этносы
Куликово даласындағы бар-жоғы отыз шаршы шақырымдық орман мен батпақты
алаңқайда дүниеге келді. Куликово даласына жиналғандар — ата тегіне үш қайнаса
сорпасы қосылмайтын орыстар болатын. Ал солар шайқас шаңының арасынан ұлы
орыстар .атанып, біздер бүгінгі орыс деп жүрген жаңа этнос болып шықтық.
Бұлар кімдерге қарсы көтеріліп еді? Монғолияда қарсы ма? Олай дейін десең, бұл тұс
монғолдардың құмға сіңген судай болған ма! Сонда қырық рудан құралған Мамаймен
шайқасқан ғой. Не үшін Бар-жоғы осыдан бес-ақ жыл бұрын емес пе еді Москва мен
Мамайдың ауыз жаласып отырғаны...
Мен бүгінгі таңда нақтылы жауап беруді қажет ететін сұрақтардың бар екендігіне толық
келісемін. Тарихи дәстүрдің шылауынан шыға алмайтын «шыншыл» жауаптардың өзінен-
өзі күні өткен. Сондықтан да мынандай сұрақтарды көлденең тартамын: таймас
табандылық танытып, жаңа текті орыс болып шыққан осынау адамдар 1380 жылы нені
қорғады? Азу тістерін ақсита айқасқан екі жақтың туларына қандай ұран жазылып еді?
Бұған жауап беру үшін достың да, дұшпанның да жай-жапсарын бажайлап алу керек.
Мұның өзі, Куликово шайқасы шешуші кезең болған осынау трагедияның бел ортасында
жүргендердің тарихи даму тұлғасын танып-білуге көмектеседі. Ал, кәне, белгілі
фактілердің шегінен шықпай-ақ, сол бір күрделі дәуірге көз жүгіртіп көрелік.
1380 жылға қарай Шығыс Еуропаның жағдайы шектен шыға шиеленісіп болған еді. Сол
кездегі дүние дидарының қаны сорғалаған саяси кіндігі — Евразия регионында тіршілік
құрған түрлі халықтардың үстін қатерлі бұлт түнере бүркеп алды. Дәл осы тұстағы
саясаттың небір дырау қамшылары жай отындай жарқылдап, бірімен-бірі шайнасып та,
септесіп те жатты. Осынау дүбірлі кезеңнің «шиеленіскен түйіні» арада жүз, екі жүз,
тіптен төрт жүз жыл өткен соң ғана, XVIII ғасырдың соңына қарай «шешіле» бастады.