Қазақстанның ашық кітапханасы
6
2.
«Халық өркениеті» — айтылуы қиын сөз тіркесі, бірақ ол туралы ойлау мұнан да
қиынырақ, ал ең қиыны — оны іс жүзіне асыру. Әлдебір жатжерлік келіп бүкіл елді
ағартуы немесе патшаның өз жарлығымен мәдениет енгізуі, — бұлар үшін көптеген
қолайлы жағдайлар туа қалған кезде ғана мүмкін, өйткені халықтың мінез-құлқы мен
кескін-келбетін тек тәрбие, ілім, өткінші емес, тұрақты үлгі ғана қалыптастырады.
Халықтар сондықтан да ерте бастан мынадай құралға сүйенген: олар өз мемлекетінің
құрамына біліммен, тәрбиемен, ағарту ісімен тұрақты айналысатын сословие енгізген, бұл
сословиені не барлық өзге топтардың басына, немесе олардың арасына орналастырған.
Мейлі, бұл әлі тым дамымаған мәдениеттің сатысы-ақ бола қойсын, бірақ мұндай саты
адамзаттың балаң дәуірі үшін соқпай етпейтін кезең болды, өйткені қажет кезінде
осындай адамзат тәрбиешілері табылмаған жағдайда, халық өзінің надандығы мен
оралымсыздығының шырмауында мәңгі қалып қойған болар еді.
Ендеше, әр халықтың саяси-албырт кезінде, оған өзіндік бір брахмандар, мандариндер,
талапойндар, ламалар т.с.с. керек, әрі біз, тіпті, нақ осы адамдардың өздері бүкіл Азияға
тамаша, күрделі өнердің дәнін таратқанын көреміз. Халықтың осындай тәрбиешілері
болғандықтан да император Яо өз қызметшілері Хи мен Хо екеуіне: «Барыңдар,
жұлдыздарды бақылаңдар, Күннің қозғалысын қадағалап, жылды бөліңдер», — деп айта
алған. Егер осы Хи мен Хо — екі астрономы жоқ болса, император бекерге бұйрық бермес
еді.
3.
Ғалымдар мәдениеті мен халық мәдениетінің арасында айырмашылық бар. Ғалым
өзі айналысуға міндетті ғылым түрлерін білуге тиісті: мұндай ғылымдарды ол сақтайды
және оларды бүкіл халыққа емес, өз сословиесіне жататындарға сеніп тапсыра алады.
Біздегі жоғары математика мен басқа да көптеген ғылымдар солай, олар жалпы
көпшіліктің қолдануы үшін қызмет етпейді, ендеше халыққа да қызмет етпейді.
Ежелгілердің құпия ғылым аталған ғылымдары да солай болды. Мұндай ғылымдар ерекше
сословиелердің, абыздардың, брахмандардың еншісінде болды, бұл ғылымдармен тек
абыз бен брахман айналысуы тиіс болды, ал мемлекеттегі басқа топтардың адамдарының,
әрбір басқа буынның барлығы да өз шаруаларымен айналысты. Мысалы, алгебра әлі күнге
дейін құпия ғылым болып келеді, өйткені оның кім-кімнің де зерттеуіне ешқандай тыйым
салынбағанымен, бүкіл Еуропада оны түсінетіндер шамалы. Ал біз болсақ, қазір ғылыми
мәдениет пен халықтық мәдениеттің аясын көп жағдайларда шатастырып алдық, тіпті,
соңғысын алғашқысының көлеміне дерлік жеткіздік, ал мұның өзі пайдасыз әрі зиянды
екенін айту керек; ежелгі мемлекеттерді құрушылар анағұрлым адамға тән деңгейде
ойланған, өйткені ақылдырақ болған. Олар халық мәдениеті ізгі әдет-ғұрып пен пайдалы
кәсіптен көрінуге тиіс, себебі халық философия мен діннің көлемді теорияларымен
айналысу үшін жаратылмаған, бұл оған пайда әкелмейді деп санады. Брахмандар
оқымаған касталарға әлі күнге дейін баяндайтындай мысалдар мен ертегілерді қолдану
арқылы оқытудың ескі әдісі де осыдан шыққан; Қытайда кез келген таптың дерлік жалпы
түсініктерінің арасындағы айырмашылықтар, үкімет белгілеген және ақылмандықпен
ұстанып отырған айырмашылықтар да осыдан шыққан. Демек, егер біз шығыс Азия
халықтарының мәдениетін Еуропа мәдениетімен салыстыратын болсақ, онда біздің
азиялық халықтың өз мәдениетін неден көріп-танитынын және адамдардың қандай тобы
туралы сөз болып отырғанын білуіміз қажет. Егер қандай да бір халық немесе қандай да
бір тап ізгі әдет-ғұрыптарымен, кәсіпшілік пен өнерді білуімен ерекшеленсе, егер оның
жұмыс істеу және өмірлік игілік үшін қажетті түсініктері мен ізгі қасиеттері жеткілікті
болса, онда, тіпті айдың тұтылу себептерін түсіндіре алмаған, ал түсіндіру ретінде аждаһа
туралы белгілі хикаяны баяндаған күннің өзінде, оның айтарлықтай білімді болғаны.
Бәлкім, кезінде ұстазы оған бұл хикаяны айтқанда, оны Күн мен жұлдыздардың
орбиталарына шұқшимасын деген болар. Сондықтан да мен барлық ұлттар мен олардың