Page 5 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
5
жабайы жануарлардың барлық тегі дерлік жиналған тірі хайуанаттар бағы десек, мұндағы
адамдар да ұзақ уақыт бойы хайуанаттардың жолдасы, олардың момын бақташысы немесе
жабайы үйретушілері ретінде тіршілік етуге мәжбүр болды.
Тек, Азияның таулары оңтүстікке қарай едәуір еңіс тартып, жазық беткейлерге ауысқан
соң ғана, шұрайлы алаптарды жан-жағынан қоршаған тау тізбектері оларды солтүстік-
шығыстан соғатын ызғарлы желден де қорғайтын аймақтарда ғана адамдар бірте-бірте
өзендердің ағыстарын бойлай отырып, мұхит жағалауына дейін қоныстанды. Осында
қалалар бой көтеріп, тұтастай мемлекеттер орнады, ал неғұрлым жайлы климат
адамдардың соғұрлым нәзік ой-армандары мен ізгі мақсаттарын оятты. Ал күнкөріске
қолайлы табиғат адамдардың бос уақытын көбейтіп, түйсіктерін қозғап, аша бастаған соң,
кезінде солтүстіктің мұздары мен жұтаң тіршілігі жібіте алмаған жүректерде әр түрлі
құштарлық пен есер-елікпе сезімдер арамшөптей қаулады; адам жан дүниесінің мұндай
әуесшілдігін шектейтін әр түрлі Заңдар мен ережелер жинағына қажеттілік туды. Рух
ойлап тапты, ал жүрек құштарлана соқты: адамның құмарлық сезімдері қатты тайталасты,
бірақ ақырында, уақыт өте келе, жұрт өзін тежеп ұстауға үйренді. Алайда ақылдың әлі
жасай алмағанын қатал биліктің жасауына тура келетіні бар; енді Азияның оңтүстігінде
мемлекеттік тәртіптер мен діндердің алып ғимараттары — мәңгілік дәстүрлер бой көтерді,
бұлар — адамзат тарихының бағалы монументтері, ежелгі пирамидалар мен пұтқа
табынушылардың шіркеулері секілді біздің көз алдымызда тұр, олардың әрқайсысы өзінің
кескін-келбеті арқылы бізге адамның ақыл-ойын қалыптастырудың адамзат үшін
қаншалық қымбатқа түскенін білдіреді.
Бұл елдердің тарихы туралы жалпы пайымдаулар
Біз өз тәртіптерінің ежелгілігімен және беріктігімен даңқы шыққан Азия мемлекеттерінің
құрылысын қарастырдық, — адамзат тарихында олар қандай жетістіктерге жете алды?
Адамдардың тарихы туралы ойға берілетін философқа олар нені үйретеді?
1. Тарих бастауларды болжайды, мемлекеттердің де, мәдениеттің де бастауы болуға тиіс;
бірақ біз жоғарыда қарастырған халықтардың қай-қайсысының да бастауы қандай көмескі
десеңізші! Егер менің дауысым сендіре алатын болса, мен оны көтере түсіп, кез келген
қарапайым да сезімтал тарих зерттеушісін Азиядағы мәдениеттің, Азияның ең атақты
патшалары мен халықтарының бастауларын зерттеуге шақырған болар едім, бірақ мұнда,
қалай болған күнде де, гипотезалардан, жеке пікірдің үстемдігінен қашу керек! Азия
халықтарының деректері мен ескерткіштерін, олардың ежелгі өнер туындылары мен
мифологиясын және олар өздерінің санаулы ғылымдарында әлі күнге дейін пайдаланатын
принциптері мен тәсілдерін олардың әрқайсысы қоныстанып отырған жермен,
көршілерімен және олардың арасында болуы мүмкін қатынастармен дәлме-дәл салыстыру
бұл халықтардың тарихи бастауларының түсіндірмесі бар орамды ашып берері сөзсіз.
Сірә, сол кезде, мәдениет тізбегінің алғашқы буыны Селингинскіде де, грек Бактриясында
да тұйықталмаған болып шығар. Дегиннің, Байердің, Гаттерердің және басқалардың
ыждағатты тәжірибелері, Байяның, Паудың, Делильдің анағұрлым батыл гипотезалары,
азия халықтарының тілдері мен жазуларын жинау және хатқа түсіру жөніндегі пайдалы
қызмет — бұлардың бәрі ғимарат құрылысына дейінгі алдын ала жұмыстар, менің сол
ғимараттың іргетасының алғашқы берікте орнықты тасы қаланған күнге дейін өмір сүргім
келеді. Бәлкім, бұл тастың міндетін бізге табиғаттың көптеген ескерткіштерінен көрініп
жүрген Протогея храмының қирандылары атқаратын болар.