Қазақстанның ашық кітапханасы
54
Бүкіләлемдік тарихтың картинасына шолу жасай келе, Маркс алғашқы қауымдық
құрылыс кезінде және құл иеленушілік пен феодалдық қоғам жағдайында жеке тәуелділік
қатынастың мерейі үстем болғанын айтты. Оларды осы тұрғыдан біріктіріп, тарихтың
бірінші кезеңін жасауға болады. Маркс былай деп жазды: «Айырбас құралының күші
неғұрлым аз болған сайын, ол тікелей еңбек өнімінің табиғатымен және айырбас
жасаушылардың тікелей қажеттіліктерімен неғұрлым тығыз байланысты болған сайын,
жеке адамдарды бір-бірімен байланыстыратын патриархалдық қатынас, антикалық қоғам,
феодализм және цехтық құрылыс секілді қауымдастықтың күші де әлі соғұрлым артық
болуға тиіс...» . Капиталистік қоғамға тән «заттық қатынастардың» жоқтығы, адамзат
тарихының осы кезеңінде жеке адам тәуелділігінің қалыптан тыс артуына әкеліп соғады.
Заттан тартып алынған қоғамдық күш басқа адамдарға билік жүргізетін жеке тұлғалардың
қолына заңды түрде өтеді. Өндіріс мардымсыз түрде, оның өзінде азын-аулақ жерлерде
ғана дамиды, өйткені тарих әлі бүкіләлемдік тарихқа айналған жоқ.
Құл иеленушілік пен феодализм кезіндегі қоғамдық өндіріске сипаттама бергенде, Маркс
оның адамды қалыптастыруға ұстанған бағдары туралы да айтты . Алайда, бұл тұста ол
аталған кезеңдерді романтикалық идеалдандырудан абай болуды ескертті, өйткені ол
заманда адамның бөлектенгені, оның қоғамдық жағдайлардан езіліп-жаншылғаны
шындық: «Дамудың неғұрлым ертерек сатыларында жеке адамның едәуір толық көзге
түсуінің нақты себебі сол - бұл кезде адам өз қарым-қатынастарын әлі толығымен дағдыға
айналдырмаған және оларды адамға тәуелсіз қоғамдық күштер мен қатынастар ретінде
өзіне қарсы қойып көрмеген болатын» . Маркс құл иеленушілік пен феодализм кезінде
әлеуметтік қатынастардың дамымауы себебінен, қоғамдық өндірістің мақсаты, тіпті
билеуші таптардан шыққандар үшін де толығымен жүзеге аса қоймайтынын әдейі атап
көрсетті. Адамзат тарихының бұл дәуірлерінде көптеген өндірушілер, табиғаттың басқа да
жәндіктерімен барабар кейіпте, өндірістің «жансыз шарттары» рөлін атқарды, демек, жеке
адамның өзін жүзеге асыруы жайында сөз болуы да мүмкін емес.
Капитализм жеке тәуелділік жүйесін жойып, оның орнына «заттық қатынастар» орнатады.
Сол арқылы жеке адамның өзін-өзі дамытуының алғышарты қызметін атқаратын
жағдайлардың түбірінен басқаша жиынтығы қалыптасады. «Заттық тәуелділікке
негізделген жеке тәуелсіздік - жалпыға бірдей зат, әмбебап қатынастар, жан-жақты
қажеттіліктер мен жан-жақты күш-мүмкіндіктер айырбастау жүйесі тұңғыш рет
құрылатын екінші ірі форма, міне осындай» . Осыдан былай тарих өз аясына жер
шарының барлық аймақтарын тартып, бүкіләлемдік тарихқа айналады, ал әрбір адамның
өзін дамытуының тағдыры өткенімен, казіргі кезімен және болашағымен өзара табиғи
байланысты болады.
Капиталистік өндірістің мақсаты байлықты мейлінше арттыру болып табылады. Нақ
осының өзі, Маркс атап көрсеткендей, жеке адамның өзін-өзі жетілдіру мақсатына
екіжақты әсер етеді. Ол өркениетті өрістететін үлкен ықпал күші бар капитал туралы
былай деп жазды: «Қоғамшыл адамның барлық қасиеттерін таратып, дағдыға айналдыру,
және оны мүмкіндігінше неғұрлым қасиеттері мен байланыстары мол, соған орай
қажеттіліктері де мол адам етіп шығару, коғамның неғұрлым біртүтас әрі әмбебап өнімі
ретіндегі адамды шығару (өйткені көптеген заттарды пайдалану үшін адам оларды
пайдалануға қабілетті болуға тиіс, яғни ол жоғары дәрежеде мәдениетті адам болуға тиіс)
капиталға негізделген өндірістің шарттары болып табылады» . Капитализмді дамыту
мәдениеттің өркениетті қабатын өндірушінің бойына сіңіруге көмектеседі, бұл оның
тиімді өндіріс күші ретінде жұмыс істеуі үшін қажет. Алайда, Маркстің ойынша, адам
тұрмысының барлық саласында туындайтын бөлектену да капиталистік қатынастардың
тікелей салдары болып табылады. «Өркениеттендіру» миссиясын орындаумен бірге олар
адамның жеке қасиеттерін жан-жақты, біртұтас және еркін дамытудың шегін де