Қазақстанның ашық кітапханасы
50
тазартылған, аршылған түрінде ғылыми білімге енеді. Ол адамзаттың дамуы барысындағы
қайталама, типтік жәттерді тіркейді. Тарихи тәжірибеге тән бір өзгешілік — адамдардың
іс жүзіндегі белсенділігінен «өсіп шыққан» ол, өз кезегінде, олардың өмірлік қызметінің
көшірмелерін жасайды. Білім және құндылық үлгілері ретінде ғана емес, әлемді іс жүзінде
игерудің қалыпты тәсілдері ретінде де тарихи тәжірибе уақыт кеңістігіне берілетін
біртұтас мәдени дәстүрді қалыптастырады. Оның мазмұнын заттандыру барысында адам
тарихтың мағынасы туралы өз түсінігін үнемі анықтап отырады.
Тарихтың мағынасын іздеу әуелден әңгімеге негізделген: ол бұрын және қазір әр түрлі
әлеуметтік-мәдени жағдайларда өмір сүрген және сүріп келе жатқан, тарихи тәжірибені әр
түрлі мағынада түсінетін, тарих мағынасын да әр түрлі жолмен көріп-білетін адамдардың
таусылмас пікірталасы түрінде жүргізіледі. Тарихтың мағынасы туралы ойлайтын
философ көненің көздерімен және өз замандастарымен әңгімеге әрқашан дайын болуға
тиіс, ол өзінің талдаулары салыстырмалы екенін ұмытпауға тиіс. «Бірыңғай (бір)
мағынаның болуы мүмкін емес. Сондықтан бірінші мағына да, соңғы мағына да
болмайды, ол тек өзінің бүтін күйінде шын көрінетін мағыналар тізбегінің бір буыны
ретінде қашанда мағыналардың арасында болады. Тарихи өмірде бұл тізбек тоқтаусыз өсе
береді, сондықтан оның әрбір буыны үстін-үстін жаңарып, қайта туғандай болады» . Бұл
мағыналар тізбегінің өсуін, түптеп келгенде, тарихи үдерістің өзінің аяқталмауы алдын
ала белгілейді: онда алуан түрлі баламалардың ашылуы тоқтамайды, олар адамның
алдына таңдау қояды, бұл таңдау оның бүкіл мүмкіндіктерін іске қосып, тарихтың
мағынасы туралы қайта-қайта ойлануға мәжбүр етеді . Сондықтан да тарихтың мағынасын
әр жолғы нақты түсіндіруден абсолютті және салыстырмалы тұстардың бірлігі байқалады,
бұл түзетуді қажет етеді.
Жаңаша ойлаудың, тарихты келелі жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысынан көрудің
дүниетанымдық тұғырнамасына ие болғаннан кейін біз оның тұтастығы мен алуан
түрлілігі, бағыт-бағдары мен адамгершілік мазмұны туралы түсінігімізді үнемі тереңдетіп
отыруға мүмкіндік аламыз. Қазіргі кезде өзінің әлеуеті мен жетер межесін түсінген тарихи
ақыл-ой адамзаттың өзі өткен жолды бүгінгі жағдай мен болашақтың көкжиегі
тұрғысынан, жаңартылған түрде керуді қажет ететінін де анық байқап-біліп отыр. Жаңа
заманның классикалық ойы аясында жасалған, тарихтың мағыналық мазмұны туралы
бұлжымастай көрініп келген түсініктердің көпшілігімен енді қоштасуға тура келеді. Бірақ,
классикалық құрылымды сынаумен бірге, оның жаңаша ойлаудың құндылықтарын
орнықтыруға жеткізетін осы заманғы философиялық зерттеулерді байытатын бағалы
тұстарын да көре білу маңызды болып табылады.
2. Классика және қазіргі заман: тарихтың мағынасына жетудің екі жолы
Тарихтың мағынасы туралы мәселеге бүгінгі күн тұрғысынан келудің жолын табу —
алуан түрлі дүниетанымның мақсатты бағытын таңдаған бұрынғы және қазіргі
философтардың ізденістерін ескере отырып, адамзат өткен жолға жаңаша қарау дегенді
білдіреді. Біздің ғасырымыз тарихының батыстық философиясы тамырын еуропалық
мәдениеттің терең қабаттарынан тартатын Жаңа заманның классикалық ой дәстүрімен
пікір таластыру арқылы қалыптасып, дамып келеді. Қазір Батыстың ірі теорияшылары XX
ғасырды адам ақыл-ойының мүмкіндіктері, тарихтың бірлігі және әлеуметтік прогресс,
оның адамгершілік өлшемі, адамдардың болашақты кең ауқымда болжау қабілеті туралы
шындап ойлануға мәжбүр ететін постмодернизм дәуірі ретінде сипаттап отыр. Олар Жаңа
заманның тарих философиясының танымдық және құндылық нұсқамаларын түбірінен
қайта қарау, бұрынғы классикалық мұрадан арылу керек деген ойды табандылықпен
орнықтыруда. Алайда қазіргі әлемдік қоғамдастықтың даму сатысы философиялық
классиканың дәстүрімен пікірталасты қоздырып қана қоймай, оның жасағандарын