Қазақстанның ашық кітапханасы
4
Күн, жұлдыздар, уақыт революциялары... 2. Бірқалыпты — көктем, жаз секілді жыл
революциялары... Табиғаттағы революциялар, солардың арқасында : 1. Күн жүйесі пайда
болды (бізге қарапайым болып көрінеді); 2. Жер мен Ай пайда болды (өте көмескі, жай-
күйі, Жер қабаттары, Ай, элементтер); Жердегі организмдер (әлі жасанды, әртүрлілік); 4.
Адамдар өзара. Саяси революциялар... 1. Революциялар қашанда... 3. Әрқашан байқатпай,
ақырын, сонысымен күшті, оларсыз дүние жоқ, адамзат тегі жоқ. Сондықтан мемлекет
олардың алдында дірдек қақпай, оларды билеуі керек, оларға modus peristaltikus, ырғақты
құбылыс ретінде қарап, алдын-ала болжап білуге және олар кешігіп жатқан жерде
олардың дамуын көтермелеуге тиісті» .
Гердердің «Идеялары...» кабинетте отырған ғалымның тартымсыз дайындаулары емес,
өзінің күш-қуатын өз халқын жақсы болашаққа жеткізу ісіне жұмсауға дайын философ-
көсемсөзшінің шығармасы. Гердер өз кітабын неміс әміршілеріне арнамаған, олар мұның
өз ойынша, бұл шығарманы оқи да қоймас, өйткені неміс тілін олар жабайы тіл санайды
әрі оны түсінбейді. Гердердің сөзі Адамға, қоғамдағы орнына қарамастан, есімі бас
әріппен жазылатын Адамға арналған, Гердер оны адамдардың бостандығы, оқып-
өркендеуі, игілігі үшін әрекет етуге, бүкіл адамзатқа қызмет қылуға шақырады. Тақта
отырғандардың пайдалы өзгерістер жасауға сирек баратынына көзі жеткен Гердер, сөзін
өз замандастарына жолдап, оларды өз тағдырын өз қолына алуға, сөйтіп, әміршілер
атқармаған істі жүзеге асыруға шақырады.
И.Г. Гердер
АДАМЗАТ ТАРИХЫ ФИЛОСОФИЯСЫНА ИДЕЯЛАР
Он бірінші кітап
Азияның ұлы тауларының етегінде, оның оңтүстік беткейінде, өзіміз тарихтан
білетініміздей, әлемдегі ең ежелгі державалар мен мемлекеттер пайда болды; олардың бұл
таулардың солтүстік жағында емес, тек оңтүстік жағында ғана құрылып, орнығуының
себептерін бізге әлемнің осы бөлігінің табиғи тарихы айтып береді. Өйткені адам
мұқтаждыққа ұшырайды, сондықтан өзінің жердегі тіршілігін күннің жарығы мен жылуы
мол, неғұрлым жайлы мекенге көшіруге бейім болады, Күннің қызуы оның жерін
жылытып, өсімдік пен ағаштардың нәрлі жемістерін пісіріп береді. Ал Азияның
солтүстігінде, таулардың арғы бетінде жердің көпшілігі суық әрі биікте орналасқан және
тау сілемдері оларды барлық тұсынан кесіп өтіп, облыстарды қарлы шындармен,
шөлдермен, далалармен бөліп тастайды; мұнда жерге нәр беретін өзендер азырақ және ең
бастысы олар Мұзды мұхитқа барып құяды — оның жалаңаш жағалауы, бұғылар мен ақ
аюлардың мекені өзіне тек кейінгі қоныстанушыларды ғана тарта алды. Осы үстірттеу,
ойлы-қырлы жерлерде, шатқалдары тік құлама жартастарға толы тауларда, біздің Ескі
дүниенің далалы және таулы аудандарында ұзақ уақыт, ал кейбір облыстарында, бәлкім,
барлық уақыт бойы тек сарматтар мен скифтер, моңғолдар мен татарлар, жартылай
жабайы аңшылар мен көшпенділер өмір сүріп келді. Тіршіліктің жұтаңдығы мен осы
жақтың қатаң табиғатының өзі адамдарды варварларға айналдырды; оқшау немесе үнемі
көшіп-қонып тіршілік еткен тайпаларда дағдылы бейғам өмір салты орнықты, сөйтіп, өте
тұрпайы әдет-ғұрыптардың негізінде, олардың мәңгі ұлттық мінез-құлқы қалыптасты
деуге болады. Бұл солтүстік Азияның тайпаларын оңтүстіктегі халықтармен
салыстырғанда, қай жағынан болсын, ерекшелеп тұрады. Егер Азияның ортасындағы
таулы өлкелер мәңгілік Нұх кемесінің өзіндей, біздің жарты шарымызды мекендейтін