Page 46 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
46
ойларымыз универсумға ортақ көзқарас жағдайында өрістейді. Біздің тарихқа тұтастық
ретінде қарауымызда ортақ дүниетанымдық түсініктер бар екені даусыз.
Батыс еуропалық тарих философиясы дәстүрлі түрде субстанциализм мен номинализмнің
дилеммаларын жасап отырды. Тарихи субстанциализм онда уақыт кеңістігінде өрістейтін
және оның барлық дәуірлерін бейнелейтін рухани бастауды, тарихи субстанцияны
жорамалдайтын теориялармен көрінеді. Ол өткен заман мен қазіргі заманның тұтастай
бірқатар діни және зайырлы доктриналарынан нақты көрініс тапты. Мысалы,
дүниежүзілік тарихтан абсолюттік идеяның жеңісін көрген Гегельдің тарихи даналық
доктринасы оның неғұрлым кемелденген бейнесі болды. Тарихи номинализм, керісінше,
барлық әлеуметтік-мәдени құбылыстар қайталанбас сипатта болады, оларды өзінің
тереңінен шығатын идеалдық рухани негізге, субстанцияға жинақтауға болмайды деп
санайтын мүлде басқаша бағытты білдіреді. Мұндай қисында біз, мысалы,
жаңакантшылдар В.Виндельбанд пен Г. Риккерттің еңбектерінен немесе адамзат бірлігін
түсінерлік мағынасы жоқ бос дыбыс қана деп санаған О. Шпенглердің «жергілікті
өркениеттер» тұжырымдамасынан кездестіреміз. Жеке өзінің ілімін жасаған Маркс бүкіл
әлемдік-тарихи байланыстардың әмбебаптануы идеясын, мәдениетті мұралау үдерісінде
көрінетін жалпыға бірдей еңбектің барын негізге алды. Әрбір қоғамдық-экономикалық
формация оған адам ұрпағын біріктірудегі жаңа қадам болып көрінді. Сонымен бірге өзі
ұсынған тарихтың бірлігі тұжырымдамасында негізгі тақырып болмаған жеке
мәдениеттердің тарихи өзгешеліктерін де Маркс жоққа шығарған жоқ. Дүниежүзілік
тарихи байланыстардың қалыптасуының ең ортақ кезеңдеріне назар аударған Маркс,
капиталистік қарым-қатынас орныққаннан кейін адам қоғамдастығы бірігуге шешуші
қадам жасайды, сол кезде бұл үдерістің шарықтау шегі оның өзі талдап жасаған
әлеуметтік идеал туғызатын дәуірге аяқ басады деп пайымдады.
Философия тарихтың бағыттылығы, оның адамгершілікті мазмұны туралы мәселеге де
көптен бері ден қойып келеді. Адам ұрпағының үздіксіз әкелетінін болжаған прогресс
теориясына қарама-қарсы тарихи оқиғалардың ұласуы тұжырымдасы да бар. Бұлардың
алғашқысы дәстүрлі түрде субстанциялық ұстаныммен байланысты, бұл ұстаным
бойынша қоғамдық өмірдің біртұтас рухани бастауы уақыт кеңістігінде үздіксіз қанат
жаяды; ал екіншісі туу, өсу, гүлдену және өлу сияқты бірыңғай сатылық үдерісі қайталана
береді, ол қайталанбас сипаты бар жекелеген мәдениеттерге де тән деген тұжырымды
ұстанады. Тарихтың мұндай циклділік тұжырымдамаларының кемшіліктері болғанымен,
оларды жасаушылардың қазір бір-бірінен өзгеше мәдениеттердің даму барысында
қайталанушылық бар екеніне назар аударып отырғаны орынды екенін де мойындау керек.
Алайда мұндай мәдениеттердің өзара байланысы үдерісіне, мәдениет мұраларының өмір
мен уақыт кеңістігіне таралуына көңіл бөлмеуі олардың осал тұсы болып келеді. Прогресс
идеясы Жаңа заманнан бері еуропалық ойшылдардың ақыл-есін билеп алды. Бұл дәуір
философтарының шығармаларында адамзат ұрпағының озық ойлы ілгерілеуінің салтанат
құруы, ақыл-ой жемістерінің жетілуі қажетті әрі болмай қоймайтын үдеріс ретінде
көрсетіледі. Ақыл-ойдың абсолютті күшіне, оның қоғамды дамытудың әмбебап, келелі
мүмкіндіктерін көрсету қабілетіне сену — Ағарту дәуірі ойшылдарына, неміс
классикалық философиясының өкілдеріне, марксизмді жасаушыларға шабыт, жігер берді.
Қоғамдық-экономикалық формацияның прогресшіл ауысуы көрінісін белгілей отырып,
Маркс тарихтың болашағын бөлектенуді жоюдан көрді. Қазіргі батыс философиясы
«ядролық ғасырда» бөлектенудің жалпы адамзаттық түрлері өсуінің нақты белгілерін
көруге ден қойып, әлеуметтік прогрестің белгілерін көруден күдер үзді, мұндай идеяның
өзін жойып бітті. Батыс авторлары ұсынған ағартушы прогресшілдікке сында ұтымды
айтылған тұстар аз емес, олар тарихи дамудың тағдыр-талайы туралы қайтадан ойлануға
мәжбүр етеді.