Қазақстанның ашық кітапханасы
45
білімнің қорытындыларын, нәтижелерін түйіндейді. Ол философия білімнің басқа
бөлімдеріне қарағанда әлемді іс жүзінде игерудің елеулі міндеттерімен анағұрлым тығыз
байланысқан, қоғамдық өмірдің қарама-қайшылықтарының жонды арқауына анағұрлым
көбірек тартылған.
Универсумға философиялық көзқарас оны әлем мен тарихты түпкі мақсат ретінде
қарастыруды көздейді. «Әлемнің түпкі мағынасы немесе тарихтың түпкі мағынасы
адамның міндетті мақсатының бөлігі болып табылады. Ал адамның міндетті мақсаты —
Адам ретінде жүзеге асу. Адам болу» . Тарих — адамның өзін-өзі жүзеге асыратын өрісі,
сондықтан тарихтың мағынасы туралы мәселе — әлемді философиялық түсіну үшін ең
принципті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда тарихтың мағынасы туралы ойлау дегеніміз
адамның міндетті мақсатын оның дәстүрге тартылғандығы және болашақ көкжиегінің
ашылуы тұрғысынан қарастырып, іздеу болып шығады. Сондықтан бұл мәселеге назар
аударған ойшылдар жасаған пайымдаулар мейлінше экзистенциалды жеке пікірге
негізделген, оларда қандай да бір дәуірдің қызулығы мен құмарлығының көріністері бар.
Адамның ақыл-ойы тарихтың тұтастығын түсінуге қабілетті ме? Тарихтың бірлігі мен әр
алуандығының негізі неде? Оның бағыты мен адамгершілік мазмұны қандай?
Дүниежүзілік тарихи үдерістің мағынасын іздеп тапқысы келген кім-кімнің де осы
сұрақтарға жауап беруіне тура келеді. Бұл сұрақтардың алғашқысы философтардың
шығармаларында, салыстырмалы түрде алғанда, кейінірек, XIX ғ. екінші жартысында
қойылғаны анық, ал келесі екі сұрақ тарихи философиялық ой туған кезде-ақ пайда
болған. Жеке адамның тарихты түсінуге қабілеттілігі, оның мағынасына бойлап енудің
құнды алғышарттары жайында ой толғамдар енді жақсы бапталған топырақта пісіп,
адамгершіліктің мазмұнын неғұрлым терең түсінуге қажетті сәт болып табылады.
Адамзат тарихының бірлігі мәдениеттердің өзара ықпалдастығы арқылы көрінеді, өйткені
мәдени игіліктер өмір кеңістігі мен уақыт кеңістігіне тарайды.
Қазірге дейін жалпы есебі алты мыңжылдықты құрап отырған тарих, әр түрлі елдер мен
халықтардың бір-біріне ұқсамайтын мәдени ерекшеліктері болуына қарамастан, орныққан
адам ұрпағының бірлігі өмірдегі нақты феномен екенін айғақтайды. Қазіргі адамзат
экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени байланыстармен бірігіп топтасқан, бірақ
бұл бірлік бір сәтте пайда бола қалған жоқ, ол — сандаған ғасырлық, тарихтың жемісі.
«Адамзат тарихы әлдебір сүреңсіз үдеріс емес; ол өте нақты және әрқайсысының өзіне тән
бет-бейнесі бар жекелеген халықтардың қызметінен құралады. Солай бола тұра, тек бір
халықтың өзіне тиесілі көрінетін тарихи оқиғалардың мағынасы, толық мәнінде
адамзаттың жалпы тарихы арқылы ғана ашылатын кезі аз емес» . Адам ұрпағы өткен
жолдың тұтастығын түсіну жекелеген тарихи оқиғалардың, үдерістердің мағынасына
жарық түсіретін және бұл өз кезегінде, оның көрінуін де айқындай түсетін секілді. Тарих
Жер планетасы елдер, халықтар мен аймақтар арасындағы байланыстарды мейлінше жан-
жақты ету белдеуіне енетін Жаңа заманда ғана бүкіл әлемдік тарихқа айналады. Бірақ
солай дегенмен, әңгіме, мейлі, б.з.д IV мыңжылдықта пайда болған өркениеттің алғашқы
ошақтары туралы болсын, немесе қоғамдық дамудың бүгінгі сатысы туралы болсын,
бәрібір тарихты қазірдің өзінде оның «бүкіл әлемдігі» аясында қарастыруға тура келеді.
Тарихтың бірлігі мен алуан түрлілігі арасындағы өзара байланыстың диалектикасын
белгілі бір жалпы философиялық негіздерге сүйену арқылы ғана бақылауға болады:
өйткені бұл мәселені талдауға кіріскенде бүкіл әлемдік тарихи үдеріске тұтастық беретін
кейбір бастауларды тікелей жорамалдау немесе, керісінше, мұндай пайымдаудан бас тарту
қажет. Б. Кроче философия және тарих білімдерінің тегі бір екендігін анық байқаған.
Шынында да философия тарихи тәжірибенің жаппай сипатына арқа сүйемей тұра
алмайды, сонымен бірге біздің бір мәртелік және қайталанбас тарихи оқиғалар туралы