Page 43 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
43
үдерісті белгілі бір тұтастықпен пайымдайды, оның адамгершілік мазмұнын дәлелдейді.
<...>
I тарау
ЖАҢАША ОЙЛАУ ЖӘНЕ ТАРИХТЫҢ МАҒЫНАСЫ
1. Тарихтың мағынасы — философиялық дүниетанымның түйінді мәселесі
Адам табиғат-ғарыш универсумындағы және тарихтағы өзінің орнын түсінуге үнемі
ұмтылып келеді. Мұны түсіну оған тек өзін әлемнің, мәдени дәстүрдің бірлігіне жатқызып
қарауы арқылы ғана мүмкін болады. Өзінің мүмкіндіктерін ол тарих кеңістігінде
ашылатын баламалармен салыстырып өлшейді, сондықтан да тарихты тұтастай түсінуге
және құндылық өлшемімен көруге ұмтылмай тұра алмайды. Тарихты көз аясына сыйғызу,
оның бағыты мен адамгершілік мазмұнын түсіну - адамды үздіксіз алаңдатып келе жатқан
міндет — мәселе. Бұл мәселе ешқашан ақырына дейін шешілмейді: қазіргі заман
оқиғаларының тамыр соғысы, болашақтың мүмкіндіктері өткен тарихты түсіну көкжиегін
үнемі өзгертіп отырады. Оның үстіне тарих қашанда бір мағынада түсінілмейді, ол басқа
адамдармен пікір таластыру арқылы айқындалады. Сондықтан әңгіме серікпен, көзқарас
бірлігін іздестірудің, өзара түсіністік табудың, тіпті ол басқа дүниетанымды ұстанатын
жағдайдың өзінде, маңызы арта түседі, біздің кезімізде адамзаттың болашағы осыған
тәуелді болып отыр. Жаңа ойлау тұрғысынан келгенде тарихты болашақ жалпы
адамзаттық құндылықтар бойынша қарастыру керек. Бұл оның мағынасы жайындағы
болама көзқарастардың дұрыс тұстарын анықтауға, осы заманғы ғаламдық проблемаларды
шешудің көптеген ізгі ниетті адамдар қабылдай алатын негіздерін жасауға мүмкіндік
береді.
Тарихтың мағынасына көзқарас қандай да бір дүниетанымдық алғышарттар жағдайында
пайда болады. Түптеп келгенде, дүниетаным адамның шындыққа іс жүзінде қалай
қарайтынын көрсетеді және көп жағдайда соған байланысты болады. Бұл жағдай әсіресе
адамдардың арман-тілектері, мақсаттары көбінесе мүлде бүркемеленбейтін тарихтың
мағынасы туралы дүниетанымдық түсініктерден айқын көрінеді.
Дүниетаным — әлемді біршама тұтастық деп түсіндіруге және өзінің ондағы орнын
түсінуге тырысатын адамның шындықты рухани және іс жүзінде игеруінің нәтижесі.
Оның қызметі, түптеп келгенде, адам тіршілігінің мақсаты мен мағынасын анықтау болып
табылады.
Дүниетанымда қашанда қоғамдық өмірдің тамыры соғып тұрады, ол тым (дүниетанымды)
ұстанатын адамдардың қоғамдастықтары, жеке адамдар қатысатын әлеуметтік-мәдени
жағдайды бейнелейді. Онда қандай да бір тарихи дәуірдің сана-сезімі нақты көрініс
табады.
Дүниетанымның өзіндік ерекшелігі сол, онда әлем және адам туралы түсініктер
жинақталады, сенімдер статусына ие болатын осы түсініктердің негізінде таным мен
нақты іс-әрекеттің базистік принциптері, әлеуметтік-мәдени бағдарлар мен идеалдар
қалыптасады . Сенімдерде адамның қажеттіліктерімен тікелей байланыстың, дүниеге
рухани-практикалық қатынастың белгісі болады. Қандай да бір дүниетанымдық сенімнің
шын яки жалған екендігі, олардан туатын салдарлар сол сенімдердің адамның танымдық
және практикалық іс-қимылының кең аясындағы қызметінен байқалады.
Белгілі бір дәуірдің өзіндік сана-сезімі ретінде дүниетаным, тұтастай алғанда, әлемнің
болмысы және адамның ондағы орны туралы сенімдер жүйесіне міндетті түрде сүйенеді.