Қазақстанның ашық кітапханасы
3
Гердер бойынша, тарихтың негізгі заңы. Мұнда ол, қоғамның дамуына телеологиялық
көзқарасқа ашық қарсы шығады. Ол түпкі мақсаттар туралы ілімнің табиғат тарихы үшін
зиянды қиялдан басқа пайдалы ештеңе әкелмегенін, сондықтан да оны адамзат тарихы
үшін қолдануға болмайтынын атап көрсетеді. «Не үшін» деген сұрақтың орнына бірден-
бір мүмкін «Не себепті?» деген сұрақты қою керек. Тарихи құбылыстардан өзімізге
беймәлім қайдағы бір құпия белгіленген жәйттерді іздестірмей, осы құбылыстарды
тудырған себептерді іздестіру керек. Тарихтағы қандай бір оқиға болсын, басқа бір нәрсе
үшін емес, сол оқиғаның өзі үшін жасалады. (Әділеттілік үшін айта кетелік, бұл мәселенің
бір ғана жағы. Екінші жағы «Идеяларда...» оқтын-оқтын болса да құдайшылдық «тұрғы»,
«құдірет» т.с.с. туралы еске алынып отырады, мұның өзі тарихқа құдірет ретінде қараудан
ақырына дейін арылмағандықты аңғартады).
Халықтардың дамуының әр буыны өзіне дейінгі және келесі буынмен байланысты
біртүтас тізбекті құрайды десе болады. Әрбір халық өзінін негізін салған халықтардың
(ізашарларының) жетістіктерін пайдаланады және өз орнын басушыларға (мұрагерлеріне)
негіз дайындайды. Мысалы, Греция Египеттің мұрасына сүйенді де, кейіннен
Рим мәдениетінің дамуына серпін берді. Қазіргі адамзат өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған
күллі игіліктердің мұрагері болып табылады.
Гердер қоғам дамуының себептерін ішкі және сыртқы факторлардың өзара әрекетінен
көруге әрекеттенді. Сыртқы факторларға ол адамдар тіршілігінің ең кең мағынада
түсінілетін
барлық
шарттарының
жиынтығын,
климат
әрекетін
жатқызды.
«Идеялардың...» алтыншы кітабы толығымен сыртқы шарттардың адамзат тегіне әсерін
талдауға арналған. Адамзаттың биологиялық түр ретіндегі тұтастығын атап көрсете
отырып, Гердер оның едәуір дәрежеде географиялық жағдайлармен анықталатын
алуандылығын айтады. Солтүстік және оңтүстік елдерді мекендеушілердің сырт келбетін,
әдет-ғұрыптарын, дағдыларын т.б. салыстыра келіп, Гердер мұның бәрі табиғаттың
әрекет-ықпалынан болғанын атап көрсетті. Еуропа мемлекеттеріндегі мәдениеттің
қарқынды дамуының себептерін де Гердер табиғаттың қолайлы факторларынан көрді.
Гердер гуманизмінің философиялық негізі адамзаттың ілгерілеуі туралы ілім болды.
Қоғам оның өзі адамгершілік деп атаған жоғары жағдайға қарай аяқ басады. «Өзім осыған
дейін адам туралы айтқанымның бәрін, — деп жазды Гердер «Идеяларда...», — оның
бекзаттығын, парасатын, еркіндігін, биік армандары мен құлшыныстарын, күш-қуаты мен
саулығын, Жердегі күштерге үстемдігін мен адамгершілік сөзіне сыйғызған болар едім.
Адамгершілік адамның табиғатына тән. Егер адамдар мұндай күйге жетпесе, бұл үшін тек
өздерін кінәлауға тиіс; ешкім де оған жоғарыдан көмектеспейді, бірақ олардың қолын да
ешкім байлаған жоқ. Олар өздерінің өткен өмірінен, адамзат үйлесім мен жетілгендікке
ұмтылатындығы айқын дәлелдейтін өмірінен тағлым алуға тиіс. Халықтардың күллі
тарихы — адамгершілікке тезірек жету жолындағы жарыс мектебі. Оны ешқандай
деспоттық та, ешқандай дәстүрлер де тоқтата алмайды. Деспотизмге қарсы күш қолдану
керек. Осылайша Гердер революцияны коғамды дамытудың қажетті элементі деп тануға
келеді.
Гердердің мұндағы ерекшелігі, «революция» ұғымына оның негізгі — «төңкеріс»
мағынасы бұл терминнің бастапқы (қазір ұмытылып кеткен дерлік) астрономиялық —
секіріс заңды, тізбекті қозғалыс деген мағынасын да береді. Сондықтан революцияның
жалпылық сипатын жариялаумен бірге, Гердер оны бірте-бірте болатын үдеріс, жаңа
қасиеттердің байқатпай жинақталуы ретінде көрсетуге әрекеттенді. Міне, оған тән
алғашқы жазбалардың нұсқасы: «Революцияларды — шетінен тек төңкеріс деп түсінеді...
Алайда мыналар да бар: 1.