Page 2 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
2
ТАРИХ
Адамзат ақыл-ойының қазынасы
ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ
II
ГЕРДЕР, ИОГАНН ГОТФРИД
(1744-1803 жж.)
Иоганн Готфрид Гердер — Шығыс Пруссияның шағын Морунген қалашығында туып-
өсті. Осындағы мектепті бітірген соң ол 1762 жылы Кенигсберг университетінің дін ілімі
факультетіне түседі. Мұнда ол тамаша лектор, философияның болашақ жарық жұлдызы
— магистр Иммануил Канттың (1724-1804) дәрістерін тыңдады. Гердер сол кезде Кант
оқытқан барлық дәрістерді - метафизиканы, логиканы, математиканы, физикалық
географияны толық тыңдап бітірді. Гердердің проблеманың мәнісін жан-жақты баяндап
көрсеткен ұқыпты, анық жазбалары сақталған. Канттың сындарлы еңбектері Гердердің
дүниетанымын қалыптастыруға көп ықпалын тигізді. Өз оқытушысының жеке басы
туралы Гердер қашанда терең ризалық сезіммен еске алып отырған. «Оның ойлау үшін
жаратылғандай ашық, кең маңдайы көңілді ахуал туғызатын, ой-пайымға бай әңгімесін
жағымды дауысы жалықпастай әсерлі ететін. Тауып айтуды, қалжың мен әзіл-оспақты ол
әрдайым және орнымен, шебер қолданатын, көпшілік күлкіге кенелген кезде өзі сыр
бермей сабырлы қалпында қалатын. Оның жұрт алдындағы лекциялары көңілді сұхбат
сипатында өтетін».
Гердерге ықпал еткен тағы бір ойшыл — Иоганн Георг Гаман (1730- 1788) болды.
Канттың жақын танысы болғанымен, Гаман ойлау жүйесі бойынша мүлде оған қарама-
қайшы тұлға еді. Дәл және жаратылыстану ғылымдарына мүлде жат, талантты әдебиетші
әрі әдебиет білгірі, дінге ден қойған Гаман жас Гердердің ой-санасын Канттан да бетер
жаулап алып, жан-дүниесінде терең із қалдырды. Жас шағында рухани келбеті мен
ғылыми принциптері бір-біріне қарама-қарсы екі ұстаздың да ықпалына түсуі алғаш рет
Гердердің жан-дүниесіндегі қарама-қайшылық ретінде оның ғалым-ағартушылық пен
протестант-пасторлықты өз бойында біріктірген кезінде көрінді.
«Адамзат тарихы философиясына идеяларда» қоғамдық даму заңдарының проблемасы
негізгі орын алады. Жалпы, мұндай заңдар болады ма? Қоғамда прогреске ұқсайтын
әлдебір нәрсе бар ма? Егер адамзат тағдырына сырттай қараумен шектелетін үстірт
бақылаушы бұл сұрақтарға жоқ деп жауап беретін болса, тарихпен едәуір тереңірек
танысу басқа нәтижелерге жеткізеді: философ қоғаммен табиғатта әрекет ететін заңдарға
ұқсас мызғымас тұрақты заңдар бар екенін байқайды.
Табиғат, Гердердің пікірінше, төменнен жоғары деңгейлерге қарай үздіксіз даму
жағдайында болады; қоғамның тарихы табиғаттың тарихына тікелей жанасып, онымен
қосылып кетеді. Бұл пайымдауымен Гердер адамзат тарихы үздіксіз адасулардан тұрады
және табиғатпен өткір қарама-қайшылықта болады деген Руссоның теориясын батыл
теріске шығарады. Гердер үшін адамзаттың табиғи дамуы нақ тарихта қалай болса, солай
болғаны.
Қоғамның даму заңдары да, табиғат заңдары секілді, табиғи сипатта болады. Табиғи
(нақты) адам күштері — адамзат тарихын қозғаушы серіппе, міне, осылар; тарих адам
қабілеттерінің табиғи өнімі болып табылады. Оның қандай болуы жағдайға, жер мен
уақытқа тәуелді. Қоғамда тек осы факторлардан туған жәйттер ғана болып жатады. Бұл,