Page 280 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
280
12 абақтыда отырғандардың арасында жұртшылыққа белгілілері де бар: синьор Фонтьен,
Прозерпина сұлу, төраға Тальен т.б. Тальеннің жағдайы өте ауыр, ол якобиндік сөздерді
жиі айтады, сөйтіп, өзінің күнәларын жуғысы келеді, бірақ якобиндіктер оны есептен
шығарып тастады. Робеспьер Конвенттің мінберіне екі рет көтеріліп, ол туралы өте
қолайсыз сөздер айтты. Арада өсек тасыған Кабаррюсь та ұсталыпты. Ол көзінің
қиығымен Кольенге қарап қойып: мені де құтқар, өзіңді де құтқар! Көріп тұрсың ғой сенін
де басыңның ойыншыққа айналғанын? Сен ерекше қызуқанды, ер жүрек жансың және
дантоншысың. Сені бұлар жемей тынбайды! — дейді. Тальен оның сөзін жоққа шығарған
жоқ. «Әркім өз басының қамын ойлайды, ол иықта қаншалықты сақталып тұрар екен».
Сонымен, біз Робеспьердің Конвентке сирек баратынын, тіпті Комитетте көрінбейтінін,
тек якобиншілердің палатасында өзінің қорғаушысымен тұратынын ескерттік. Оның жүзі
сарғайған, сұлық жатқан далада ары-бері жүреді, нені ойлайды, қандай жоспары бар,
алдағы тағдыры не болмақ, оны ешкім білмейді. Бір кездегі жас адвокат қазірде ары-бері
сенделуде.
Басталған террорды қалай аяқтау керек? Конвент, Комитет мұның тірлігін қалай
қабылдайды? Шілде айының тамылжыған күндерінде Робеспьердің басында осындай
қым-қиғаш ойлар болуы ықтимал. Робеспьердің жобасында, идеяларында қандай
әрекеттер жатқанын сезу оңай емес.
Ел аузындағы сөзге сенсек, лордтардың якобиндік палатасы үстемдік алады және
Робеспьерді диктатор деп санайды. Өтірік-шынын кім білсін, онда жасалған құпия тізім
бар дейді. Әркім өз-өзінен «бұл тізімнің ішінде мен жоқпын ба?», — деп сұрайды. Ыссы
күндердің бірінде Барер түскі ас ұйымдастырыпты, кең дастарқанда сан алуан әңгімелер
айтылған, көңілді жайбарақаттық орын алған. Осынау ыссы күнде қонақтар сырт
киімдерін шешіп қонақ үйде қалдырады, соны пайдаланған Карно қонақ үйге жайлап
кіріп, Робеспьердің қалтасын тінтеді және құпия тізімді тауып алады. Тізімдегі 40
адамның ішінде өз есімі де бар екен. Дәл сол күні ол: «достар ояныңдар! Сендер
батпақтағы бақадайсыңдар, сендер енді не өлесіңдер, не азап көресіңдер, түнде құпия
кеңес өтеді, мұндағы айтылатын сөздерде өлімнің исі аңқиды, осының бәрін істеп отырған
жасыл көзді, арқасын жүн қаптаған, үнсіз отырған Максимилиан жолбарыс емес пе?».
Қызу қанды, батыл сөзді Тальен бірінші болып дабыл қағуға дайын екенін білдірді.
Кейінге қалдырмаңыздар, белгілі бір күн белгілеңіздер, кешігіп опынбауымыз керек!
Сегізінші термидорда немесе 1794 жылдың 24-ші шілдесінде белгіленген күннен бұрын
Робеспьер Конвентке өзі келіп, мінбеге көтерілді! Оның сарғайған жүзі бұрынғыдан
түнерген, мұның үнін Тальен, бурдондар ықыласпен тыңдап отыр ма, о жағы белгісіз.
Робеспьердің дауысы өмір немесе өлімді таразылап тұрғандай, бұл үн ішкі жан-дүниенің
ызғарын сыртқа шығарып тұр: одан республикалық рухтың жағдайын, оптимизмнің
күйрегенін, Комитетті құтқару мен оның кауіпсіздігін сақтаудың уланғаны байқалады.
Жиналғандар Робеспьердің сөзінің баспаға басылып жариялануын және департаментке
таратылуын жақтап ұсыныс жасалды. Бұған Комитеттің сыналған мүшелері келіспеді.
Оны бастыру және тарату туралы қаулы кейінге қалдырылды. Мұны естігенде
Робеспьердің түсі бозарып, бүліншіліктің, қасіреттің жақын екенін түсінді!
Бүліншілік — жақсы-жаманды айырып болмайтын арандатушы құбылыс, ал Конвенттегі
Робеспьердің бүліншілігі тіптен ерекше, бұл от кемедегі оқ дәрілердің атылуы, кеменің
аяқ астынан күйреуі, егер Робеспьер бүгін түнде оны қауіпсіз ете алмаса, өз жоспарын іске
асыра алмаса, онда құрығаны!
Робеспьер кештетіп өзінің якобиндік лордтар палатасына жетті, болған жайдың барлығын
ашу-ызамен, өкінішпен айтып берді. Бұл бағытта өзінің өлуге де дайын екенін жеткізді.