Қазақстанның ашық кітапханасы
28
11. Міне, енді дүниежүзілік тарих, бақылаусыз әрі қараусыз қалған қайсыбір адамдардың
өмірінде болатындай, ақырында «қалта түбін қағып», адам баласының барлық
ақылсыздықтарын, ақаулы кеселдерін шығарып тауысты; мұқтаждық мәжбүр еткен адам
бірте-бірте ақыл-ой мен әділеттілікті меңгере бастады, мүмкін болғанның бәрі де іс жүзіне
асып, өмірге келе алатынның бәрі де жарық дүниені көрді. Табиғаттың бүл заңы ештеңеге
де кедергі болмайды, тіпті ең жүгенсіз күштің өзін де тоқтатпайды, бірақ ол барлық
нәрсеге шек қояды — әр түрлі әрекеттің барлығы кері әрекетпен ысырып тасталады,
қарсы әрекетпен жойылады, пайдалысы мен ізгіліктісі ғана қалады. Бір жамандық
екіншісін кұртады, ол не жалпы тәртіпке көнуге, немесе өзін-өзі кұртуға тиіс. Ақылды әрі
ізгілікті адам құдай патшалығының қай жерінде де бақытты болады, өйткені ақыл сырттан
марапат талап етпейді, рухани ізгілікте оны талап етпейді. Егер ақыл мен ізгіліктің еңбегі
зая кетсе, бұдан тек заман зиян шегеді; бірақ жөнсіздік те, адамдардың қырқысуы да игі
бастаманың жолын үнемі бөгеп тастай алмайды, бұл бастама өзінің уақыты келгенде
бәрібір жүзеге асады.
12. Сонымен катар адамның ақыл-ойы, тұтастай алғанда, жеткен жерінде тоқтамайды, өз
жолымен алға тарта береді, ақыл көп нәрсені ойлап табады, бірақ бәрін бірден қолдана
алмайды; ақыл көп жаңалық ашады, ал арам ниетті адамдар оның жаңалықтарын ұзақ
уақыт бұзық мақсатқа пайдаланады. Бірақ ізгі ниетті бұзу өзін-өзі жазалайды, ал
тәртіпсіздік уақыт өте келе тәртіпке айналады, өйткені ақылдылық арта түседі, ақыл-
ойдың ынтасы да шаршап-шалдығуды білмейді. Ақыл-ой құмарлық атаулымен күреседі,
сөйтіп, өзі де нығайып тазара береді; бір жерде ақыл-ойды ығыстырады, бірақ ол басқа
жол табады, сөйтіп, жер бетіне өзінің билігін таратады. Қазір адамдар тұратын жердің
бәрінде, кейінірек ақылды, бақытты әрі әділетті адамдар өмір сүреді деп сену - бос қиял
емес: адамдар бұл бақытқа өздерінің ақыл-ойының арқасында ғана емес, адамзаттың
ақылдығының — адамдардың бүкіл бауырлас тайпасының ақыл-парасатының арқасында
жетеді.
Тәржімалаған
Исламғали Бейсебай
ГИЗО, ФРАНСУА ПЬЕР ГИЙОМ
(1787-1874 жж.)
Франсуа Пьер Гийом Гизо — француз тарихшысы және мемлекеттік қайраткер, 1848
жылғы революцияға дейінгі Францияның премьер-министрі болған. Ол 1787 ж. 4
қазанында дүниеге келген. Оның ата-анасы протестант болғандықтан, 1789 жылғы
революцияны жақтап, әкесі террор кезінде өлім жазасына кесіліп, шешесі Франсуаны
Женевада өсірген. Гизо 1805 жылы Парижге келеді. Алғашында әдеби шығармалар жазып
күнін көреді, кейіннен ықпалды достарының арқасында 1812 ж. бастап Сорбоннаның
тарих профессоры болады.
Гизоның саяси қызметі 1814 ж. басталады. 1819 жылы ол белсенді шектелген
монархияның жақтастары болған конституцияшыл-роялистердің қатарына қосылады.
Гизоның ықпалы Деказдың премьер болған кезінде нығая түседі. Ультрароялистер оны
жек көргендіктен, 1820 жылы оның биліктен кетуіне себепкер болады. Бұл кезде Гизо
үшін өзінің ғылыми зерттеулері мен еңбектерін қайтадан басуына тура келеді. Оның саяси
белсенділігі Сорбоннада (1828—1830) оқылған лекциялары арқылы нығайтылып, барлық
либералдар оны 1830 жылы депутаттар палатасына сайлауға бірігеді.