Қазақстанның ашық кітапханасы
27
7.
Егер Жерге бір ғана адам аяқ басқан болса, соның өзінде Жерде адамның өмір сүруі
көзделген мақсат орындалды дей беріңіз, — кейде бір адам немесе бір тайпа адамзаттың
жалпы тізбегінен бөлектеніп, жеке тұратын болса, мұны да осылай деп санауға тура
келеді. Бірақ жерде бәрі де тез жалғасып, тұқым шашып көбейетін болғандықтан, жер өзі
орныққан жағдайдан шықпай тұрғанда, адам ұрпағы да жанды нәрселердің барлығы
секілді, бүтінмен шамаластыққа және өзара байланысқа келтірілген тұқымды жалғастыру
күшіне ие. Адамның тірлік-болмысының өзі - ақыл-ой және ақылдың жанды құралы —
дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, жалғаса берді. Бірте-бірте халықтар Жерге
қоныстанып бітті, сөйтіп, адам тарихтың қайсыбір кезеңдерінде қандай және кім болған
болса, солай және сол болған дәрежесіне жетті.
8.
Адам ұрпағының сабақтастығы мен дәстүр жалғастығы — адам ақыл-ойының
тұтастығын тудырған үрдістер, міне, осылар. Бұл әрбір жеке адамға бүтіннің бөлшегі ғана
берілгендіктен емес, жеке тұлғаның бойында бүтін толығымен бола алмайды, демек,
жаратушы да оны мақсат етпеген, адам ұрпағына берілген мүмкіндіктер де, тұтастай
алғанда, солай болған, адамзаттың ешбір тұста үзілмейтін тізбегі де солай қалыптасқан.
Адамдар да жануарлар сияқты өсіп өнеді, бірақ жануарлар ұрпақтары олардың жалпысына
ортақ қандай да бір жануарлық түсінік туғызбайды. Алайда, адам ұрпағының тұрақты жай
күйін тек ақыл-ой ғана белгілейді, сондықтан адамның негізгі өзгешелігі ретінде
ұрпақтан-ұрпаққа берілмей қоймайды; ақыл-ой болмаса, адам ұрпағы да болмас еді.
9.
Тұтастай алғанда, ақыл-ойдың тағдыры да жеке адамдардың ақыл-ойы секілді,
өйткені бүтін ылғи да жеке буындардан тұрады. Адамдар бірігіп әрекет еткендіктен
анағүрлым асау, жүгенсіз болып кететін жабайы құмарлықтар ақыл-ойға кедергі жасады,
ғасырлар бойы ақыл-ой өз жолынан шетте ілбіп келе жатты, ол ғасырлар бойы өшкен
оттың шоғындай жылт-жылт етіп, қалғып-мүлгіп жатты. Мұндай тәртіп бұзушылықтар
мен бейберекеттіктерге қарсы Құдірет бір ғана құралмен күресті — әр қателік жазаланып
отырды, сөйтіп, жалқаулық, ақымақтық, қастық, жөнсіздік пен әділетсіздік өздерін-өздері
жазалады. Ол замандарда адамдар мұндай қателіктерді жеке-дара жасамай, көпшілік
болып жасағандықтан, ата-аналарының айыбын балаларының өтеуіне, көсемдерінің
жөнсіздігі үшін халықтардың жауап беруіне, ата-бабаларының жалқаулығы үшін
ұрпақтарының есептесуіне тура келді; жамандықты түзете алмаған, кейде бұған құлқы да
болмаған адамдар ғасырлар бойы мұның азабын тартты.
10.
Міне, сондықтан да әрбір жеке буын үшін ең жақсысы — бүтіннің саулығы мен
сәттілігі, өйткені кімде-кім бүтіннің ақаулығынан зардап шексе, ол бұл ақаулардан
сақтануға құқылы, тіпті оларды өзінің тумаластары үшін түзетуге міндетті. Табиғат
билеушілерге де мемлекеттерге де емес, адамдардың сау-саламаттығына үміт артқан.
Мемлекеттер мен олардың билеушілері өздері жасаған барлық жөнсіздіктері мен
жауыздықтары үшін жуық арада жауап бере қоймайды, өйткені мұнда барлық бүтінге
есептеледі, ал әрбір жеке адам өзінің кедейлігі салдарынан ұзақ уақыт еңсесін көтере
алмайды; бірақ, ақырында, мемлекеттің де, патшаның да өз кінәсін өтеуіне тура келеді,
сондықтан олардың өздерінің айбынды биігінен құлауы да қауіптірек бола түседі. Мұның
бәрінде орнын толтыру заңдары да қозғалыс заңдары сияқты әрекет етеді, егер ең шағын
физикалық дененің өзіне серпін берсе, — Еуропадағы ең ұлы корольдің өзі адамзат
тарихының табиғи заңдарының алдында, өзінің қол астындағылардың ең кішкентайы
секілді, бас ұратын болады. Жағдай мемлекет басшысын тек табиғаттың осы заңдарын
парасатты түрде сақтауға ғана міндеттейді; ол тек адамдардың аркасында ғана қуатты
болып отыр, сондықтан ол осы адамдар үшін парасатты әрі ізгілікті адам-құдай болуға
тиісті.