Page 272 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
272
Филипті кінәлау актісі тез толтырылды; судьялар оның айыбына көз жеткізуге тырысты.
Ол құпия төңкеріс жасауға қатысты, басқа да сұмдық әрекеттерге барды, тіпті Людовикті
дарға асқанда оны жақтап, дауыс көтерді дегенге дейін барды. Мұндай кінәлауға Филипп:
«Мен арым алдында көзім жеткендіктен, дауыс көтердім!», — деп жауап берді. Ол өлім
жазасына кесілді, 6 қараша ол үшін қаралы күн болды, ол бұдан кейін жарық дүниені көре
алған жоқ. «Үкімді естіген кезде Филипп таңғы тағам ішпегеніне өкінді, — дейді
Мангайяр, — екі котлет және басқаларды жеді, клареттің жарты шишасын ішті, содан
рахат сезімін тапты. Бұдан кейін революция судьясы немесе ресми Конвент эмиссары
келді де оған мемлекетке қандай да бір қызмет көрсетуін, ең болмаса құпия бүліншілік
ұйымдастырушылар жайлы білетін шындықтарын айтуды қолқалады. Филипп бұған
бәлендей жауап берген жоқ. Нақты жауап алу үшін ақылға қонымды сауалдар қойылуы
керектігін білдірді. Мемлекеттегі болып жатқан жайлар жайлы баяндау оның құқығына
жатпайтын еді. Ол тас тақтаны айналып жүргенде бет әлпетінен байсалдылық байқалды,
эмиссармен жайлап сөйлесті, еркіндікке берілген уақыт аяқталған соң эмиссар шығып
кетті».<...>
VI кітап
ТЕРМИДОР
Бірінші тарау
ҚҰДАЙЛАРДЫҢ ҚҰНЫҒУЫ
Революция деп аталатын бұл қандай құбылыс, өлім себуші ме, Францияның басына
төнген қара бұлт па, атыс-шабыс, таптау, қорлау, адам терісін сыпыру қандай ақылға
сияды? «Революция» сөзі алфавиттің бірнеше әрпінен ғана тұрады; ол — құбылыс,
революцияны құлыппен бекітіп, тоқтата алмайсың. Ол қайда тұрақтаған? Оның өзі нені
білдіреді? Бұл — жүрекке ұялаған кек. Ол — кез келген адамның, тұтас халықтың жанын
сыздатқан қасірет. Көзге көрінбейтін, теңізден теңізге жосылған қара Әзірейіл -
жаналғыштың өзі.
Революциялық үкіметтің дамуын түсіндіріп жату біздің міндетіміз емес. Адам мұны
түсіндіріп бере алмайды. Паралитик Кутон якобиндіктен: «Егер контрреволюция жеңіп,
сен дарға асылатын болсаң не істер едің?» деп сұрады; түнерген Сен-Жюст 26-ға толмай
жатып: «революционерлер көрде жатып қана тыныштық ала алады», деген хабарлама
жасады; балғын Робеспьер зәрлі өтке айналды; бұлардан басқа қандай ой, қандай
көріпкелдік кеткенін кім болжап біледі! Олардың ойларын еске түсіргенде қармағына
түскендердің бейнелері елестейді. Егер біз олардың ойларын біле алсақ, онда олардың
дабылы арқылы нендей шаралардың іске асқанын сезінер едік. Көпшіліктің айтуынша, бұл
революциялық үкімет кездейсоқ, соқыр сенімде құрылған. Революциялық фанатизмнің
ауасын жұтқан әр адам тек қана алға жылжиды, көзін шел басады, ол үшін демалыс жоқ,
көр ғана оны тыныштандырады. Қатал қатыгездік пен қасіреттің құпиясын табиғат сияқты
тарих қана бүркей алады. Бұл бұлқынған қара бұлт өзінің түнектілігімен, өзінің көз
қарықтырар нажағайының жарқылымен, жерге түсер жасынымен дүниені тітіркендірді;
мұның қалай дайындалғанын, сұрғылт бұлттың қатпарында қандай құпиялар жасырынып
жатқанын, оның қайнарларын, нажағайлардың ерекшеліктерін, басқаны бүлдірген, өзін -өзі
бүлдірген террордың сырын ол аяқталмай жатып, кім түсіндіріп береді? Патшалық кезінде
көтерілген Эребаның санкюотизм түнегі өз-өзімен қампиған негізде қандай да бір еріктен
тыс күштің асқан қажеттілігінен пайда болған нажағай ойнауын, от тасқыны тоқталғанша
эреба түнегін ажырату киын.