Page 26 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
26
қатысты болып отыр. Оларда парасатты ізгіліктің, сұлулықтың, ішкі қажеттіліктің белгісі
бар.
1.
Жердегі жандана алатынның бәріне жан бітті; әр түрлі органикалық
құрылымдардың өз ішінде бірін-бірі шектейтін және осы шектеулерден мейлінше беріктік
пен орнықтылық табатын алуан түрлі күштердің қосындылары бар. Керісінше болған
жағдайда бұл күштердің одағы ыдырайды да, олар басқа қосындыларға айналады.
2.
Жердің бүкіл осынау құрылымдарының арасынан ең соңғы туынды — Адам бой
көтерді. Адамның бойына сансыз күштер жинақталып, ең бір жоғарғы шекке — түсінуге
ие болды, ал бұл күштер орналасқан дененің материясы реттілік заңына сәйкес ауырлық
центріне және ең тамаша симметрияға ие болды. Адамның мінезіне оның баянды тіршілік
етуінің негізі де, бақытының негізі де, бейім-қабілетінің белгісі де, Жердегі адамзаттың
бүкіл тағдыры да сыйдырылған.
3.
Ақыл-ой — адамның ерекше сипаты, міне, осы, ал ақыл оның жасампаздық істе
құдайдың айтқанына құлақ асатынын білдіреді, басқаша айтқанда, ол бүтіннің ережесін
іздейді, өйткені барлық заттар соған, бүтіннің өзара байланысына, өзінің ішкі мәнісіне
бағынады. Сонымен, адамның болмысына терең орныққан заң - шындық пен тіршілікті,
бүкіл жаратылыстың байланыстары мен қасиеттеріндегі өзара тәуелділікті тану. Адам —
құдайдың бейнесі, өйткені ол табиғат заңдарын, осы заңдарға берілген және оларды
біртұтас етіп тұрған жаратушының ойын іздестіріп, зерттейді. Құдай зорлық-зомбылық
туралы ойлады, бірақ оны басқарған да, жүргізген де жоқ, адам да солай — ол ақылмен
ойлайды, сондықтан өзім білермендікке салынбайды.
4.
Бәрі де тіршіліктің ең әрі тікелей қажеттіліктерінен басталған: адам табиғат
заңдарын танумен бірге оларды тексеріп көре бастады. Мұнда ол бір ғана мақсатты, өзіне
қолайлы болуын, яғни өзінің барлық күштерін алаңсыз әрі шама-шарқымен пайдалануды
көздеді. Адам басқа тіршілік иелерімен қарым-қатынас жасауға кірісті, бұл қарым-
қатынастың өлшемі адамның өзінің тіршілік етуі болды. Сөйтіп, адам әділеттілікті игерді,
өйткені бұл ереже — ақыл-ойдың нақ іс-жүзіндегі көрінісі еді, бір-біріне ұқсас барлық
жан-жануардың бірге тіршілік етуін белгілейтін әрекет пен қарсы әрекеттің өлшемі еді.
5.
Адам табиғаты негізделген бастау, міне, осы, ендеше бірде-бір жан жер бетінде
басқа біреу үшін немесе өз ұрпағы үшін тіршілік етіп жүрмін деп ойлауға тиісті емес.
Тіпті, адамзат қауымының ең төменгі, нашар тобына жататын адамның өзі де, егер өзіне
берілген ақыл мен әділеттілік заңын ұстанатын болса, оның тіршілігі де іштей орнықты,
баянды болмақ, ол сау-саламат, ұзақ өмір сүреді, өйткені ол — ақылды, әділетті, бақытты.
Бұл басқа біреудің, тіпті жаратушының өзінің де қалағандығынан солай болып отырған
жоқ, жалпыға бірдей, өзіндік мәні бар табиғи реттілік заңдары солай. Ал егер адам
әділеттілік заңдарын аттап кететін болса, осы адасуының өзі оның жазасы болып шығады,
бұл, ақырында оны тобасына келтіріп, адамзаттың баянды, бақытты тіршілік ету
заңдарына оралуға мәжбүр етеді.
6.
Адам табиғатының қыр-сыры өте көп болғандықтан, оның шындыққа төте жолмен
келетін кезі де өте сирек, ол әуелі екі шектің арасында ауытқып жүреді, содан кейін өзінің
тіршілігіне көнген секілді болып, төзуге болатын орта тұсты табады да, өзі сау-саламат,
сәтті өмір сүретін биікке жеттім деп ойлайды. Егер ол бұл орайда қателессе, онда мұны өзі
ғана біліп, өз кінәсін өзі өтейді. Бірақ оны аздап қана өтейді, өйткені не тағдырдың өзі
бәрін дұрыстап жібереді, демек, адамның өзінің жағдайды түзетуге мәжбүр болуының
әсері тиеді, немесе басқаша салдары болып, адамның тіршілік етуінің ішкі тірегі
жойылады. Ұлы кемеңгерлік тән жарасы мен моральдық азап шегулерден коп пайда таба
алмаған, бірақ оған мол пайданы ұсына да алмайсыз.