Page 25 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
25
Қара және Каспий теңіздерінен Каталаун даласына дейін еркін басып өте алмайды. Күллі
поптар мен әйелқұмарлар, қиялшылдар мен жүгенсіз билеушілер қоса көтерілсе де, олар
енді орта ғасырдың түнегін оралта алмайды. Ендеше адам мен құдайдың өнерінен келетін
ең үлкен пайда - оның бізге жарық пен тәртіп бергені, ол аз десеңіз — өзінің ішкі табиғаты
бойынша сол жарық пен тәртіпті сақтап, дүниеге таратып отырғаны үшін, жаратушыға бар
алғысымызды жолдаймыз, ол ақыл-ойды — адамның мәнісі, ал өнерді — ақыл-ойдың
мәнісі етті. Ақыл-ой мен мәдениет — нығайып келе жатқан әлемдік тәртіптің құпиясы да,
құралы да, міне осылар.
Кейде тамаша шығарылған теория, тіпті мораль теориясының өзі, ұзақ уақыт бойы тек
теория ғана болып қалатыны да бізді алаңдатпауы тиіс. Сәби ересек адам ғана пайдалана
алатындай көп нәрсені оқи береді, бірақ ол мұны босқа оқиды деуге болмайды. Оқығанын
ұмытып қалатын жасөспірімді пайымды әрекет жасады дей алмайсыз, өйткені оның енді
оқығанын еске түсіру үшін қиналуына немесе қайтадан оқуына тура келеді. Адам ұрпағы
үздіксіз жаңарып келеді, сондықтан шындықты сақтау да, оны қайтадан ашу да бос әрекет
бола алмайды, біз кей нәрсені ұмыт қалдырамыз, кейінірек нақ соны қажет етеміз, ал
әлемдегі заттардың таусылмастығы жағдайында, ерте ме кеш пе, бәрі де бір болады, бұл
қалай дегенмен де адамдардың ақылға сыйымды әр түрлі күш жұмсауын талап етеді.
Әлемнің жаратылуы туралы айтқанда, біз әуелі бейберекеттікті, содан кейін бұл
бейберекеттікті реттеген кемеңгерлікті, ал содан соң жаратылыстан туған жақсы нәрсені,
үйлесімді игілікті еске аламыз, — адам ұрпағы да солай: әуелі табиғи тәртіп онда ең
қарапайым күштерді дамытады, содан соң оларды ретсіздіктің өзі ақылдылық жолына
бастап апаруға тиіс, ал ақыл-ой өзінін туындыларын жаратуының шама-шарқына қарай,
бәрінің де қаншалықты жақсы екенін, оның жаратқанына тек игілік қана беріктік,
кемелділік пен әсемдік бере алатынын пайымдайтын болады.
V.
Адамның тағдыр-талайын ізгілікті, парасатты бастау билейді, сондықтан ақыл-ойдың
игі істерін жүзеге асыруға көмектесуден асқан тамаша қасиет те, баянды және
кіршіксіз бақыт та жоқ.
Тарихты пайымдаушы онда өз құдайын жоғалтып алса, содан кейін Құдіреттің өзі де
шындығында, бар екендігіне күдіктене бастаса, бұл бақытсыздыққа тек тарихқа тым
жазықтан қарағандықтан, ал Құдірет жайында тиісті түсінігі жоқтықтан ғана тап болды
деп білу керек. Ол Құдірет дегеніміз — елес деп ойлайды, бұл елес оған аттап аяқ басқан
сайын кездесуге, адамдардың ісіне үздіксіз араласып, одан әр жолы қиялынан немесе
қыңырлығынан туған жеке әрі мардымсыз мақсаттарына жетуді көздеуге тиіс деп
ойлайды; егер бұл осылай болса, бүкіл тарих мұндай Құдіреттің моласы ғана болып
шығады, бірақ онда оның өлімі ақиқат үшін пайдалы болады. Ал енді, тыным таппайтын
елес секілді, жер-дүниені кезіп жүретін, егер әркім-ақ онымен одақтасып, өзінің шектеулі
мақсаттарына жете алатын, егер әр түрлі ұсақ-түйек шаруаны оның атын жамылып істей
беретін болса, ал бүтін нәрсе иесіз қалса, мұның өзі қандай Құдірет? Мен тарихтан
іздейтін құдай да, әрине, табиғат құдайының нақ өзі; адам да бүтіннің шағын бөлігін ғана
құрайды, ал адамның тарихы болса, өз торында тіршілік ететін өрмекшінің тарихы
сияқты, өзі тұратын үймен тығыз байланысты. Табиғаттың белгілі заңдары тарихта да нақ
солай әрекет етпей тұра алмайды — олар заттардың өзінін мәнісіне жатады, құдай да
оларды сақтайды, оның үстіне өзі негізін салған осы заңдарда құдай адамға оның бүкіл
ұлылығын, бүкіл ақыл-ойын, ізгілігін, тұрақтылығын — сұлулығын ашып көрсетеді.
Жерде жасалатынның, жасалмай қоймайтынның бәрі — ережелер бойынша жетіліп,
кемеліне келу өздерінің бойына берілгеннің бәрі осы заңдарда көрсетіледі. Бұл ережелерді
қайтадан еске алайық; біз оларды баяндағанбыз, бірақ енді олар адамзат тарихына