Page 248 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
248
Жанжалдармен және қақтығыстармен жалғасып отырған, Орта Волга бойы мен Қырымға
шығыс славяндық шаруаларды қоныстандыру да жаңа территорияларды орыс өмірінің
үлгісі мен орыстық қатынастарға бейімдеуге көмектесті.
Жер иелеушілер мен көшпелілер арасында ғасыр бойы көшпелілердің жазғы жайылымы
мәселесіне байланысты жанжалдардың терең салдарлары болды: ол малшы-көшпелілердің
экономикалық құлдырауына әкелді.
Қосылған жерлерді игеруге іскерлі-икемді саясат жүргізу секілді негізгі бағытпен бірге,
мемлекет кейбір кезеңде тікелей күштеуді де қолданды. Бұл XVI ғ. 50-жылдарынан
бастап-ақ, белгілі бір уақыт ішінде шіркеудің крест жорықтарының басқыншылық
идеяларын таратқан кезде-ақ басталған болатын. Мұндай репрессивті бағыт XVIII ғ.
бірінші жартысында батыс еуропалық үлгіде құрылған абсолюттік монархия мәскеулік
саясаттан бас тартып, барлық қатынастарды жүйелеп, біртекті етпекші болып, пұтқа
табынушылар мен мұсылмандарды күштеп православиеге кіргізбекші болған кезде және
шығыс аймақтарға орыс емес отырықшы халықты өзінің ерекше статусынан айырып,
Ресейдің сословиелік тәртібіне енгіздірген кезінде қайта күшіне енді. Бірақ кейінірек II
Екатерина татар элитасымен ынтымақтастықтың дәстүрлі саясатына қайта оралды.
Егер біз Батыс Еуропаға назар аударатын болсақ, онда Алтын Орда жерлерін жинау
еуропалық отарлық жаулаушылықпен қалай үйлестіріледі деген заңды сұрақ туындайды.
Жаулап алу мен жаңа жерлерді берудің себептері мен әдістеріндегі көптеген ұқсастықтар
— «бөліп ал да, билей бер» саясаты арқылы жүргізілетін стратегиялық және
экономикалық міндеттердің үйлесу мен тікелей емес билік пен репрессияның өзіне тән
түрлерінің қолданылуы — көзге айқын түседі. Әсіресе, Сібір мен Канаданы жаулап алу
сипаттарындағы ұқсастық пен сәйкес келушілік ерекше көзге түседі. Жалпы Сібір отарлау
моделіне анағұрлым сәйкес келеді.
Бірақ, мұнда да мәнді өзгешеліктер бар. Мысалы, Шығысты ресейлік жаулап алудың ерте
кезеңінде Батыс Еуропалық теңіз державаларының саясатына қарағанда экономикалық
пайда мен христиандық миссионерлік факторлар анағұрлым әлсіз көрінеді. Ең басты
айырмашылық орыс пен орыс еместер арасындағы дистанцияның аздығы мен батыс
еуропалықтар мен Америка, Азия және Африканың отар халықтары арасындағы
алшақтықтарды салыстырғанда көрінеді. Біріншіден, бұл географиялық алшақтыққа
байланысты: басқа этностар мұнда теңіздердің ар жағында орналасқан жоқ, тіпті олар
Шығыс Сібір этностарын айтпағанда, орыстардың көршілері болды. Бұған «тарихи
дистанциядағы» айырмашылықтарды қосамыз: егер батыс еуропалықтар өз отарларын
алғаш рет ашқан болса, шығыс славяндар орта ғасырлардан бері Шығыс пен Оңтүстіктегі
көшпелілер мен аңшылармен тығыз байланыста болды, тіпті олар жүз жылдықтар бойы
сол билеуші мемлекеттік жүйенің шеңберінде өмір сүрді. Алтын Орда мен оның
ақсүйектеріне деген құрметтің арқасында татар элитасымен есептесіп, оларды өздерімен
тең деп санады. Ұзақ уақыт байланыс жасау мен өзара қарым-қатынастың арқасында
альтернативті өмір салтына деген мәдени алшақтық және мұсылмандар мен пұтқа
табынушылардың сеніміне деген діни алшақтық Батыс Еуропамен салыстырғанда
орыстарда әлдеқайда азырақ болды. Бірақ, Ресейдің Батысқа біртіндеп жақындауы мен
бейімделуі, XVIII г. оның еуропазациялануы, мемлекет пен оның басқарушы элитасының
еуропаорталықтық позицияға көшуі бұл алшақтықтың — көшпелілер мен исламға деген
қарым-қатынастағы алшақтықтың Мәскеу мемлекетіндегіге қарағанда тереңдей түсуіне
әкелді. Сонда да, Сібірді есептемегенде, Ресейдің XVI-XVIII ғғ. аралығындағы шығысты
жаулап алуларын батыс еуропалық жаулаудың моделіне сәйкес келмеді деуге болады.