Page 247 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
247
Ақыр соңында, кейінірек және көпшілік жағдайда әскери күштеу әдістері қолданылды:
қарсыластарын бөліп тастайтын бекіністер шебін салды, сондай-ақ жаулап алушы,
жойқын әскери жорықтар жүргізді.
Барлық жерлерде дерлік орыстар жаулап алғаннан кейін де қайта-қайта тұтанған
тегеурінді қарсылыққа душар болды. Егер қазан татарлары, марийліктер, Сібір татарлары,
ханты, манси, якуттар, буряттар мен чукчалар және башқұрттар қолдарына қару алып өз
жерлерін жаулауға және Ресейге қосуға қарсы болса, онда қалмақтар, ноғайлар мен
татарлар көшпелілерге тән қарсылықтың түрі — өз жерлерінен кету, қоныс аудару әдісін
таңдап алды. Міне, осы жағдайдың өзі Кеңес одағында онжылдықтар бойы қабылданған,
бұл халықтардың «Ресейге оз еркімен қосылуы» туралы аксиоманың жалғандығына дәлел
болады.
Жаулап алған жерлерді игеру әдістері әсіресе новгородтық саясатқа тән ортағасырлық
үлгілерден, орыс жерлерін жинау әдісінен, далалық саясат ережелерінен алынды. Қазан
хандығын игеру 1637 ж. дейін Мәскеудің орталық ведомоствосы арқылы басқарылып,
орыс еместер мекендеген жерлер үшін үлгіге айналды. Саясаттағы небәрі екі бағытты
айқындап алу керек. Алдымен, жанадан жаулап алған жерлердің кауіпсіздігі басты мәнге
ие болды: қарсылық әскери күшпен басып тасталынды, бекіністер құрылысы жүрді,
аманатқа адам алу мен қару ұсталуға тыйым салу, орыс емес тұрғындардың адалдығын
қамтамасыз ету керек еді. Екінші мақсат — шаруашылық кіріс пен пайда табу —
қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіне бағындырылды және барлық жерлерде бірдей
көрінбеді. Осы екінші мақсат Сібірдің бағалы терісін олжалауда, балықты аулау да, сулар
мен волгалық хандықтардың сауда плацдармдарын игеруде және Орал бекіністеріндегі
байлыққа ие болуда, сондай-ақ Даламен шекаралас құнарлы жерлерді үздіксіз отарлауда
ерекше көрінді. Жаулап алынған жерлердің кауіпсіздігін қамтамасыз еткеннен соң, әдетте,
Ресей одан гөрі жұмсақ, сақтықпен жүргізетін саясатқа көшетін. Бұл саясаттың мәнді
элементі, статус-кво жағдайын кең қалыптастыру және сыйлау болып табылды. Жаулап
алу кезінде патшаның еркі бойынша билеуші басшылықтың не ауыстырылатыны не
жойылатындығына қарамастан, әкімшілік және құқықтық тәртіп, жер иелігіне деген
қатысы, діні сақталынды. Алтын Орданың ясак түрінде алым жинау жүйесін қабылдап
алып, Ресей орыс шаруалары сияқты крепостниктік тәуелділікке түсіре алатын ясак
төлеуші шаруалар, бақташылар мен аңшылардың жеке бас бостандығына кепілдік берді.
Алайда үкіметтің осылайша сақтықпен жүргізетін саясатына жергілікті жердегі
басқарушылар көп жағдайда өз контр-түзеулерін енгізіп отырды.
Жаңа жерлерді игерудің икемді және сақ саясатының екінші негізгі принципі — орыс емес
элитамен ынтымақтасу. Олардың артықшылықтары бекітілді, ал өз кезегінде олар
көпшіліктің көңіл-күйін байқап, әскери қызмет атқаратын. Ресей үшін мұндай элитамен
бірлесу тиімді болды, олар өздерінің әлеуметтік-саяси жағдайымен орыс дворяндарына
ұқсас болатын, яғни жері бар, отырықшы, әскери сословие болды. Олардың ресейлік
мұрагерлікке берілетін дворяндар қатарына да толығымен енгізді. Қазан және Қырым
хандықтарындағы татар элиталарымен осылайша әрекет етті», оған қосымша олар Алтын
Орда билеушілерінің әсерінде болды. Өмір салты мен мәдениеті орыс үлгісінен
айрықшаланатын көшпенділердің ақсүйектерін тану қиынырақ болды. Башқұрт, ноғай
және қалмақ билеушілерімен тығыз байланыс жасалғанымен, оларды мұрагерлік
дворяндар қатарына есептемеді. Ал сібірлік рулар мен тайпалардың басшылары үшін
мұндай мүмкіндік тіпті болмады да. XVIII ғ. орыстардың қабылдауы бойынша отырықшы
тұрғындарды, далалық көшпенділерді (оларды бір сатыға төмен қойды) және аңшыларды
(олар ең төменгі сатыда тұрды) рангілерге бөлудің өзіндік жүйесі қалыптасты. Өзгешелеу
болған көшпелілерге қарағанда отырықшы қауымдастықтың жоғарғы және орта топтарын
интеграциялау қысымы күштірек болды.