Page 242 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
242
Отырықшы қауымдастықтардың әдетте көшпелілер бейнесінің бір жақты, осындай
кейіппен көрінуін кейбір зерттеушілер, мысалы, американдық тарихшы Алан Фишер
сынға алады.
Қырым хандығы XV ғ. бастап әлеуметтік және саяси біртектескен, экономикасы мен
мәдениеті жоғары дамыған, көшпелілік пен отырықшылық дәстүрлері біріктіріліп,
полиэтникалық держава болды. Шыңғысханнан тараған Кирейлер әулеті мен татар
ақсүйектерінің туыстық топтары Қырым түбегімен бірге Қара теңізден солтүстік пен
шығысқа жайылған барлық даланы қамтыған үлкен территорияға билік жүргізді.
Хандықтың тұрғындарына қырым татарларымен бірге, отырықшылық өмір салтына көше
бастаған, континенталды далаларда көшіп-қонған ноғай татарлары мен татарлардан бөлек
армяндардан, көпшілігі татар тілді гректер мен түрік тілдес иудейлерден (қырымшақтар
мен қараймдар) тұратын Қырымның отырықшы қала халқы жатты. Экономикасы көшпелі
мал шаруашылығы мен егін егумен және шарап жасаумен астасып жатты, сондай-ақ
балық, мал саудасы және әшекей бұйымдар саудасы қарқынмен жүріп жатты. Хандықтағы
халықтың ислам емес топтары монгол және осман дәстүрлеріне сай, қуғынға ұшыраған
жоқ, бірақ артығырақ мөлшерде алым-салық төлеуге мәжбүр болды. Қырымда татар
мәдениеті, әдебиеті, тарихнама, архитектура мен білім берудің исламдық жүйесі гүлдену
кезінде еді.
Алайда XVIII ғасырда Қырым хандығы өз тарихының жоғарғы кезеңінен өтіп кеткен
болатын. Экономикадағы дағдарыс, ішкі жанжалдар әлеуметтік және саяси тұрақтылықты
шайқап, сұлтанға тәуелділік күшейе түсті.
Ресейдің қырым татарларына қарым-қатынасы оның Осман империясына қатынасымен
анықталды. Ұлы Петр дәуірінен кейін Ресей мұнда шабуылға шығып, Балтық теңізіне
жарып өтуімен бірге, Қара теңізге шығу жолын да қамтамасыз етпек болды. Дала арқылы
жүргізілген бірнеше сәтсіз жорықтардан кейін Ресей XVIII ғасыр бойы әскери үстемдікке
қол жеткізді. Бұл ресейлік әскерлердің қырым татарларының күл-талқанын шығарып,
біраз уақытқа Қырымға кіруіне мүмкіндік берген 1736-39 жж. соғыс кезінде көрінді.
Алайда османдарды Қара теңіздің солтүстік жағалауларынан ысырған 1768-74 жж. орыс-
түрік соғысы күш-арасалмағындағы күрт өзгерісті түбегейлі анықтады. Сонымен бірге,
Қырым хандығы құдіретті Ресей империясымен бетпе-бет қалды. Қырымды басып алу
Алтын Орданың бұрынғы мұрагерлерін Ресей құрамына кіргізген процестерге сәйкес
келетін, бірақ бірінен соң бірі жылдам қарқынмен жүрген үш кезеңде жүзеге асты. 1771 ж.
Қырым басып алынды, Қырым хандығындағы Османдық протекторат орыс
протектораттығымен ауыстырылды, бірақ әлі де «ерікті және ешкімге тәуелді емес облыс»
ретінде хандықтың өмір сүруіне кепілдік берілді. Төрт жылдан кейін Ресей Қырым тағына
бірқатар айырмашылықтарды жоюшы реформалар жүргізген жаңа ханды отырғызды.
Татар ақсүйектері бұған өз қарсылығын білдірген кезде, Екінші Екатерина орыс
армиясына қайта шабуыл жасау бұйрығын берді де, 1783 жылы соңғы хан тағынан
тайдырылды. Сонымен бірге, Қырым хандығы өз автономиясынан айырылып, Ресей
империясының құрамына кіргізіледі. Қырым қалаларында тұрған гректер мен
армяндардың көпшілігі бірнеше жыл бұрын Азов теңізінен солтүстіктегі облысқа
көшіріліп, Мариупол мен Жаңа Нахичеванда өз колонияларын негіздеген болатын. Қырым
хандығын жаулап алу барысында Ресей көшпелі ноғай татарларын қырым-татарлық
билеуші басшы топтарға қарсы шебер пайдаланып, көптеген ноғайлықтар Кавказдан
солтүстікке қарай орналасқан Кубан маңындағы облыстарға қоныстанған болатын.
Осыған байланысты Қара теңізден солтүстікке қарайғы, ноғай татарларының өмір сүрген
кеңістігі болған дала орыс, украин және шетелдік шаруалардың қоныстануы үшін босап
қалды. Ресейдің қол астына түскен Кавказдың солтүстігіндегі далалардағы ноғай
татарларының көпшілігі XIX ғасырға дейін өздерінің көшпелі өмір салтын сақтады.