Қазақстанның ашық кітапханасы
23
Адамдар бейне бір үңгір адамдары секілді өз үңгірлерінде немесе өздерінің тұрағын
жауып алып, әрбір бөтен адамды жауындай көріп отырған кездер қайда қалды? Замананың
ауысуына үңгір де, төрт қабырға да — ештеңе де қарсы тұра алмады, адамдардың бір-
бірімен жақын танысып, араласуына тура келді, өйткені олардың бәрі де адамзаттың бір
ұрпағы және олар бір ғана шағын планетада өмір сүреді. Әрине, адамдар әуелде бір-
бірімен жаулар секілді танысқаны өкінішті, олардың әуелде бір-біріне қасқырларша
тіксіне қарағаны да өкінішті, — бірақ мұның өзі солай болуға да тиіс еді. Әлсіз күштіден
тайсақтады, алданған алдаушыдан қашқақтады, ал қуып жіберілген адам өзін қуушы тағы
да қуып жібере ме деп қорықты, тәжірибесіз жас кім көрінгеннен жасқақтады. Бірақ
мұндай балалық үрей, оны жамандық ретінде қолданғанымен, табиғаттың ағымын өзгерте
алмады: бірігу бұғалығы бір ғана тайпаны байлаумен тоқтаған жоқ, бастапқыда аяусыз
байлағанымен, мұнысы алғашқы қауым адамдарының дөрекілігіне сәйкес келіп жатты.
Ақыл-ойдың дамуы түйінді кесіп тастай алатын еді, бірақ бірлік дәнекерлерін ажырата
алмады, енді сол кезден бері ашылған жаңалықтарды жоқ ету де мүмкін емес.
Үшіншіден.
Адам рухының өткендегі бүкіл қызметі өзінің ішкі табиғаты жөнінен адам
ұрпағының адамгершілік рухы мен мәдениетін тереңірек негіздеу және кеңірек тарату
құралын іздестіру болды.
Суға түсірілген алғашқы сал мен еуропалық кеменің арасын қандай өлшеусіз қашықтық
бөліп жатыр десеңізші! Теңізде жүзуге қажетті салды ойлап табушы да, әр түрлі білім мен
ұсталық саласындағы өнертапқыштар да өздері ашқан және ойлап тапқанның бәрін жинап
біріктіргенде не шығарын ойлаған жоқ, олардың әрқайсысы қажеттілік немесе әуесқойлық
жетегінде әрекет етті, тек адамның ойлау табиғатындағы, жаратылыстағы барлық заттың
өзара байланыстылықтың арқасында ғана бірде-бір тәжірибе, бірде-бір жаңалық адамзат
үшін бекер-босқа кетпеді. Бұған дейін еуропалық кемені көрмеген аралдықтар, оған басқа
дүниеден келген ғажайыпты көргендей тандана қарады, ал тұңғиық теңіз үстіндегі кемені
адамдар өз қолымен қалаған жағына бұра алатынын көргенде, олар мұнан да қатты
таңданысты. Ал егер олардың бұл таңданысы барлық ұлы мақсаттар мен барлық шағын
құралдардың адам өнерінен туған осы бір жүзгіш дүниеге жинақталғанын пайымдауға
айналса, онда олардың адам ақыл-ойының мүмкіндіктеріне қайран қалуына мүлде шек
болмас еді! Осы бір құралының арқасында еуропалықтар өз қолын қаншама алысқа созып
отыр, шіркін! Болашақта олар бұл қолын қайда созбақшы?
Адам ұрпағы осы өнерді — теңізде жүзу өнерін ойлап тапты, дәл осы секілді, аздаған
жылдар ішінде көптеген өнер түрлерін ойлап шығарды, сөйтіп, өзінің билігін ауа мен суға,
аспан мен жерге таратты. Егер біз, рухани күштердің осы тартысына тек аздаған халықтар
тартылғанын, ал ескі салт-дәстүрлерін ұстанған халықтардың басым көпшілігі әлі қалғып-
мүлгіп отырғанын ойға алсақ, егер біз жаңалықтар мен өнертабыстардың бәрі дерлік
тарихтың жаңа кезеңдеріне тиесілі екенін және адамзаттың жас тарихымен қандай да бір
байланысы бар ежелгі ғимараттар мен қоғамдардың қалдықтары мен қирандылары, іздері
жоқ дерлік екенін ескерсек, адам рухының тарихи дәлелденген осы тынымсыздығы
алдағы уақыттарда қандай шексіз мүмкіндіктер ашатынын көзге елестетіп көріңізші!
Грекия гүлденіп-көркейген бірер ғасырда, біздің жаңа мәдениетіміз шыққалы бергі
аздаған уақытта, әлемнің ең шағын бөлігі — Еуропада, тіпті әлемнің осы шағын бөлігінің
өзінің шағын бөлігінде деуге де болады, — қаншама көп жаңалықтар, өнертабыстар
ашылып, жасалып, жүйеге келтіріліп, болашаққа қалдырылғанын білемісіз?!. Бейне бір
қаулаған егін секілді, жердің барлық тұсынан ғылым мен өнер өсіп шыға бастады, қай
жерде де олар бірін-бірі нәрлендіріп, шабыттандырып, жігерлендірумен болды! Саз
аспабының бір шегі дыбыс шығарса, басқалары да оған үн қосады, бір дыбыстан кейін
оған үйлесе алатын барлық дыбыстар қосылып, әуен андар түйсіктен алыс қияндарға
қалықтап кетеді, — адам рухы да солай: жан дүниесінде үйлесімді бір әуез туса болғаны,