Page 22 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
22
Біріншіден.
Өздерінің табиғаты талап еткеніндей, уақыт кезеңдері бір тізбекке бірігеді,
бірақ адам тіршілігіне тән жәйттер де бір тізбекке бірігеді, бұл уақыт туғызған нәрсе,
мұнда оның барлық көріністері мен туындылары бар.
Ешқандай жалған тұжырым бізге Жер сан мыңдаған жылдар бойы қартайған жоқ, және
жиһанкез-жер өзі пайда болғалы бері өзгерген жоқ деп дәлелдеуге мүмкіндік бермейді.
Жер қойнауы бізге Жердің бұрын қалай болғанын көрсетеді, ал айналамызға қарасақ,
Жердің біздің кезіміздегі келбетін көреміз. Мұхит қазір баяғыдай бүкіл жер бетінде
толқын атып, шулап жатқан жоқ, өз кемеріне келіп тынышталған; барлық бағытта
арқырап жатқан өзен-сулар да өз арнасымен ағатын болды, өсімдіктердің де, бүкіл
органикалық заттардың да қаншама ұрпағы ауысып, өздеріне ықпалын тигізген қаншама
жылдар тізбегін артқа тастады. Жарықтың бірде-бір сәулесі жерде ізін қалдырмай босқа
кеткен жоқ — жер жаралғалы солай болып келеді, — ағаштың бірде-бір жапырағы бекерге
түскен жоқ, өсімдіктің бірде-бір ұрығын жел босқа ұшырып әкеткен жоқ, бірде-бір жануар
өз пайдасын тигізбестен күл болған жоқ, жалпы, қыбырлаған жәндіктің бірде-бір әрекеті
із-түзсіз кеткен емес. Мысалы, өсімдіктер қаулап көтерілген соң шама-шарқынша бүкіл
жер бетіне тарады, осылайша әрбір жанды нәрсе оған табиғат белгілеген шектің аясында,
басқа жәндіктерді ығыстырып берген орында өсіп көбейді, бұған қоса адамның еңбек
сүйгіштігі, тіпті, адамның қолымен болған барлық мағынасыз қиратулар да - осының бәрі
де Уақыттың қуатты қаруына айналды. Қираған қалалардың орнында алқаптар гүл атты,
олардың қирандыларын стихияның күл-топырағы басып, ұмыт болды, жаңа ұрпақтар
келіп, өткеннің қалдығының үстіне үй-жайлар тұрғызды. Құдіретті күштің өзі мұны
өзгерте алмайды: кейіннен болғаны — кейінгі нәрсе, бізге дейінгі, сан мыңдаған жылдар
бұрынғы Жердің келбетін қайта қалпына келтіру енді мүмкін емес, сонымен бірге ол
мыңжылдықтардан, олардың салдарларынан ешқайда қашып құтыла алмайсың.
Сонымен, уақыттың алға жылжуы өзімен бірге адам баласын да алға жылжытады, өйткені
адам да жер мен уақыттың тумасы. Егер қазір осында адамның арғы атасы келіп, өзінің
ұрпағын көрсе, қалай таңданар еді десеңізші! Оның денесі жасөспірім жер үшін
жаратылды, сондықтан оның тұла бойы, бүкіл өмір салты, бүкіл ойлау жүйесі — бәрі де
сол кездегі Жерде, оның барлық стихияларында қалай болуға тиіс болса, солай болады;
өткен алты және одан көбірек мыңжылдықта Жерде аз өзгеріс болған жоқ. Қазірдің өзінде
Американың кейбір облыстары, Американы ашқан кездегідей емес, ал енді бірер
мыңжылдықтан кейін оның тарихын роман секілді оқитын болады. Біз қазір Трояны
жаулап алу тарихын осылайша оқимыз және бұл қаланың тұрған жерін іздеп таппақшы
болып жүрміз, оның үстіне Ахиллдың мүрдесін, құдай теңдес қаһарманның сүйегін босқа
іздеп әуреленеміз. Адамзат тарихы үшін ертедегі адамдардың бойы мен дене пішіні
туралы, олардың тамағы мен ішіп-жеу мөлшері туралы, олардың күнделікті айналысатын
шаруасы, көңіл көтеру шаралары туралы барлық деректерді жинау, олардың махаббат пен
неке жайында, ізгілік және құмарлық жайында, жер бетіндегі дұрыс өмір мен өлгеннен
кейінгі өмір жайында не ойлайтыны туралы деректердің бәрін жинап, олардың және
оларға катысты оқиғалардың уақытын, жерін және шынайылық деңгейін анықтау өте
бағалы болар еді. Осы бір қысқа уақыт аралығының өзінде біз адам ұрпағының ілгерілеп
дамуы мен мәңгі жас табиғаттың тұрақтылығын, жер-ана бастан өткеріп жатқан үздіксіз
өзгерістерді байқарымыз анық. Жер-ана адам ұрпағының ғана қамын жемейді, өзі өмірге
әкелетіннің бәрін әуелі құрсағында көтеріп, одан соң бауырына алып әлпештеп,
ешқайсысын да алаламай бағып қағады, ал егер олардың біреуі өзгерсе, онда басқалары да
өзгеруі тиіс.
Екіншіден.
Адамның тұрағы бізді адамзаттың ілгерілеуші қозғалысымен бұдан да
көрнекірек таныстырады.