Қазақстанның ашық кітапханасы
229
XX ғасырдың соңғы онжылдығында Кеңес Одағының күйреуі көп ұлтты коммунистік
империяның жетпіс жылдық тарихын ғана аяқтап қойған жоқ, ол сонымен бірге көп ұлтты
мемлекет ретінде Ресейдің төрт ғасырдан аса тарихының қорытынды актісі болды.
Ал, Ресей империясынан қалған мұраларды ескермей, социалистік жүйенің дағдарысы
арқылы КСРО-ның құлауын түсіндірмекші әрекеттерді алысты болжай алмаушылықтың
көрінісі деуге болады.
Кеңес одағының ыдырауын Ресей империясының өткенін қамтитын ұзақ тарихи
болашақты ескере отырып, XIX ғ. аяғы XX ғ. басында Еуропадағы Осман және Габсбург
империясының ыдырауы мен Еуропадан тыс кеңістіктегі аймақтарда бұрынғы отар
елдердің бостандық алуы мысалында ерекше айқын байқауға болатын, тарихи аренадан
көп ұлтты империяның кетуі, оның шектелуі мен ұлттық мемлекеттерге бөлінуі түріндегі
кешенді қирау процесінің бір бөлігі ретінде түсіне аламыз. Осы көзқарас тұрғысынан
алғанда Қазан революциясы мен Кеңес өкіметінің арнауы Ресей империясының ыдырауын
бірнеше онжылдықтарға тоқтатты деуге болады.
Алдын ала жүргізілген зерттеулердің жеткіліксіздігінен Ресей мысалын басқа көп ұлтты
империялармен салыстыра алмаймыз. Алайда төмендегідей талқылаудың элементтері
анықталып, жасалынуы қажет. Олар бір мезгілде басты сұрақтардың қойылуымен
байланысты болуы керек:
1.
Әр түрлі шаруашылық жүйелері, әлеуметтік құрылысы мен әр түрлі мәдениеті бар
этникалық және конфессионалды тұрғыдан тіпті бөтен халықтары бар территорияларды
отарлау мен империя құрамына кіргізу қандай әдістер мен құралдармен жүргізілді?
2.
Бұған қол астындағылар, әсіресе элита қалай қарады? Олар отарлауға қарулы
қарсылық көрсетті ме, әлде ынтымақтастыққа даярлықпен қарсы алды ма? Бөгде биліктің
мұндай аймақтардың басқару жүйесіне, әлеуметтік құрылымына, экономикасы мен
мәдениетіне тигізген әсері қандай болды?
3.
Полиэтникалық мемлекеттің сипаты қандай болды? Оның әлеуметтік-этникалық,
әкімшілік және экономикалық құрылымы қандай болды? Қай салада этникааралық еңбек
бөлінісі орын алды және қандай арнайы қызметтер империя шекарасындағы жекелеген
этникалық топтарға берілді?
4.
Модернизацияның ықпалымен, әсіресе ұлттық қозғалыстардың арқасында ескі,
реформаға дейінгі суперэтникалық империя мен оның халықтары қандай өзгерістерге
душар болды. Ұлттық эмансипация мен әлеуметтік революциясының арасындағы
байланыстар қалай қалыптасты?
Біздің көпұлтты держава ретіндегі Ресейдің жан-жақты қамтылған тарихын жасауға
ұмтылысымыз батырлық болар. Себебі, осы елдің тарихымен байланысқан жүзден аса
этникалық топтар мен елдің тарихи дамуының барлық аспектілерін ескеру мүмкін емес.
Мысалы, жеткіліксіз зерттелген этникалық байланыс мәселесі мен Ресей халықтарының
өзара аккультурациясы іс жүзінде назардан тыс қалды.
Басты назар, бір жағынан, мемлекет, орталық, оның күштеу құрылымы мен екінші
жағынан шеткергі аймақтардағы орыс емес тұрғындардың өзара қарым-қатынасына
аударылады. Соның ішінде көптеген әлеуметтік әлсіз жіктелген этностарға қарағанда
өздерінің элитасы, мемлекеттік дәстүрі мен жоғары мәдениеті бар поляктар, татарлар
немесе грузиндер секілді және арнайы функцияларды атқарған дисперлі, шашыраңқы
немістер, еврейлер және армяндар секілді этникалық топтарға ерекше көңіл бөлінді.