Page 21 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
21
астан-кестен болып жатқанда табиғатта қандай бірқалыпты қозғалыс бола қойсын!?
Жалпы айтқанда, біздің жеріміздегі мәдениет жолы — ирелең, күрт бұрылысты, жары мен
кемері көп жол, ол жайылма өзеннің бірқалыпты, тыныш ағысы емес, орманды тау
беткейінен құлаған тасқынды су; мәдениет ағысы жер бетіндегі адам баласының
құмарлығын сарқырамаға айналдырады. Адам ұрпағының бүкіл тәртіп жүйесі осындай
шайқалыстарға, осындай күрт өзгеріске есептеліп, икемделгені анық. Біз оң және сол
жағымызға алма-кезек аударылып, шайқақтай бассақ та, бәрібір алға қарай жүреміз, —
халықтар мен бүкіл адамзат мәдениеті де осылай адымдайды. Біздің әрқайсымыз да,
орнықты орталыққа жеткенше, екі шектің де әсерін бастан кешіреміз, — маятник осылай
шайқалады. Ұрпақтар жаңарады, үздіксіз өзгерістер болып жатады; дәстүрдің жазып
кеткеніне қарамастан, бала өзінше жаза бастайды. Аристотель - Платоннан, Эпикур —
Зеноннан аулақ болуға тырысты, міне, енді алаңсыз ұрпақтары оларға күнілгері кесіп-
пішілген көзқараспен қарамай, әрқайсысының пайдалы жақтарын алып, кәдеге жаратып
отыр. Нақ осылайша, біздің денеміздің машинасы да, соқпай қоймайтын, уақыт туғызған
қарама-қайшылықтарды жарып өту арқылы, адамзаттың саулығын сақтай отырып оған
игілік әкеледі. Бірақ адам ақыл-ойының ағысы қалай бұлталаңдаса да, түзу бағыттан
қанша бұлтарса да, қандай бұрыш жасап бұрылса да, ол өз бастауын ақиқаттың мәңгі
ағысынан алады, ал бұл ағыстың табиғаты өз жолында құмға сіңіп кетпейтін болып
жаратылған. Одан су алған адам өз бойына саулық пен өмірлік күш те алады.
Дегенмен, ақыл да, әділеттілік те табиғаттың бір ғана заңына сүйенеді, біздің
болмысымыздың тұрақтылығы да содан шығады. Ақыл заттардың өзара байланысын
реттеу және оны тұрақты шамаластыққа айналдыру үшін бұл байланысты өлшеп,
салыстырып отырады. Әділеттілік — бұдан басқа нәрсе, ол ақыл-ойдың моральдық шама-
шарқы, біздің бүкіл әлем солардың үйлесімінде тұрған, қарама-қарсы бағытталған
күштердің тепе-теңдігі формуласы ретінде көрінеді. Сонымен, біздің Күнді де, барлық
күндерді де, адамның ең елеусіз қылығын да — бәрін ылғи да бір ғана заң қамтиды; бүкіл
болмыс пен күллі жүйелерді де бір ғана нәрсе — қарым-қатынас сақтайды, олардың
күштері де тәртіп пен тыныштықты мезгіл-мезгіл қалпына келтіріп отыратын осы қарым-
қатынаста сақталады.
IV
.
Ақыл-ой мен әділеттілік өзінің ішкі табиғатының заңдары бойынша уақыт өте келе
адамдар арасында анағұрлым кең қанат жаюы, сөйтіп, олардың адамгершілік рухын
орнықтыруға көмектесуі тиіс.
Адамзат тарихындағы бейберекеттік пен мардымсыз жетістіктер жайында күдіктену мен
шағымданудың бәрі қайғыға батқан жиһанкездің жолдың қысқа бөлігін ғана бақылап
отырғаны секілді көрінеді. Егер ол айналасына дұрыстап қарап, алысыраққа көз жіберсе,
егер ол тарихтан азды-көпті белгілі дәуірлердің өзін ғана сабырмен салыстырып шықса,
бұған қоса адамның болмысын зерделеп, ақыл-ой мен шындықтың не екенін ой
таразысына салып қараса, жаратылыстану ғылымындағы ең даусыз ақиқатқа
күдіктенбегендей, ізгіліктің ілгерілеген қозғалысына да күдіктенбес еді. Мыңдаған
жылдар бойы адамдар Күн мен жұлдыздар қозғалмай, бір орнында тұр деп ойлап келді;
енді бізде телескоп секілді тамаша аспап бар, қазір біз Күн де, жұлдыздар да
қозғалатынына күдік келтірмейміз. Тарихи кезеңдерді неғұрлым дәл салыстыру да солай
— ол бізге қозғалыс шындығының қыр-сыры көп екенін аңғартып қана қоймайды, бей-
берекеттік болып көрінгенімен, адамның табиғатынан туындайтын ізгіліктің ілгері басқан
кадамы жүріп өтетін заңдарды есептеп шығаруға мүмкіндік береді. Мен қазір ежелгі
дәуірдің шетінде тұрсам да дүниежүзілік тарихтың ортасында тұрғандаймын, сондықтан
алда бізге жол сілтеуші болатын бірқатар жалпы принциптерді ғана белгілеп көрсетемін.