Page 211 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
211
Исмайыл бей Гаспринский Екатерина ІІ-нің саясаты туралы мынадай пікір білдірген: «Ол
он жыл ішінде Ресей үшін шығыста ақылды да сирек кездесетін пайдалы саясат орнатуы
арқылы, басқа дін басқармалары мен мемлекет адамдарының жүз жыл ішінде жіберген
күш-жігерінен әлдеқайда асатын қызмет етті». Қазақтар болса өздерінің әлеуметтік тәртібі
мен өмір салтына өзгеріс әкелген татар уағыздаушылары мен ислам дінінің енуіне селқос
ниет білдірді. 1830 жылы қазақ делегациясы Николай І-ге өтініш жазып «мектептер мен
медреселердің ашылуын тоқтатып, дін басыларын бұдан былай тағайындамауын» сұрады.
Татар көпестеріне қонақжайлық көрсетуді шектеген қазақтар, оларды көшпенділерді
жаулаушы ретінде айыптап, татар ұлтынан шыққан ресми адамдардың заңсыз
дөрекілегінен әбден жалыққан еді. Татар экономикасы басымдылығы мәдени және саяси
билік орнатуға бейімделгендігін, оның татарлардың экономикалық монополистікке деген
талпынысынан шыққандығын қазақ, қырғыз, башқұрт халықтары анық түсінді. Қазақтың
«татардан аулақ бол» деген мәтелі содан қалған.
ОРЫС ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ
Татарлардың қазақ даласындағы біраз уақыт бойындағы орыс әкімшілігінің қызметін
атқарушы болғандығын дәлел ретінде қарастырсақ, сол орыс мәдениеті XIX ғ. ортасына
дейін бұл жерде ешқандай ықпал етпегенін байқауға болады. 1841 жылы Жайық пен Орал
өзендерінің аралығында орналасқан Хан Ордасы деп аталатын қалада сол кездегі билік
басында отырған жергілікті ханның көмегімен батыс қазақ сахарасында қазақ балалары
үшін орыс тілінде оқытатын тұңғыш мектеп ашылған. 1866 жылы олардың саны сегізге
жетіп, қаражаттың жеткіліксіз болуы мен тәжірибелі мұғалімдердің жетіспеуіне
байланысты олардың саны ары қарай көбеймеді. Қазақ ақсүйектері мен ақсақалдары
отбасынан шыққан, Орынбордағы Неплюев кадет корпусы мен Омбы академиясында
білім алған қазақ студенттерінің саны шамалы болғанымен, бұл оқу орындарының
Орынбор сияқты орталық аумақтардағы қызметі өте маңызды болды. Мысалы, 1860
жылдар аралығында белгілі қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Омбы білім орталығын
аяқтаған, сол сияқты оның әкесі мен басқа туыстары, жолдастары да сонда оқыған.
Орыс мәдениетінің казак сахарасының шығысындағы орталығы Семей қаласы болған,
мұнда 1854 пен 1859 жылдар аралығында жер аударылған Федор Достоевский Уәлиханов
және басқа қазақтармен танысып, жақындасады.
1850-1860 жылдар аралығында саяси көзқарастары зардаптарынан бірнеше орыс қазақ
даласындағы қалаларға жер аударылады, олардың ішінде Петрашевский социалистік
ұйымының мүшелері, ақындар С.Ф. Дуров пен А.Н. Плещеев те болған. Қазақстанда орыс
зиялылары өкілдерінің әр түрлі әкімшілік билікте болғандығын, олардың арасында
географтар П.П. Семенов, Г.Н. Потанин, А.И. Макшеев және де филолог В.И. Дальдің
жаңадан пайда болған қазақ зиялыларына тигізген әсерін ерекше атаған жөн. Өткен
ғасырдың екінші жартысында Г.Н. Потанин «Декабристер мен петрашевшілер еш
күмәнсіз Сібірде жаңа буын өкілдерін дайындады [Сібірге солтүстік Қазақстан да жатқан],
Сібірдің әлеуметтік оянуына әсер етті» деп айтқан. Орыс зиялыларының дінге деген
енжарлығы мен көбінекей атеистік ағымда болулары, онсыз да исламға еш мойынсұнбай
жүрген қазақ жастарының көзқарастарын нығайта түсті. Орыстың либералдық дәстүрі,
жарияшылық пен өзін-өзі билеуге деген құштарлығы қазақ зиялылары арасында өзінің
үлкен ізін қалдырды. Мұның көрінісін алғашқы «батыстық» қазақтар Уәлиханов пен
Алтынсариннің жазбалары мен белгілі қазақ ақыны Абайдың жолдарынан көруге болады.
УӘЛИХАНОВ
Уәлиханов (Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, 1835-1865) қазақтың ақсүйек отбасынан
шыққан, ол өзінің Шыңғыс ханның ұрпағы екенін мақтан тұтқан.