Қазақстанның ашық кітапханасы
20
жеткізуінен де емес, табиғат заңдары солай, адам ұрпағының тіршілігі де сол заңдарға
сүйенеді. Тіпті адамзаттың ең кінәратты қауымдасуларының өзі де бізге: «Егер бізде ақыл
мен парасаттың қандай да бір сәулесі сақталмаса, біз жарық дүниеден баяғыда-ақ
жоғалған болар едік, тіпті біз мүлде жаратылмаған да болар едік», - деп тұрғандай.
Адамзат тарихының бүкіл арқауы бастау алатын нүкте — міне осы, сондықтан біздің оған
барынша мұқият көңіл бөлгеніміз жөн.
Біріншіден
. Біз адам жасампаздығында не нәрсені бәрінен жоғары бағалаймыз, олардан
нені күтеміз? Парасатты, жоспарлылықты, ниеттілікті бағалаймыз және күтеміз. Егер
бұлардың ешқайсысы жоқ болса, адамға тән де ештеңе жоқ, — соқыр күштің әрекеті
болып шығады. Тарихтың ұланғайыр кеңістігінде адамның ақыл-ойы қай жерді шарласа
да, ол тек өзін ғана іздейді және өзіне ғана ие болады. Өзінің жиһан кезген сапарында таза
ақиқат пен адам сүйгіштікті неғұрлым көп кезіктірсе, оның жасампаздық еңбегі де
соғұрлым орнықты, пайдалы, тамаша болады, олардың ережелерімен тарихтың барлық
кезеңдеріндегі барлық адамдардың ойы мен жүрегі де мейлінше тезірек келіседі.
Екіншіден.
Әлемнің бүкіл тарихында тағдырдың барлық өзгерістеріне қарамастан, өзі
жасаған әрбір істе, өмір бойы парасатты және ізгі күйінен айнымайтын ақкөңіл әрі ақылды
адамның түрінен асқан бірде-бір қуанышты көрініс жоқ. Ал енді ұлы әрі ізгі ниетті, бірақ
ақыл-ойы адасып жүрген, табиғат заңдарына сәйкес, ол өзінің бұл қателігі үшін тек
жазасын тартуды ғана күте алатын адам біздің кеудемізде қандай өкініш тудырады
десеңізші! Адамдардың тарихында мұндай бұзылған періштелер өте көп, біз адамның
ақыл-ойы құралы қызметін атқаратын тән қабығының бостығына жоқтау айтамыз. Пенде
қандай төзімсіз, ол күннен-күнге бүгіле түседі, әдеттен тыс, төтенше жәйттің бәрі оны
жолдан тайдырып жібереді! Өзін құрметтегендей болып көрінуі, алыстан бір бақыттың
қол бұлғағандай болуы, күтпеген оқиғаның кездесуі, бітті, қаңғыған оттар бір адамды
орға, құрдымға алып кетті; енді біреу өзін-өзі түсінуге өресі жетпей, зорланудан демі
құрып, құлап түсті. Ал енді әлдебір бақытсыздыққа тап болған бақытты адамның екі
жолдың айырығында тұрғанын көргенде, әлі де болса парасатты, әділетті, бақытты болуға
күші жетпей жүргенін оның өзі де сезетінін көргенде, бізді терең аяушылық сезімі билеп
алады.
О, адамдардың ұлы әкесі! Адамзат ұрпағына осыншама жеңіл, осыншама ауыр тағлым
берермісің?! Олар тек парасаттылық пен әділеттілікті оқуы керек; үйренсе болғаны —
қадам басқан сайын жарық олардың жанын нұрға бөлейді, жүрегіне ізгілік ереді, өмірі
бақытқа кенеледі. Егер мұндай сыйларды пайдаға жарата алса, олардың рухына адал
болса, онда негр де өзінің гректен бір кем емес коғамын құрып алады, ал үңгір адамы —
қытайдай құлпырып шыға келеді. Тәжірибе кім-кімді де алға жетелейді, ал ақыл мен
әділеттілік әркімнің де ісіне тиянақтылық, әдемілік пен тиісті шама-шарық береді. Ал енді
адам өзі үшін өте маңызды өмірдің осы бір жетекшілерін тастап кетсе, оның бақытын кім
баянды ете алады, адамгершілікке жатпайтын әрбір әрекетті жазаламай қоймайтын құдай-
аналардан оны кім арашалайды?
Үшіншіден.
Осы айтылғандардан адамзатта ақыл мен адамгершіліктің шамаластығы
бұзылысымен оның кері оралатыны көрінеді, шамаластыққа қайтадан жету өте сирек
болады, бола қалған күннің өзінде екі шектің арасында жанталасқан шайқалыс тудырады.
Бір құмарлық ақылдың орнықтылығын жойып жіберді, екіншісі бар күшімен алғашқыны
бас салды, осылайша, қайтадан тыныштық орнағанша, тарихта жылдар, ғасырлар өтіп
кетеді. Александр ұланғайыр аумақтағы орнықты жағдайды жоқ қылды, ол өлгеннен кейін
де бұл аймақтарда дауылдар соғып тұрды. Рим бір жарым мың жылдан астам уақыт тұтас
әлемнің тынышын кетірді, жоғалған орнықтылықты бірте-бірте қалпына келтіру үшін
жарты әлемнің тағы халықтарының күші қажет болды. Елдер мен халықтар осылайша