Қазақстанның ашық кітапханасы
18
Бүкіл адамзат, сондай-ақ әрбір жеке адам, әрбір коғам мен әрбір ұлт сан алуан жанды
күштердің берік, тұрақты табиғи жүйесі болғандықтан, біз енді мұндай жүйенің
тұрақтылығы неде екенін, асқан сұлулық, ақиқат пен игілік қай нүктеде тоғысатынын,
және бұл жүйе, егер ол ауыстырылған болса, өзінің бастапқы күйіне қандай жолмен
жақындайтынын қарастырып көрелік. Тәжірибе мен тарих мұндай ауыстырулардың көп
болғанын көрсетеді.
1.
Адамзатты аса мол күштер мен тума қабілеттерден құралған жоспардың нобайы,
алуан-алуан нұсқалар деуге болады, ал табиғатта бәрі де мейлінше анық әрі нақты адамға
сүйенеді, адамзаттың ұлы және сан қырлы қабілеттері біздің планетамызда тұратын
миллиондаған адамдардың арасында бөлініп берілуі мүмкін, әйтпесе олар мүлде көріне де
алмайды. Өмірге келе алатынның бәрі Жерде өмірге келеді, табиғат заңдарына сәйкес
тұрақтай алатынның бәрі Жерде орныға алады. Сонымен, әрбір жеке адамның өзінің сырт
келбетіне де, ішкі қабілеттеріне де сәйкес мөлшерлі шама-шарқы болады, ол сол үшін де
жаратылған, сол үшін де өзін баулып-тәрбиелеуге тиіс. Мұндай шама-шарық тым аурушаң
және жарымжан, өлі мен тірінің арасындағы адамнан бастап, гректердің құдай-адамының
керемет келбетіне дейін, африкалық негр миының құштар қызулығынан бастап асқан
кемеңгерлік қабілетке дейінгі адам тіршілігінің барлық түрін, формаларын қамтиды.
Сондықтан да әрбір пенде сүрініп және адаса жүріп, арып-ашып, өзін тәрбиелеп, барлық
қабілетін жаттықтыру арқылы өз күштерінің тиісті шама-шарқына жетуге ұмтылады,
өйткені ол үшін тұрмыстың толықтығы тек осындай шама-шарыққа ие болудан көрінеді;
бірақ толымды тұрмысқа кемел, тамаша және таза түрде жету бақыты көп адамға
бұйырмайды.
2.
Әрбір адам өзімен-өзі тек аса жетілмеген түрде ғана тіршілік ете алатындықтан,
әрбір коғамда өзара мейлінше ықпалдасушы күштер қалыптасады. Осы бір асау, тәртіпке
көнбейтін күштер, әрқашан қателеспейтін табиғат заңдарына сәйкес, өздерінің қарама-
қайшы ережелері бірін-бірі шектегенше өзара тайталасуын тоқтатпайды, ал тоқтатқан
кезде қозғалыс тепе-теңдігі мен үйлесімінің әлдебір түрі пайда болады. Халықтар тұрған
жеріне, уақытқа және ішкі мінез-құлқына байланысты өзгеріске ұшырайды; кез келген
халықта басқалармен салыстыруға болмайтын, тек оның өзіне тән жетілу шама-шарқының
белгісі бар. Халықтың жеткен шама-шарық биігі неғұрлым таза әрі жарқын, ал оның
рухының кемелденген күштері жаттығатын тақырыптары неғұрлым пайдалы болған
сайын, олардың қазыналы ойлары өздерін ізгі мақсаттарға бағыттап, мемлекеттің барлық
буындарын байланыстыратын берік және анық дәнекерге айналған сайын халықтың өмірі
де баянды бола береді, халықтың адамзат тарихындағы бейнесі де жарқырай түседі. Біз
бірқатар халықтардың тарихтағы жолын шолып шықтық, біз олар ұмтылған мақсаттардың
уақытқа, тұрған жеріне т.б. жағдайларға байланысты қаншалықты әр түрлі болғанын
анықтадық. Қытайлықтар нәзік мораль мен сыпайылықты, үнділер әлдебір өзіндік
тазалықты, сабырлы ынта мен төзімділікті, финикиялықтар теңізде жүзу мен сауда-саттық
рухын мақсат етті. Гректердің бүкіл мәдениеті, әсіресе афин мәдениеті - өнерде де, әдет-
ғұрыпта да, білім мен саяси құрылыста да сезім сұлулығының ең жоғары шегіне жетуге
ұмтылды. Спарталықтар мен римдіктер отаншылдық ерлікке, отанын сүюге күш салды,
бірақ әрқайсысы әр түрлі жолмен күш салды. Мұндай жәйттерде басты мәселе уақыт пен
мекенге тәуелді болғандықтан ертедегі халықтардың ұлттық атақ-даңқының өзгешелік
белгілерін өзара салыстыру мүмкін емес деуге де болады.
3. Соның өзінде де біз бәрін жасап жатқан тек бір ғана бастау — адамның ақыл-ойы екенін
көріп отырмыз, ол қашанда көптен — бірыңғайлық, бейберекеттіктен — тәртіп, әр түрлі
күштер мен мақсаттардан — өзінің тура әсемдігімен ерекшеленетін шамалас тұтастық
жасаумен айналысады. Қытай өзінің бағын безендіретін пішінсіз жасанды жартастардан
Египет пирамидасына дейін және гректің сұлулық идеалына дейін - бәрінде де ой