Page 166 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
166
айналдыруда және ол мәтінді толық игеруде, оның қалай пайда болғанын (авторының кім
екенін, пайда болған уақытын, қай жерде және қандай мақсатпен жасалғанын анықтау
тұрғысынан алғанда), ақырында дерек көздерінің кәміл шын екенін анықтауда болып
табылады. Әдетте дерек көздерінің сыртқы сынына жатқызылатын бұл операциялардың
барысында зерттеушіге палеография, эпиграфика, мәтіндеме, сфрагистика (мөрлерді
зерттейтін көмекші ғылым саласы), дипломатика және басқа да көмекші тарихи ғылым
саласының көп жәрдемі тие алады. Зерттеуші ғалым сыртқы сынға жатқызылатын
осындай жұмыстарды аяқтап біткеннен кейін ғана зерттеудің шын мәніндегі келесі
кезеңіне — дерек көздеріндегі деректердің толықтығын, растығын және дәлме-дәл кәміл
шындығын анықтауға көшеді, ол деректердің таптық және саяси бағыттарының сипаты
қандай екенін нақтылай түседі. Зерттеудің бұл кезеңі әдетте дерек көздерінің ішкі сыны
немесе герменевтика деп аталады. Дерек көздерін әдетте буржуазиялық ғылымға тән
тәсілмен әлгіндей сын тұрғысынан қарастырудың екі кезеңінің арасына қатаң шек қою
бағытын, соның ішінде қазіргі орын алып отырған бағытын да, толық негізі бар әрекет деп
санауға болмайды, өйткені дерек көздерінің сыртқы және ішкі сындарының өзара тығыз
байланысты екендігі соншалық — көп жағдайда оларды бір-бірінен ажырату тіпті де
мүмкін емес (осы жағдайды әділетті атап көрсете келіп, С.Н.Быковский, одан соң басқа да
кеңес ғалымдары дерек көздерінің сынын сыртқы және ішкі деп екіге бөлуден мүлдем бас
тартуды ұсынды).
Тарих ғылымындағы дерек көздеріне сын тұрғысынан қараудың маңызы өте зор.
Сондықтан да оның мақсаттары мен міндеттерінің анықтамасы дерек көздерін теориялық
тұрғыдан танудың аса маңызды проблемаларының қатарына табиғи түрде әбден орынды
енгізіліп жүр. (А.Ц.Мерзон, «Тарихи дерек көздері сынының негізгі міндеттері». Мәскеу.
1953 (ротапринт). Бұл қағида дерек көздерінің сыртқы сынына да, ішкі сынына да тікелей
қатысты. Мұның біріншісі туралы буржуазиялық ғалымдар Ш.Ланглуа мен Ш.Сеньобос
былай деп мәлімдейді: «...практика жүзінде автордың не ойлайтынын білу қажеттігі өте
сирек кездеседі. Сынның мақсаты автордың деректерді қаншалықты дәлме-дәл
бергендігін анықтау болып табылады. (Ш.Ланглуа, Ш.Сеньобос, «Тарихты оқып үйренуге
кіріспе». Санкт-Петербург, 1899, 132-бет). Ал марксистердің дерек көздерін тануы мына
жағдайды басшылыққа алады: автордың ұстанған әлеуметтік-саяси бағыт-бағдарының
қандай екенін білмей тұрып, біз құжаттың шындыққа қаншалықты сай келетіні туралы
мәселені ақыр аяғына дейін шеше алмаймыз. Ішкі сын тұрғысындағы міндеттер мен
тәсілдерді түсінуге келгенде біздің буржуазиялық ғылыммен екі арамыздағы алшақтық
едәуір ұлғая түседі. Жай ғана формальды бағыт-бағдар ұстануда қала отырып, белгілі бір
дерек көздерінің қандай әлеуметтік-саяси жағдайларда пайда болғанының терең түкпіріне
бойлап енбей тұрып, ішкі сынды жүзеге асыру мүмкін болмайды.
Дерек көздерін теориялық тұрғыдан тану дерек көздерінің іс жүзіндегі тану практикасы
сияқты, дерек көздерінің қаншалықты дұрыс екенін анықтау мәселесі оның нағыз шын
екенін анықтау мәселесінен көп жағдайда бөлек қарастырылады. Алайда олардың
арасындағы байланыстардың бар екені айдай анық нәрсе саналады. Дерек көздерінің
дұрыстығын анықтау оның ішкі сынын түгел қамтып тауыса алмайды. Бірақ бұл
жұмыспен беріле айналысу аса маңызды міндет болып табылады. Дерек көздерінің
дұрыстығын тексеру кезінде мұқият сақталуы тиіс әдістемелік принциптерге арнайы
мақала арнаған М.Н.Терешко ондай үш принциптің бар екенін атап көрсетеді:
«Біріншіден, тарихшылдық принципі. Ол дерек көздерін олардың өзара байланысы мен
дамуы барысын нақты-тарихи тұрғыдан келу арқылы тарихи даму үдерісінің өзімен
тікелей байланыстыра отырып қарастырады. Екіншіден, талдау жасауға таптық,
партиялық тұрғыдан бару және тарихи дерек көздерін бағалау мен дерек көздерінің
буржуазиялық теориясының әдістемелік тұжырымдамаларын сынау принципі.