Қазақстанның ашық кітапханасы
159
күмән тудырмайды. Өйткені кез келген деректің бір жағдайда «тарихи», ал басқа бір
жағдайды «тарихи емес» болып шығуы әбден мүмкін.
Осы айтылғандар бізді ғалымның өз зерттеу жұмыстарының барысында сөзсіз жүзеге
асырмай қоймайтын мәселеге, яғни тарихи деректерді сұрыптауға тікелей жақын алып
келді. Тарихты материалистік тұрғыдан түсінуге қарсы шығушылардың, индетерминистік
және субъективтік бағыт ұстанушы ғалымдардың қолдарында ондай сұрыптау жасау үшін
қажет болатын объективті өлшем белгілері жоқ. Сондықтан да олар кейде адамзаттың
қоғамдық өмірін ғылыми ой елегінен өткізе отырып, қорытынды жасаудан лажсыз бас
тартады. Мұндай кезде олар деректі материалды іріктеу барысында біржақты бұра тартуға
жол бермеуді талап ету туралы, зерттеуші ғалымның ұстанған бағыт-бағдары көп
жағдайда олардың таптық және партиялық көзқарасына қатысты идеямен байланысты
болатыны туралы жақтары тынбай, зарлауын қоймайды.
Тарихшы-марксистердің қолында деректерді дұрыс іріктеп алуға қажетті шын мәніндегі
ғылыми негіздер бар. Олар тарихта орын алып отырған өндірістік қатынастар мен сол
қатынастардан туып отырған таптық қарама-қайшылықтардың шешуші рөл атқаратынын
түсінуге негізделген Маркстік тарихи ғылым шексіз көп алуан түрлі тарихи деректерді
тарихнамалық деректерге немесе жинақтап қорытылған ғылыми-танымдық бейнелерге
айналдыра отырып, жекелеген құбылыстарды типтендіру тәсілін, сондай-ақ теориялық ой
елегінен өткізудің басқа да әдістерін қолданады. Ал мұның өзі жекеден жалпы, нақтыдан
дерексіз (абстракты) қорытындылар жасауға алып бара алады. Бұл ретте зерттеушілер, бір
жағынан, даму үдерісінің заңдылықтары туралы өздерінде бар, қалыптасқан түсініктерді,
ал, екінші жағынан, бұрынғы түсініктерге жаңадан жүргізілген зерттеулер енгізген
түзетулерді негізге алады. Ғалымдар деректерді жинаумен және оларға түсіндірмелер
берумен іс жүзінде әрқашан бір мезгілде қатар және оларды бір-бірімен өзара тығыз
байланыстыра отырып айналысады. Өйткені дерек көздерін белгілі бір тақырыпқа
қатысты ең соңғы нақты дерек алынғанға дейін материалдарды ой елегінен өткізуден бас
тартуға ешқандай негіз табылмайды. Дегенмен де, түпкілікті қорытындылар жасауға
асығудың қажеті де жоқ. Себебі зерттеушінің жасаған қорытындылары мен берген бағасы
тарихи өмір шындығына оның қолындағы деректі материал қаншалықты толық және жан -
жақты болса, соншалықты дәлдікпен сәйкес келеді.
IX. Теориялық дерек көздерінің басты мәселелері
«Тарихи дерек» ұғымы жөніндегі осының алдындағы тарауда тарихтың жеке әдістемесіне
немесе тарихи зерттеулердің әдісі мен техникасына қатысты проблематика туралы сөз ете
бастаған болатынбыз. Бұл сала көптеген мәселелерді қамтиды. Оларды ойдағыдай
шешудің зерттеуші жүргізетін жұмыс пен оның нәтижелеріне баға беру үшін орасан зор
маңызы бар. Төменде біз олардың неғұрлым ірі әрі көлемді деген түрлерін қарастыратын
боламыз. Бірақ әуелі тарих ғылымының тұтас алғандағы әдістемесі мен тарихи
зерттеулердің әдісі немесе техникасы арасындағы қарым-қатынастардың қандай
болатынына тағы да тоқталып өтеміз.
Әрине, тарихи зерттеудің техникасынан көптеген жеке тәсілдерді табуға болады. Оларды
буржуазиялық ғалымдар да, тарихшы-марксистер де ойдағыдай табысты түрде пайдалана
алады, пайдаланып та жүр. Бірақ, менің ойымша, бұл жерде әңгіме тарихты
зерттеушілердің жалпы жиынтық тәсілдері туралы емес, тек жеке тәсілдері туралы сөз
еткен жөн. Өйткені жиынтық тәсілдер оның іштей тұтас жүйені құрайды, ал ол жүйе
зерттеушінің жалпы әдістемесімен және ұстанған идеялық бағыт-бағдарымен
ажырамастай берік бірлікте болады. Зерттеу жұмыстарының әдістемесі немесе техникасы
шынында да тек идеологиялық көзқарас желісі бойынша ғана емес, сонымен қатар