Page 157 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
157
Тарихи оқиғалардың жеке дара белгілерінің гносеологиялық маңызын асыра көрсету
буржуазиялық ғылымға бұрыннан тән. Марксизм мәселенің бұл жағын әр кез ескеріп
отырады, сонымен қатар жекелеген әрбір тарихи деректің өзіндік жеке белгілерін
абсолютті түрде асыра көрсетпейді, қайта деректердің басым көпшілігін типтендіріп, бір
қалыпқа келтіруге болатынын, яғни жинақталған ұғымдар тудыру үшін объективті негіз
ретінде қызмет ете алатынын көз жеткізе толық дәлелдейді. Ал ол ұғымдар, өз кезегінде
бейне бір екінші кезектегі тарихи деректерге айналады, оларда бірқатар нысандардың
нақты қабылдануы адамның таным үдерісінде жүзеге асырылатын дерексіздікпен
ажырамас бірлікте көрінеді. Алайда, жинақталған ұғымдар марксистер үшін, көптеген
буржуазиялық ғалымдардың айтып жүргеніндей, тіпті де танылмаған немесе танып
болмайтын деректердің «символдары» болып саналмайды, қайта тарихи өмір
шындығының зерттеушілер санасындағы азды-көпті дәлме-дәл бейнелеуі болып
табылады.
«Тарихи дерек» деген ұғым өте-мөте күрделі және көп салалы болып келеді. Тарихшы-
марксистер жоғарыда атап көрсетілген принцип мәселелер жөнінде сөз болғанда бірден-
бір ортақ көзқарасты сақтап қала отырып, терминге қатысты кейбір нақты анықтамалар
мен берілген бағаларға келгенде оншалықты бірауыздылық таныта бермейді. Польша
әдебиетінде соңғы 10-15 жылдың ішінде орын алған анықтаулар мен түзетулерге талдау
жасай келіп, кеңестік зерттеуші М.Н.Терешко былай деп жазады: «Польша ғалымдарының
тарихи деректерге зерттеу жүргізу үдерісі кезінде берілген неғұрлым кеңінен тараған
түсініктемелерінен мына жағдайларды айрықша атап көрсетуге болады: «біріншіден,
дерек дегеніміз — тарихи өмір шындығының белгілі бір кеңістік-уақыт шеңберінде
болатын және материалдық қасиетке ие бір бөлшегі ғана (Е.Топольский); екіншіден, дерек
дегеніміз — өмір шындығының объективті түрде орын алатын нақты құбылысы
(Ц.Бобиньская, Г.Лябуда); үшіншіден, тарихи дерек көзінің өзі өз алдына дербес
қоғамдық-тарихи дерек болып табыла алады (Б.Кюрбисувна, Ц.Бобиньская); төртіншіден,
тарихи дерек дегеніміз ойдан шығарылған әр түрлі жалған, шындыққа үш қайнаса
сорпасы қосылмайтын нәрселерге және бетімен кетіп лағып адасушылыққа қарсы әлдебір
нақты, шынайы өмір шындығында бар (адамдар, заттар, оқиғалар) нәрселер болып
табылады (В.Мощенская); ... бесіншіден, дерек дегеніміз адам өмірінің кез-келген көрінісі
(Б.Миськевич); алтыншыдан, тарихи дерек дегеніміз ғылыми құрылым болып табылады
(В.Куля)» (М.Н.Терешко. «Проблемы социальных исследований» журналы. 3-ші
шығарылуы. Томск. 1937, 75-бет).
Кеңестік мамандардың арасында ауыз бірлік болмауының мысалы ретінде дерек көздерін
танудың теориялық және әдістемелік проблемалары жөнінде шығарылған жинаққа енген
мақалаларды айтуға болады. А.Я.Гуревичтің мақаласынан біз мынадай анықтаманы
оқимыз: «Тарихи дерек дегеніміз жалпы ортақ категорияны сезім нысанына қолдану
негізінде пайда болатын дерексіздік (абстракция) болып табылады, бірақ нысанның жеке
даралығы сақталған кезде ол дерексіздікте әлгі тарихи бейнеленген оқиғаның нақты
мазмұны тіпті де жоғалмайды. Сондықтан да тарихи дерек туралы қайдағы бір дерексіздік
туралы айтқандай болмаған әлдеқайда дұрыс. Өйткені бұл жерде дерексіздік ұғымы жеке
дара және нақты мазмұнды жоюды көздейді. Олай болса, дерексіздік туралы емес, ең
алдымен ғылыми-таным бейнесі туралы, дерексіздік пен нақты сезім нысаны туралы
түсінік-ұғымның бірлігі туралы сөз еткен дұрыс (А.Гуревич. «Тарихи дерек дегеніміз не?»
Дерек көздерін тану. Теориялық және әдістемелік проблемалар»). Осы мақаламен қатар
В.С.Библердің де мақаласы берілген. Ол әлгі анықтаманың негізгі мәніне қарсы дау
айтпайды. Бірақ мәселенің қаралуына бірқатар толықтырулар мен дәлме-дәл анықтаулар
енгізуге тырысады. Бұл ретте ол тарихи өмір шындығы мен ол туралы тарихшының
санасында пайда болатын түсінік арасындағы қатынастың қандай екендігіне баса назар