Қазақстанның ашық кітапханасы
156
(Н.Ирибаджаков. «Клио буржуазиялық философия сотының алдында». Мәскеу. 1972. 261-
268-беттер). Тарих ғылымында бұл термин нақты дүниенің танымдық бейнелері (мысалы,
статистикалық деректер, материалдық ескерткіштер, жазбаша және ауызша куәліктер
және басқа да түрлер) туралы сөз болғанда ғана емес, сонымен қатар әңгіме тікелей
объективті өмір шындығы, қоғам өміріндегі кез келген құбылыстар туралы болған
жағдайларда да пайдаланыла береді. Оның үстіне, «дерек» термині жекелеген
құбылыстарға да, жинақтаушы атаулар мен ұғымдарға да (тап, ұлт, революциялық
қозғалыс сияқты тағы басқа тұрпаттарға байланысты) қолданылады. Міне, мұның бәрі де
тарих ғылымдарындағы танымның үдерісін күрделілендіре түседі. Ал теориялық
тұрғыдан алғанда істің мәні мүлде өзгермейді, баяғы өз күйінде қалады.
Тарихшы үшін зерттеу пәні де ең алдымен объективті түрде бар өмір шындығының тап өзі
болып табылады. Ал ол біздің көз алдымызда әлдебір сипаттағы алуан түрлі деректерге
бөлінетін сияқты болып көрінеді. Алайда тарихшы өмір шындығын зерттей келе оны
тікелей емес, қайта алуан түрлі тарихи дерек көздерінің мазмұны арқылы қабылдайды. Ал
ол дерек көздерінің әрқайсысы, біріншіден, өзі де өзіндік дерек болып табылады,
екіншіден, белгілі бір тарихи кезеңнің белгілі бір деректерінің жиынтығын бейнелейді
(В.С.Библер. «Тарихи дерек өмір шындығының бір бөлшегі» (Логикалык байқаулар) —
«Дерек көздерін тану. Теориялық және әдістемелік проблемалар». 89-101- беттер). Өмір
шындығының дерек көздеріндегі қабылдануы мен оны зерттеуші тарихшының қалай
қабылдауы көптеген факторларға байланысты, соның ішінде тарихшының немесе дерек
көзін жасаушының қай тапқа (қай партияға) жататынына да байланысты болып келеді.
Өткен заман деректерінің ғылыми-танымдық бейнелері зерттеушінің санасында дерек
көздерін зерттеудің және оған өзінше түсінік берудің күрделі үдерісінің нәтижесі ретінде
пайда болады. Бірақ олар тарихи өмір шындығына толық сәйкес бола алмаса да, оның
мәнін ғалымдардың баспасөз бетіндегі еңбектерінде одан бөлек жариялана отырып та,
белгілі бір жақын мөлшерде бейнелей алады (С.Г.Иванов. «Тарих ғылымындағы «дерек»
ұғымы төңірегіндегі мәселе туралы»
-
«Вопросы истории» журналы, 1969. №2). Ғылыми-танымдық бейнелерді тарихи
өткен заманның деректеріне қарсы қоюға болмайды, бірақ оларды бір-бірімен
теңестірудің де қажеті жоқ. Бұлардың біріншісі объективтік тұрғыдан алғандағы
гносеологиялық тұжырымдамаларға (дерек дегеніміз бәрі, оған өзінше түсінік беру — бос
сөз), ал екіншісі тарихи дерекке деген қатынас тұрғысынан алып қарағанда өзінің
релятивизмімен қоса субъективтік-идеалистік тұжырымдамаларға алып барып соқтырады.
Сөйтіп, тарихи танымның тізбегі өзінің құрамында үш негізгі буынды қамтиды: 1)
объективті түрде өмір сүрген тарихи өмір шындығы; 2) оларды бейнелейтін дерек көздері;
3) қолда бар дерек көздері бойынша өткен заманның бейнесін көз алдымызға қайтадан
қалпына келтіріп бере алатын ғылыми-танымдық бейнелердің жиынтығы. Бұл схеманың
өзге кез келген ғылымдағы танымды жүзеге асыра алатын схемадан принципті түрдегі
айырмасы жоқ. Тарихи танымның өзіндік ерекшелігі екінші буынның едәуір артық өзіндік
салмағының болуына байланысты. Алайда ондай буын белгілі бір түрде барлық ғылым
түрлерінде де кездеседі. Тіпті зерттеушінің көз алдында көбінесе нақты құбылыстың өзі
емес, тиісті қажет құралдар мен салыстырулар және өзінше түсініктеме беруді талап
ететін басқа да «дерек көздері» тұрады.
Тарихи танымның өзіндік ерекшелік сипаттарының болатыны дау тудырмайды. Ал оны
шектен тыс ұлғайтып көрсету тарихты басқа ғылыми пәндерге ешқандай негізсіз қарсы
қоюға, кей-кейде тіпті оның өзінің ғылым деп аталу құқығын жоққа шығаруға дейін алып
барып соқтырады.