Қазақстанның ашық кітапханасы
155
шындығын біз өз көзімізбен бақылай алмаймыз; біз оны қазіргі өмір шындығына
қаншалықты ұқсас екендігіне қарап қана біле аламыз» (Ш.Ланглуа, Ш.Сеньобос.
«Тарихты оқып үйренуге кіріспе». Санкт-Петербург. 1899. 179-бет). Сөйтіп, деректің
объективтілігі мен сөзсіз дұрыстығына деген Ранкеге тән абсолютті кәміл сенімнің іргесі
шайқалды. Осыған сәйкес, дерек туралы ұғым да өзгеріп шыға келді. Сеньобос оны былай
деп тұжырымдады: «Дерек дегеніміз әдеттегі ауызекі сөздегі және ғылымдағы бірнеше
әсердің басын біріктіретін, сондай-ақ ол әсерлердің сыртқы өмір шындығына сай
келетіндігін мойындайтын пайымдаулар немесе пікірлер» (Ш.Сеньобос. «Әлеуметтік
ғылымдарға қолданылған тарихи әдіс». Мәскеу. 1902. 63-бет).
Бұл атап көрсетілген бағыттар бірте-бірте дами келе XX ғасырдың бас кезінде
тарихнамадағы сын бағыттар деп аталатын және философиялық неопозитивизммен
байланысты жаңа ағымның пайда болуына алып келді. Атап айтқанда, бұл ағымды
Англияда Ф.Мэтленд, Германияда — В.Виндельбанд пен Г.Риккерт, Ресейде —
А.С.Лаппо-Данилевский қолдады. Неокантшыл Лаппо-Данилевский тарихи дерек деп
«жеке адамның айнала ортаға, әсіресе қоғамдық ортаға тигізетін ықпалын» санайтынын
айтты, ал өзі тарихи дерек көзінен «өзге біреудің қабылдауына болатын, яғни адам
психикасында іске асатын өнім түрін көретінін мәлімдеді... Өйткені мұның өзі адамзаттың
өткен өмірінен тарихшының өзіне қажетті әлдебір дерек туралы білім алуына мүмкіндік
береді» деп санады (А.С.Лаппо-Данилевский. «Тарих әдістемесі», 2-ші басылымы. Санкт-
Петербург. 1993, 322 және 374-беттер).
XX ғасырдың 20-жылдары, кеңінен мәлім болғанындай, тарихнамадағы объективтілік
тұжырымдамалар идеологияға тек қана пайда көздейтін утилитаризм тұрғысынан қарауды
талап ететін философиялық ағымдар — прагматизм мен инструментализм тарапынан
жасалған кең көлемді шабуылға душар болды.
1926 жылы «Тарихи деректер дегеніміз не?» деген тақырыпқа жазылған екі елеулі еңбек
жарық көрді. Оның біреуі Францияда мақала түрінде жазылды. Авторы - француз
философы, этнографы және психологы А.Леви-Брюль. Екіншісі Америка тарих
қауымдастығының президенті К.Беккердің сол қауымдастықтың кұрылғанына бір жыл
толуына арнап 1926 жылғы желтоқсанда сөйлеген сөзі болатын (ол сөздің толық мәтіні
1955 жылы жарияланды). Беккер былай деп мәлімдеді: тарихи дерек адамның санасынан
тыс өмір сүрмейді. Сондықтан да ол «ескірген әдет бойынша тарихты сыртқы дүниенің
бір бөлігі ғана, ал тарихи деректерді шын мәнінде болған оқиғалар ғана» деп ойлаудан бас
тартуға шақырды. Беккердің пайымдауынша, өткен заманның жалаң деректері оларды
тарихшының қалай деп табуына байланысты түсіндірмейінше ешқандай да мән-мағынаға
ие бола алмайды, ие болып та жүрген жоқ. (А.Я.Гуревич. «Тарихи дерек дегеніміз не? -
«Дерек көздерін тану. Теориялық және әдістемелік проблемалар». Мәскеу. 1969. 59-88-
беттер).
Сонымен тарихи дерекке деген объективті көзқарастар субъективті идеализм мен
агностицизм рухындағы тұжырымдамаларға барған сайын көбірек орын босата бастады.
Мұның өзі марксизмге қарсы идеологиялық күрес жүргізудің мұқтаждығына ғана
байланысты болған жоқ. Өйткені «дерек» деген терминге бұған дейін беріліп келген
түсінік тарихты материалистік тұрғыдан түсінуге қарай бейне бір жол ашатындай болып
көрінетін (В.И.Салов. «Тарихи дерек және буржуазиялық тарихнама» — «Новая и
новейшая история» журналы. 1973. №6. 43-56-беттер).
Ғылым тілінде өте елеулі рол атқаратын «дерек» терминінің сан алуан мағынасы болып
келді, қазір де тап солай болып отыр. Мұның өзі таза семантикалық қасиеті тұрғысынан
алғанда толып жатқан пайдакүнемдік іс-әрекеттердің жасалуына жол ашады