Page 154 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
154
Марксизмнің пайда болған және батыс еуропалық тарихшылардың арасына тарала
бастаған жылдарда неміс ғалымы Л.Ранкенің ықпалы болды. Ол деректерге табынуды
дәріптеді. Өйткені, оның ойынша, деректер өздері туралы өздері дәл әрі толық баяндап
береді, әлдебір қосымша түсіндірулер беріп жатуды және жинақтап қорытындылар
жасауды мүлде қажет етпейді. Оның айтқан нақыл сөздері көптеген тарихшылар үшін
берік сенімнің символындай көрінді. Олар Ранкенің ұстанған бағытын қадір тұтып, оған
қатты қолдау көрсеткен болатын. Ол бағыт өзінің бейне бір объективті сияқты болып
көрінуімен тартымды еді. Солай бола тұрса да тарихнамада «объективті» мектептің
негізін қалаған ол тарихшыларды оқиғалар мен деректерге қандай да болсын баға беруден
бас тартуға шақырғанымен, өзімен тұстас замандағы және тарихтың еншісіне еніп кеткен
идеялық-саяси қақтығыстарға келгенде тіпті де бейтарап сезінуші ретінде қалып көрген
емес. Ранке аса маңызды тарихи оқиғаларды идеялардың бір-бірімен күресі деп
қарастырды. Бұл ретте ол ең жоғары идеяның үлгісі деп Құдай бәріміздің Жаратқан иеміз
деп, ал өзге идеялардың бәрін де Құдайдың дүние туралы ойларынан өзге ешнәрсе де емес
деп санады. Еуроорталық бағытты берік ұстанған ол адамзаттың даму барысындағы
жетекші күш роман-герман тектес халықтары болып табылады деп пайымдады. Ал славян
халықтарының тарихи рөлі батыс елдерінің өркениетін шығыстағы көшпелі халықтардың
шабуылынан қорғап қалуда ғана деп білді. Еуропалық емес халықтарға келетін болсақ,
олар, Ранкенің ойынша, Еуропа халықтарының тарапынан ықпал етілуі үшін қажетті
нысан ғана. Ранкенің бұра тартатын бір жақты саяси әділетсіздігі оның ғылыми
еңбектерінен тайға таңба басқандай айқын көрініс тапты. Мұның өзі автордың тарапынан
дворяндардың артықшылық жағдайларын жан-тәнін сала қорғаушы болғанымен, неміс
корольдері мен ханзадаларының тәрбиеші ұстазы болуымен, Пруссияның ресми
тарихнамасы жөніндегі шежірешісі және Бисмарктың өзінің жеке досы болған қызметімен
әбден үйлесім тапқан еді.
Ал таза кәсіби мәселелерге келетін болсақ, онда бұл жерде Ранкенің ұстанған саяси
бағытына оның күнделікті өмірден жасаған өз пайымдаулары толық сай келеді. Оның
ойынша, тарихи ақиқатты негізінен алғанда елшілердің жолдаған хабарламаларынан,
мемлекеттік қайраткерлердің жазысқан хаттарынан және осыларға ұқсас басқа да
материалдардан іздестіру керек. Мұндай сенім бейне бір құжаттарда көрсетілмеген
оқиғалардың ешқайсысы да тарих үшін өмірде болмаған нәрселер-міс дегенді білдіреді.
Міне, осыдан келіп, Ранке саяси және дипломатия тарихын бірінші кезекке қояды. Мұның
өзі іс жүзінде барлық мәселені көрнекті саяси қайраткерлердің жеке басына алып барып
тірейді, сөйтіп, тарихтың әлеуметтік-экономикалық тұстарын түгелімен дерлік назардан
тыс қалдырады. Ал халық бұқарасының қызметі туралы ешнәрсе де айтылмайды, өйткені
оны тарихта бар деп елеп-ескермейді.
Тарихи деректі түсінуде Ранкеге XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас
кезіндегі позитивистер бір табан жақын турды. Солардың біреуі белгілі француз
тарихшысы Фюстель де Куландж болды. Ол да жазбаша дерек көздерін ғана мойындауды
ұсынды. «Мәтіндер, тек қана мәтіндер, мәтіндерден басқаның бәрі түк те емес!» деген
ұранды басшылыққа алған ол тарих ғылымы «құжаттарға дұрыс түсінік беруге» саяды
деген кәміл сенімде болды. Алайда уақыт өте келе ондай бағытқа қарсы болғандардың
саны барған сайын арта түсті. Соның ішінде дерек көздерін танудың әдістемелік
проблемаларымен арнайы айналысатын тарихшылардың да қарсылығы күшейді. Ондай
күшті қарсылық білдіргендердің арасында Фюстель де Куландждың өз отандастары
Ш.Ланглуа мен Ш.Сеньобос болды. Бұлар өздерінің «Тарихты оқып үйренуге кіріспе»
деген еңбегінде тарихшыларды құжаттар мен деректердің жетіспей тұрған жерлерін өздері
жасайтын пайымдаулармен толықтыруға шақырды. Тарихи танымның субъективтілігін
атап көрсете келіп, Ланглуа мен Сеньобос былай деп мәлімдеді: «Өтіп кеткен өмір