Page 153 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
153
Дағдарыстың үшінші кезеңінің ерекшелігі буржуазиялық тарихнаманың біртұтас
әлеуметтік теориясының жетіспеушілігі мен дәрменсіздігінде болып отыр... Ондай
теорияны буржуазия тарихшыларынан олардың өздерінің ғылыми шамшылдығы және
оларға берілген «әлеуметтік тапсырыс» талап етіп отыр... Ол теория тарихты
материалистік тұрғыдан түсінуді барынша бейтарап етуге міндетті болуы тиіс. Бірақ ол
міндетті құр қолмен немесе бетпе-бет тіке шабуыл жасаумен орындау біздің заманымызда
тіпті де мүмкін емес. Бүгінгі таңда істің жайы, міне, осындай болып отыр... Ол
буржуазиялық ғалымдардың «жаңа әдістеме» іздеу жолында ерікті немесе еріксіз түрде
болса да бірте-бірте тарихи материализмге жақындай түсетініне күмән қалдырмайды және
олар осылай етуге мәжбүр болады...
«Тарих әлеумет тануының» пайдасына айтылған пайымдаулардың таза гносеологиялық
жақтарына келетін болсақ, онда мұның өзі, біздің пікіріміз бойынша, белгілі бір білім
саласында басымдықпен пайдаланылатын қандай да бір таным тәсілдерін шектен шығара
абсолюттендірумен байланысты екенін көреміз. Бір ғылымға (мысалы, саяси экономияға)
логикалық танымды талап ететін нәрселердің бәрін бірдей, ал басқа бір ғылымға (мысалы,
тарихқа) тарихи танымға қатысты байланысы бар нәрсенің бәрін бірдей тықпалап таңа
беру дұрыс болар ма еді? Менің ойымша, мұндай бөлу әбден жеткілікті мөлшердегі
жасандылық болып табылады және оны көптеген жағдайға орай оп-оңай теріске шығаруға
болады. Мысалы, тарихи таным тәсілі саяси экономия үшін, ал логикалық таным тәсілі
тарихи ғылым үшін өте-мөте қажет бола береді. <...>
VIII. «Тарихи дерек» ұғымы төңірегіндегі пікірталасы
«Дерек» термині өзінің тікелей дұрыс мағынасында алғанда өте түсінікті, оған ешқандай
қосымша түсінік беріп жатудың қажеті жоқ. Солай бола тұрса да мамандар арасында осы
термин мен оған байланысты барлық мәселелер төңірегінде өте қызу пікірталас баяғыдан
бері жүріп келеді. Соңғы онжылдықтар барысында саябырсып басылмақ түгілі одан сайын
өршіп, күшейіп барады. Мұның өзі кез келген ғылым үшін маңызды гносеологиялық
мәселемен елеулі түрде тікелей тығыз байланысты. Мәселенің түп төркіні «өзіндік зат»
дегеніміз бар ма өзі, ал егер бар болса, оның шын мән-мағынасы ғалымның санасында ол
туралы қалыптасқан түсініктерге сай келе ала ма? Бұл мәселенің тарих ғылымында
неғұрлым күрделі бола түсетін себебі оның зерттейтін пәндері барлық уақытта дерлік
тікелей бақылау арқылы емес, әлдебір аралық әрі байланыстырушы буындар түріндегі
мейлінше сан алуан деректер арқылы ғана қабылданады. Ал оларды зерттеудің де өзіндік
күрделі жақтары бар.
Алайда проблеманың гносеологиялық мән-мағынасы таным нысаны мен оны танып
білуші субъектінің екі арасындағы тізбек бір немесе бірнеше буынға артып кетсе де
өзгеріссіз қала береді. Біз үшін маңызды нәрсе — таным нысаны бұл жағдайда да адамның
санасынан тыс әрі оған тәуелсіз болады, ал ол нысан туралы түсінік сол нысанның оны
танып білуші субъектінің басындағы азды-көпті дәлме-дәл бейнесі болып табылады.
Ғалым адам тарихи оқиғаның шын мәніндегі мән-мағынасына неғұрлым жақындай түсуі
үшін болған тарихи оқиға мен оның заттай ескерткіштердегі, жазбаша және басқа да дерек
көздеріндегі қалай бейнеленгенінің арасындағы айырмашылықтарды айқын аңғарып, көре
білуі тиіс, яғни болған оқиға мен оның тарихи шығармаларда қалай суреттелуін бір-
бірінен айыра алатын болуы керек. Танымға жеткізетін жолдың ұзара түсуі таным үдерісін
қиындатып, күрделілендіре түсетіні өзінен-өзі түсінікті. Бірақ мұның өзі табысқа қол
жетпейді дегенді тіпті де білдірмейді. Өйткені тарихты материалистік тұрғыдан түсінуге
негізделген тарихи таным ғылыми таным болғандықтан да, тарихи даму үдерісінің шын
мәніндегі барысын көз алдымызға қайтадан елестетуге және оның заңдылықтарын
түсіндіріп беруге әбден қабілетті...