Page 15 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
15
бір бір танып-білінеді, олардың бәрінен де шындық көрінеді, өйткені Евклидтің
теоремаларына, көбейту кестесінің дұрыстығына әлі ешкім де ешқашан күмән келтірген
емес.
Адамдардың қысқа тарихының өзі-ақ кейінгі кезде ағарту ісінің дамуына байланысты,
бақытқа орай, адамды жек көруші рухтың әмірімен болатын мағынасыз қиратушы
соғыстар едәуір азайғанын көрсетеді. Рим құлап, күйрегелі Еуропада бүкіл құрылысы
жаулап алушы соғыстарға сүйенген ондай мемлекет қайтадан пайда болған жоқ; өздерінің
жойқын жорықтарын жүзеге асырған ортағасырлық халықтар жабайы әрі мәдениетсіз
болды. Бірақ бірте-бірте мәдениетті игеріп, өздерінің меншігіне ықыласы ауған соң, олар
өз еріктерінен тыс, өздері де терең байқамаған түрде тамаша әрі тыныш еңбексүйгіштік,
егіншілік, ғылым мен сауда-саттық рухын қабылдады. Адамдар ештеңені де жоймастан,
өздеріне пайда табуды үйренді, өйткені қиратылып, құртылған нәрсе енді пайда
әкелмейтіні түсінікті болды, сөйтіп, уақыт өте келе, — солай болуы табиғи нәрсе секілді,
— халықтар арасында бейбітшілік пен тепе-тендік орнады, жүздеген жылдар бойы
тағылықпен жауласудан соң, адамдар әркімнің мақсаты мен тілегіне тек бірлесіп еңбек
етумен ғана жетуге болатынын түсінді. Тіпті, жеке бастың пайдасы бірінші кезекке
койылатын сауданың өзі де осы жолға түсті, — табиғаттың тәртібі осылай істеткізді, оған
қарсы құмарлықтар да, наным-сенімдер де ештеңе жасай алмады. Саудамен айналысушы
ұлттардың қай-қайсысы да ескі нанымнан немесе көре алмаушылықтан жасалған бұрынғы
мағынасыз қиратулар үшін әлі де өкініп, жылап-сықтап отыр, болашақта бұдан да көп
өкінетін болады. Ақыл-ой кемелденіп келеді, қарақшылардың кемелері көпестердің
кемелеріне айналуда, сауда-саттық та өзара әділеттілік пен сыйластыққа, өнер мен
кәсіпшілікте үздіксіз жарысуға, бір сөзбен айтқанда, адамгершілік пен оның тұрақты
заңдарына негізделіп келеді.
Адамзаттың табиғи заңдарының сылап-сипаушы бальзамының шипасын сезгеннен кейін,
тіпті оның адамдардың еркінен тыс, өзінің ішкі күші арқылы халықтар арасына таралып,
жаңа елдерді бірінен соң бірін қаратып алып жатқанын көргеннен кейін біздің жанымыз
ризалық сезіміне бөленбей тұра алмайды. Адамдардың қателіктер жасау қабілетін
құдайдың өзі де алып қоя алмады, бірақ адам қателіктерінің табиғатына тән қасиет сол -
олар уақыт өте келе, ерте ме, кеш пе, бір ашылады, сөйтіп, пайымды жан олардың
болғанына айқын көз жеткізеді. Енді Еуропаның есті патшасының бірде-бірі өз
провинцияларын кезінде парсы патшасы немесе, тіпті, римдіктер басқарғандай етіп
басқармайды, бұл оның адамдарды өте сүйетіндігінен емес, оның мемлекеттік басқарудың
мәнісін дұрысырақ түсінгендігінен, саяси есеп құралдарының ғасырлардан бері неғұрлым
анық, қарапайым, дұрыс үрдіске айналғандығынан солай болып отыр. Біздің заманымызда
ақылсыз адам ғана пирамида тұрғызады, парасатты әлем мұндай пайдасыз нәрсені
салушының қай-қайсысын да ессіз адамға санайды, халықтарды шексіз сүйгендіктен емес,
экономикалық пайымдауларға сүйенгендіктен солай санайды. Біз қазір гладиаторлардың
ұрысын, жануарларды қатыстыратын шайқастарды мүлде теріс көреміз; адам ұрпағы әр
түрлі албырт, есер ермектерге берілді, бірақ ақырында мұндай тағылық ойындардың назар
аударуға, еңбек шығындауға тұрмайтындығын түсінді. Сол секілді бізге енді баяғы Римге
ұқсап байғұс құлдарды, немесе Спартаға ұқсап илоттарды езіп-жаншуға да тура келмейді,
өйткені ерікті азаматтардың мемлекеті, ежелгі мемлекеттер өз құлдарын кемсітіп, қорлап
малмен бірдей ету арқылы жеткен, түптеп келгенде аса қымбатқа түскен мақсаттарға,
қазір анағұрлым оңай әрі аз шығындар жұмсап жетеді. Енді адамгершілікке жатпайтын
біздегі құл саудасына біздің қазір римдік құлдар мен спарталық илоттарға қарағандай
өкінішпен қарайтын кезіміз де келеді, бұл адамдарға деген сүйіспеншілік сезіміміздің
молдығынан емес, өз пайдамызды ойлаудан туады. Қысқасы, адамның әлсіз, адасуларға
бейім табиғатына ақылды қосып бергені үшін біз құдайдың атына алғыс жаудыруға