Page 147 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
147
зерттеушілердің арнайы бөліп алып қарастыруы үшін салыстырмалы түрдегі тар
тақырыптарға да арнала алады. Бірақ ондай жағдайда тарих ғылымының зерттейтін
тақырыбы тұтас алғандағы адамзат қоғамы екенін естен шығаруға тіпті де болмайды.
Тарихи үдерісті оның әрбір бөлігінде бір-бірімен жалғастырып отыратын себеп-салдарлы
байланыстардың өте-мөте күрделі және өзара тығыз байланысты екені сонша, тіпті белгілі
бір нақты оқиғаларды жеке дара бөліп қарастырып, зерттеу барысында қарапайым
деректердің шырмауынан шығып, жоғары көтеріле алмайды. Солай бола тұрса да, тарихи
оқиғаларды бір-бірінен оқшау алып, жалпылама суреттеумен шектелмейтін, сонымен
қатар тарихтың кең көлемді ауқымында терең талдау жасайтын зерттеулер өте-мөте
құнды болып есептеледі. Ондай зерттеу жұмыстары деректі материалдардың жиынтығын
ғана беріп қоймайды, сонымен қатар сол деректерден жалпы қорытындылар жасауға да
мүмкіндік бере алады. Тарих ғылымының алтын қорына ең алдымен енетін де тап сондай
зерттеулер. Олар қоғам туралы бүкіл... ғылымның көлеміндегі кең ауқымды жинақтау
үшін берік негіз қалайтын база бола алады.
Тарих ғылымының әлеуметтік қызметі оның зерттеу жүргізетін пәнінің нысанымен тығыз
байланысты. Тарих ғылымы жинақтаған деректер, жасалған қорытындылар мен берілген
бағалардың барлығы қосыла келіп, қоғамның сана-сезімін қалыптастыруға деген
қажеттілігін өтеуді толық қанағаттандырады. Оның үстіне, тарих қоғамдық сана-сезімнің
жетекші түрлерінің бірі болып табылады. Қоғамдық дамудың заңдылықтарын ашып
көрсетуге қабілетті шын мәніндегі ғылымға айналған тарих қоғамды іс жүзінде қайта
құруға ықпал ете аларлық мүмкіндікке ие болады... Тарих ғылымы өткен өмірдің
тағылымдарын еске ала отырып, алдағы кезде қоғамды одан әрі жетілдіре түсуге пайдалы
мәселелерді іріктеп алады. Сондықтан да адамзат қоғамдық дамуды басқарудың шын
мәніндегі ғылыми әдістерін неғұрлым тереңірек меңгерген сайын... оның практикалық
рөлі арта түсетін болады.
Тарих ғылымы ішкі жіктелуі едәуір дамыған білім саласы болып табылады. Ол өзінің
жалпы тұтастығын сақтай отырып, кейде бір-бірімен едәуір ерекшелігі бар салалар мен
тарауларға бөлінеді.
Адамзат коғамының тұтас алғандағы дамуын (бүкіл дүние жүзілік тарих) зерттеу
әрқайсысы тиісті формациялар мен дәуірлерге сәйкес келетін жеке бөлімдер бойынша
жүргізіледі. Сондай-ақ ол кеңістік-географиялық принцип бойынша да адамзат қызметінің
кең ауқымды кешенді проблемалары немесе жекелеген көп мәселелері бойынша да,
ұлттық және әлеуметтік белгілер бойынша да, қандай мемлекеттік құрылыс кезінде
екендігіне және басқа жағдайларға қарап та бөлінеді. Мысалы, алғашқы қауымдық
құрылыс тарихы, ерте дүние тарихы, орта ғасырлар тарихы, жана және ең жаңа тарих,
монополистің капитализм мен империалимзге дейінгі тарихы, КСРО тарихы мен АҚШ
тарихы, скифтер тарихы, инкілер тарихы, дворяндар тарихы және буржуазия тарихы,
шаруалар тарихы және жұмысшы табы тарихы, әскери өнер тарихы, медицина тарихы,
фабрикалар мен зауыттардың тарихы, қалалар мен селолардың тарихы, мемлекеттік
мекемелердің тарихы немесе оқу орындарының тарихы болып кете береді. Тарихи
ғылымның осы аталған тарауларының көпшілігі тарихқа мүлде қатысы жоқ белгілі бір
арнайы білім түрлерін меңгеруді талап етеді. Соның өзінде де олар тарих ғылымының
бөлімдері болып табылады және тарих шеңберіндегі жасалған әдістемені және
қорытындылар мен жинақталған деректі материалдарды пайдаланбай тұрып табысты дами
алмайды.
Тарих ғылымында көмекші немесе арнаулы тарихи пәндер ерекше орын алады. Ал олар
дерек көздерінің сан алуан түрлерін зерттейді. Олардың әрқайсысы зерттеудің өзіндік
тәсілдерін қалыптастырып алған. Ондай пәндердің қатарына, атап айтқанда, мыналар