Қазақстанның ашық кітапханасы
143
етіп әдейі қойылған сияқты. Өкімет билігі байқай алмаған жерде бәрі де болады. Оқуға
рұқсат етілмейтін, бірақ өте қажет әдебиеттерді колға түсіру тіпті киын еді. Сондықтан да
шетелдік әріптестеріміздің көмегін пайдалануға тура келіп жүрді. Олар өз шаруаларымен
біздің елімізге келген кезде жаңа кітаптар — көркем әдебиеттер, сондай-ақ саяси,
философиялық кітаптар ала келетін. Ал біздің көптеген көрнекті жазушыларымыз,
ойшылдарымыз, мемуаршыларымыз шығармаларының өз елімізде басылып шығатынынан
күдер үзіп, оларды қолжазба қалпында шетелге қолма-қол жіберетін. Ал онда ол
шығармалар көп тиражбен басылып, кеңінен тарап кететін. <...>
80-ші жылдардың екінші жартысы. Іріп-шіріген әрі жексұрын әрекеттер әлі де жиі
сезілетін. Қайта құру деп аталған және ол кейбір жаңаруларға жол аша бастаған кезде
біздің тұрмысымыз әлгіндей жағымсыз әрекеттерден арыла қоймаған болатын. Менің
жиырма жыл бойы кеңестік газеттердің бетін ашып көрмеген кезім еді. Өтірік
тасқынының қанша пайыз екенін есептеу үшін ғана немесе бүгін Брежнев жолдастың оң
жағында Сусловтың, ал сол жағында Демичевтің тұруында, керісінше емес, тап солай
тұруында не гәп бар екенін мұның өзі әлдебір күрделі құрылымдық өзгерістің болатынын
білдірмес пе екен деп талдап көру үшін ғана болмаса, газеттерді оқудың да қажеті
қалмайтын. Кремленологияның шетелдерде ғана емес, өзімізде де күшті дамығаны сонша,
жұрт газеттерді шұқшия оқитын және оларда жарияланған суреттерді мұқият қарап
шығатын. Ал мен үшін «Америка дауысы», «Би-би-си», «Азаттық» радиоларының
хабарлары әбден жеткілікті болатын, барлық ақпаратты солардан алатынмын.
Академиядағы жағдай да күйзеліске душар болды. Әлдебір нәрсені өзгертіп, түзете қою
туралы ойлауға да мұрша қалған жоқ. Менің қоғамдық өмірден мүлде қол үзіп қалғаным
сонша — тіпті өзімнің зерттеу жұмыстарыммен айналысудан басқаның бәрін де ұмыттым.
Бірақ 80-ші жылдардың аяқ кезіне қарай кейбіреулеріміз ойлана бастадық: бәлкім, біздің
де академия немесе университет көлемінде болса да қоғамды жаңарту қозғалысына
белсене қатысқанымыз жөн шығар деп шештік. Сөйтіп, менің өзім мүлде күтпеген әлдебір
жағдай болды. Ондаған жылдар бойы қандай да болсын топтан, ұжымнан тыс, жеке
жүруге мәжбүр едім. Сондықтан да Калинин педагогика институтында он алты жыл
жұмыс істеген кезімде өзімді ешқашан шын мәніндегі қызметкер ретінде санап көрген
емеспін. Ал Философия институтында жұрттың ең соңындағы аутсайдермін,
философтардың ортасында көзге шыққан сүйелдей көрінетін жалғыз тарихшымын деп
сезінумен жүрдім. Үш жылдан кейін мені бұл институттан да қуып шықты. Жалпы тарих
институтында жиырма жыл қызмет істегенде де шетке шыққан біреу болып қала бердім.
Ешнәрсеге араласа алған жоқпын. «Біз» деп ауыз толтырып айтарлықтай ұжым мүшесі
бола алмадым.
Бірақ ендігі жерде маған жаңа ойлар келе бастады. Қол қусырып, қарап жүре бермеуіміз
керек қой. Біздің институтымыз орасан зор (Егер сіз шетелде болған кезіңізде біздің
институтымызда екі жүз адам жұмыс істейді десеңіз, ол жақта бұған сенер-сенбесін де
білмей, аң-таң қалар еді. Өйткені оларда институт қызметкерлерінің саны он-он екі
адамнан аспайды, тіпті одан да аз болуы әбден мүмкін. Ал бізде ше? Рас, ол адамдардың
не істеп, не қоятыны жөнінде жан-жақты ойға берілудің өзі де пайдалы). Солай бола тұрса
да біздің институтымызда бірде-бір ғылыми семинар жұмыс істемейді. Б.Ф.Поршневтің
көзі тірісінде тарихи психология жөнінде бір семинар ұйымдастырылған еді. Біз онда
кейбір проблемаларды жүйелі түрде талқылап тұратынбыз. Өкінішке орай, ол семинар
Борис Федорович Поршнев қайтыс болған соң онымен қоса көміліп, қара жердің қойнына
жіберілді. Ал Гефтер жетекшілік еткен әдістемелік сектор қуып таратылғаннан кейін
Е.М.Жуковтың басшылығымен әдістеме жөнінде семинар ұйымдастырылған еді. Бір күні
мені сол семинардың құрамына күшпен қуып тыққандай болды. Ал онда адамның
ақылына қона бермейтін мәселелер мен іс-әрекеттер талқыланатын. Әлдебір тым