Қазақстанның ашық кітапханасы
142
анықтамада тарихи таным үдерісіне өте сәтті түсінік берілген: маңызды мәселе ең соңғы
түпкілікті нәтижеде де емес, яғни абсолютте де емес; оған жетемін деп ұмтылу ешқашан
тоқтатылмайтын болса (ал бұл — ғылыми танымның шабыттандырушы ұраны), оған іс
жүзінде қол жеткізуде ешқашан мүмкін бола алмайды. Сондықтан да ол үдерістің әрбір
нақты кезеңі, сондай-ақ айтыс-тартысқа толы дау-дамайдың барысында ұсынылатын
тұжырымдамалар, түсініктемелер ерекше маңызды. Алайда ондай әрбір тұжырымдама
пікір сайысы кезінде келтірілетін дәлелдердің біреуі ғана бола алады. Соның өзінде де әлгі
пікір сайысында оған күмән келтіріледі, оны жоққа шығаруға, сөйтіп, одан да озық
тұжырымдамалар мен түсініктер туатынына сенім білдіріледі. Тарих ғылыми «үзілді-
кесілді қатаң белгіленген», өзіне-өзі берік сеніммен тоқмейілсіген және қатып-семіп, тасқа
айналып қалған ақиқат атаулыға төзе алмайды. Алған бетінен қайтпайтындардың
ешнәрсеге төзбейтін және қасарыса қарсылық көрсететін қылығы алдында мен кез келген
ғылымның, соның ішінде тарих ғылымының да, мән-мағынасын оның анықтығы, бір-
бірімен ұдайы бәсекеге түсіп, өздерін бір-біріне қарсы қоятын алуан түрлі көзқарастардың
болуы құрайды деген пікірімнен таймаймын. <...>
60-жылдарда диссиденттік қозғалыс пайда болып, одан әрі өрши түсті. Оның өзі біздің
қоғамдық және рухани өміріміздегі ең жоғары дәрежедегі елеулі нәрсеге айналды. Құқық
қорғаушылар ретінде бой көрсеткен ержүрек жандардың аз ғана тобы қорқыныш
атаулыны кері ысырып тастап, Конституцияны, адам құқықтарын, азаматтық құқықтарды
қорғау ұранымен ашықтан-ашық батыл бас көтерді. Ол құқықтарды Кеңес Одағы
халықаралық құжаттар ретінде мойындап қабылдаған болатын немесе КСРО
заңнамаларына енгізілген еді. Сөйтіп, билеуші өкімет орындарының дөрекі озбырлығына
қарсы, азаматтардың құқығын аяққа басуға қарсы күрес күшейе түсті. Біз, неғұрлым
жасқаншақ болып, жүрегіміз шайлығып қалғандар, олардың қозғалысына қосылудан
қорықтық та, оны соншалықты мұқият қызығушылықпен сырттай бақылаумен болдық.
Әлі есімде, «самиздаттан жұп-жұқа папирос қағазына өте тығыз басылып, «Ағымдағы
оқиғалар хроникасы» деген атпен жүйелі түрде тұрақты таратылып тұратын басылымды
қолдан-қолға тигізбей оқитынбыз. Адам құқығының бұзылғаны туралы және қуғынға
ұшыраған нақты адамдар туралы деректерді жинастыру құқық қорғаушылардан нағыз
ерлерге тән күш-жігер жұмсауды талап етті және мұның өзі ұдайы орасан зор қауіп-қатер
төндірумен болатын. Аталмыш құжаттарды көбейтіп басу да өте қауіпті еді. Өйткені ол
құжаттарды таратқан немесе оқыған адам қолға түсіп қалса, қатаң қылмыстық
жауапкершілікке тартылатын.
Ол жылдары цензурадан өтпеген әдебиетті оқу рухани өміріміздегі маңызды мәселе
саналатын. «Самиздаттың» уақыты «тамиздаттың» (яғни шетелде шыққан әдебиеттің) да
уақыты болды. Адамдардың едәуір қалың тобы арасында, қандай қиын жағдайда болса да
астанада, шетелдерде басылып шыққан, ал бізде басуға цензура рұқсат етпейтін
шығармалар, әдебиеттер қолдан қолға жасырын түрде өтіп, жасырын түрде оқылатын. Біз
кейде ондай шығармаларды адамның ойына кіріп-шықпайтын құпия тәсілмен жіберілген
жағдайда алып оқитынбыз. Мысалы, бірде маған өзіме жақсы таныс ағылшын әйелі пошта
арқылы бандероль салып жіберіпті. Кендір жіппен буылған екі жалаң картонның арасында
жұмсақ мұқабалы бірнеше кішкентай кітапша бар екен. Бәрі де, тіпті буылған жіптің ұшы
да ап-айқын көрініп тұр. Шешіп қарасам, мен үшін ешқандай қажеті жоқ әлдебір романдар
болып шықты. Мұны маған неге жіберді екен деп, таң-тамаша қалдым. Солардың
арасынан Оруэллдің «1984 жыл» деген кітабы шыға келгенде бандерольдің құпия сырын
бір-ақ түсіндім. Оны арнайы орап жасырмапты, елеусіз етіп қоса салыпты. Сөйтіп, ол
бөгде көзге ілінбей маған жетіпті. Ал «Хайуанның хуторы» деген кітапқа байланысты
анекдот дерлік оқиға болды. Ол Ленинградтағы букинистік кітап дүкенінің
ауылшаруашылық әдебиеттері бөлімінің сөресінде тұрған көп кітаптың бірі сияқты ғана