Page 140 - ӘЛЕМДІК ТАРИХИ ОЙ 2

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
140
перспективамыз да өзгеріп шыға келеді. Тарихқа деген қызығушылық өзгелерді, біздің
ұрпағымызды толғандыратын мәселелерді өткен тарихқа назар аудармайынша шешуге
болмайды.
Менің де, менің құрдастарымның да естерімізде мынадай жағдай әлі күнге дейін сақталып
қалған. Бір кезде қоғамда тарихқа деген құмарлық қалған жоқ, өзіңді тарихшымын деп
таныстырудың өзі онша ыңғайлы тимейтін заман болды. Біздің кәсібімізге деген сенім де,
құрмет те қалмады, біздің кітаптарымыздың ілуде біреулері ғана оқылатын жағдайға
ұшырадық, кітаптарымыздың бағасы үсті-үстіне арзандатылып, тіпті ендігі жерде қажетсіз
деп танылып, лақтырып тасталып та жатты. Өте дұрыс жасалды: өйткені оларда бойға
қуат, ойға нәр беретін мәселелер болмады, олар адамдарды тебірентіп, толғандыра
алмады, оның үстіне, белгілі бір қабылданған шешім атаулы да болған жоқ... Ал қазір
жағдай мүлде басқаша, тарихқа деген қызығушылық орасан зор көлемде еселеп арта түсті.
Жұрт тарихшылардың кітаптарын сатып ала бастады, механика-математика
факультеттеріне қарағанда тарих факультетіне оқуға түсу де қиынырақ бола түсті. Сонда
бұл нені білдіреді? Және ол тарихшыға қандай міндеттер жүктейді? Тарихшылар әзірше
елеулі түрде жақтаған қоғамдық пікірді кездестіре қойған жоқ, тек өз орталарындағы
(бастықтарымен ғана!) дұрыс қарым-қатынасты қанағат тұтумен шектелді. Олардың
берген өнімдері көбінесе қалың оқырман қауымға елеулі түрде жете қойған жоқ. Мұның
өзі — ол еңбектердің кері байланысы бола алмай отыр деген сөз. Өйткені әзірше қоғамдық
пікір туған жоқ! Қазір тарих пәні бойынша ғылыми еңбек жазған автор өз оқырманын көз
алдына елестете алады — оның ондай оқырманы бар. Ал ол оқырман тарихшыдан әлдебір
тың Сөз күтеді (Ол, әрине, ондай сөзді философтан да, деректі шығарма жазатын
көсемсөзшіден де, кино және театр режиссерлерінен де күтеді, бірақ мен жазушылар
тарапынан тым сирек күте ме деп қауіптенемін). Қазір тарих ғылымы мен қоғамның оны
оқи алатын, ойлай білетін бөлігі арасында жаңа қарым-қатынастар орнап келе жатыр. Ал
ол қатынастар біздің беретін өнімдеріміздің сипаты мен бағытына өзінің игі ықпалын
тигізбей қала алмайды.
Мұны қалай болса солай қара дүрсін түсіне салмау керек. Мен бұл жерде тарихты әдейі өз
пайдасына жұмсай қалғысы келетін арзан қолды қулықты да, көңіл көтеру үшін оқылатын
«бестселлерлерді» де, ұраншыл үгітті де (мұның символы Е.Б.Черняк) айтып отырған
жоқпын. Ең маңызды нәрсе өзіміздің оқырмандарымыздың пайда болғанын сезіну және
осыдан белгілі бір қорытындылар шығару болып табылады. Бұл деректі мойындаудан
шығатын әрі өзі сұранып тұрған алғашқы қорытынды мынау: менің ойымша, біз өз
ғылымымыздың атқаруы тиіс қоғамдық қызметі қандай болуы керек, оның шын мәніндегі
міндеттері мен табиғи сипаты қандай болатынын неғұрлым тереңірек білуіміз қажет.
Тарихшының өзі зерттейтін дерек көздеріне қоятын сұрақтарын, сайып келгенде, оның өз
қоғамының өмірі, қазіргі мансап-мүдделері айқындап береді. Содан барып заманалар
арасындағы байланыс орнайтын перспектива пайда болады. Мен мұны диалог деп атаған
болар едім. Диалог болған соң оған бір ғана жақ емес, екі жақ қатысуы керек қой. Олай
болса, тарихшы өзі зерттейтін дәуірдің «сайрап қоя беруі» үшін өзінің күш-жігерін
мейілінше толық жұмсауға тиісті. Бірақ өлі тілдерді қалай сөйлетуге болады? Бір кезде ол
тілде сөйлеген адамдардың оған берген мән-мағынасының ең кемінде бір бөлігін қалай
қайтаруға болады? Егер сол дәуірге қалай болса солай емін-еркін еніп кетіп, оны
субъективті қабылдамай, байланыстың неғұрлым сенімді әрі жүйелі жолдарын таба
білсек, онда өте күрделі әдістемелік және эпистемологиялық проблемалардың тұтас бір
кешенін шешуге тура келер еді. Міне, тап осы жерде тарихқа лингвистика, семистика,
мәдени антропология және басқа да аралас пәндер (әдебиет тануды және өнер тануды
қоса) елеулі түрде көмектесе алған болар еді. Кейбір жағдайда тарих та белгілі жүйелері
бар ғылымға айнала алады.